Kyzylorda-news.kz Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде оң қарқын бар. Мәселен. өнеркәсіп өнімі – 7,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 46,9 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,7 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар – 30 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі – 46,2 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі – 3,9 пайызға және сауда көлемі – 2,9 пайызға артқан.
Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 340 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 7,3%-ға өсті және өңдеу өнеркәсібі де – 117 млрд. теңгені құрап 46,9%-ға өсті.
Ал биыл облысқа 133,4 млрд. теңге инвестиция тартылды (соның ішінде РБ – 8,6 млрд.теңге, МБ – 13,9 млрд.теңге, меншікті қаражат – 66,4 млрд.теңге, банктердің кредиттері – 27,4 млрд.теңге, басқа да қарыз қаражаты – 17,1 млрд.теңге), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық (2023 жылдың қаңтар-сәуірінде – 99,8 млрд.теңге).
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов баяндады.
Оның айтуынша құрылыс саласының да қарқыны жақсы. Осы жылдың қаңтар-сәуірінде құрылыс жұмыстарының көлемі 30 млрд. теңгені құраған (2023 жылдың қаңтар-сәуірінде – 19,5 млрд.теңге).
Сондай-ақ биыл облыста 816 тұрғын үй, оның ішінде 809 жеке және 6 көп пәтерлі үйлер пайдалануға берілді. Олардың жалпы ауданы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%–ға өсіп, 181 мыңнан астам шаршы метрді құрап отыр. Соның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы алаңы 93,7%-ға өсті. Ал, пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 4,0% азайды.
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі де артып келеді. Мысалы биылғы жылдың қаңтар-сәуірінде көрсеткіш 25,1 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға жоғары болды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы -100%, мал шаруашылығы - 101,8% пайызды көрсетуде. Сонымен қатар сауда көлемі 223,2 млрд. теңгеге жетті, өсім 2,9 пайыз. Бөлшек сауданың 2,4 пайызға, көтерме сауданың 3,8 пайызға артуымен байланысты өсімді құрады,- дейді департамент басшысы.
Биылғы жылдың қаңтар-наурызында Қызылорда облысының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара саудасы 25,0 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға азайды.
Осы елдермен экспорт – 14,9 млн. АҚШ доллары (3,4%-ға-өсті), импорт – 10,1 млн. АҚШ доллар(19,2%-ға-азайды) құрады. Ал аймақтың «Көлік және қоймалау» саласы бойынша нақты көлем индексі 95,6 млрд. теңгеге жетті, 2,7 пайызға кем. Төмендеу құбыр көлігімен тасымалдау есебінен.
Барлық көлік түрлерімен жүк тасымалдау көлемі – 2 пайызға, жолаушылар тасымалдау – 75,9 пайызға артты.
- Жалпы биылғы жылдың мамыр айын 2023 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда облыс бойынша тұтыну тауарлары мен қызметтерінің индексі 103 пайызды (ҚР-103,5 пайыз) құрады.
Азық-түлік тауарлары бағасы 2,7 пайызға (ҚР-2,7 пайыз), азық-түлік емес тауарлары–2,7 пайызға (ҚР-2,9 пайыз), ал ақылы қызметтері – 3,9 пайызға (ҚР-5,4 пайыз) жоғарылағаны байқалды,- дейді Қайрат Байғабылұлы.
Халық санына келер болсақ өңірдің халқы 2024 жылдың 1 мамырына 843,9 мың адамды құрады (2023 жылдың 1 мамырында 837,4 мың адам), оның ішінде қала халқы – 396,5 мың адамды немесе жалпы санның 47% (2023 жылдың 1 мамырында 393,1 мың адам немесе 46,9%), ал ауыл халқы – 447,3 мың адамды немесе 53% (2023 жылдың 1 мамырында 444,2 мың адам немесе 53,1%) құрады.
2021 жылғы халық санағының қорытынды мәліметтері бойынша облыстағы халық саны 814931 адам. Халықтың көші-қоны әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және сыртқы факторларға сәйкес өзгеріп тұрады. Көші қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2024 жылдың қаңтар-сәуірінде облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны – 11 798 адамды құрады.
- Халықтың табиғи қозғалысы АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, биылғы қаңтар-сәуірде облыста 6367 сәби дүниеге келген, ал 2023 жылғы қаңтар-сәуірде 6351 сәби келіп, 0,3% көбейген.
Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша Маңғыстау, Түркістан облысы және Шымкент қаласынан кейінгі төртінші орындамыз. Мәліметтерге сүйенсек облысымызда күніне орташа есеппен 50-55 сәби дүние есігін ашады. Айсайын 1550-1600 балаға дейін дүниеге келеді. Қызылорда облысы халқының табиғи қозғалысы есебі бойынша 2024 жылдың қаңтар-сәуірінде қайтыс болғандар саны 1500 адамды құраса, 2023 жылғы қаңтар-сәуірінде 1404 адамды құрап 6,8%-ға көбейгендігі байқалады,-дейді ол.
Айлық жалақы туралы деректердің көзі «Еңбек бойынша есеп» жалпымемлекеттік статистикалық байқау бойынша барлық ірі, орта, шағын экономикалық қызметтің барлық түрлерінің заңды тұлғалары мен (немесе) олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері ұсынған мәліметтерінен қалыптастырылады.
Кәсіпорындар бойынша 2024 жылғы 1 мамырында 10581 заңды тұлға тіркелді. Оның ішінде 8831 бірлік субъекті жұмыс жасап тұр. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3% азайып 67 мың бірлік құраған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері 12,1% төмендеді.
- Қазақстан Ресубликасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 12-2-бабына енгізілген өзгерістер туралы 2024 жылғы 8 маусымнан бастап «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 12-1,12-2-баптарына, яғни әкімшілік дереккөздер мен респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді, әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау қашықтан бақылау, мерзімдік және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесінде көрсетілген мерзім ішінде есеп уақтылы тапсырылмаса, профилактикалық бақылаусыз-ақ, респонденттер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке бірден тартылатын болады (ҚР ӘҚБК 497-бабының 2-бөлігі).Сондай-ақ бастапқы статистикалық деректердің дәйексіздігі анықталған жағдайда, респонденттерге статистикалық нысандарға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі. Бір жұмыс күні ішінде түзетулер енгізілген статистикалық нысан қайта ұсынылмаған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалады (ҚР ӘҚБК 497-бабының 1-бөлігі). Бұл шаралар бастапқы статистикалық деректердің дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 26 бабы 2-тармағына сәйкес «Мемлекеттік статистика органдары сапалы ресми статистикалық ақпаратты және статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарының Интернет-ресурстарына орналастыру арқылы пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз етеді». Статистикалық жұмыстар жоспары және Ресми статистикалық ақпаратты тарату графигімен көзделген барлық статистикалық ақпарат Бюроның www.stat.gov.kz Интернет-ресурсында ашық түрде орналастырылады,- дейді облыстық статистика департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов.