Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда олыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Комиссия отырысына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбараков және басқарманың тиісті мамандары қатысты.

Күн тәртібінде «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» № 63 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралды.

Аталған мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбараков хабарлама жасады.

Басқарма басшысының хабарламасынан кейін, бірқатар депутаттар аталған мәселеге қатысты сауалдарын қойды. Атап айтсақ, депутат Балжан Шәменова қалалық ауруханаға лапараскопия, облыстық көпбейінді аурухананың канализациясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жөндеу жұмысы басталған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына қаржы бөлу мәселесіне тоқталды.

– Қазіргі кезде медицина саласына көп көңіл бөліну қажет. Әсіресе, қалалық аурухана ғимараттары күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Ғимараттардың ішіне жаңа үлгіге сай етіп жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ, жұқпалы аурулар ауруханасына қаржы бөлу мәселесі де күн тәртібінде бар. Сол себепті осы сынды өзекті мәселелерді бірінші орынға қойып, тез арада қолға алу қажет, – деді комиссия төрағасы Б.Шәменова.

Депутат М.Нәлібаев сол жағалаудағы музей, облыс бойынша 10 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру, балабақшадағы аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін айтса, І.Тілеп Қызылқұм ауылдық округінде Жаңқожа бабаның кесенесінің бейітінің басынан скважина қазу, Қазалы ауданында жаңадан ашылған жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым салу үшін қаржы бөлу, Қазалы ауданында жұмыспен қамту әлеуметтік орталығын газға ауыстыру мәселесі, Сапақ елді мекенінде жаңа мектеп салу, Арал қаласында салынып жатқан «Жайлы мектептің» жанына жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, Қосжар ауылы көшесінің жолдарына асфальт жабындысын төсеу, «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыру үшін қаржы бөлу туралы сөз қозғады.

Ә.Шаймағамбетов полиция департаментін соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтау, Қызылорда қаласындағы Қ.Яссауи көшесі, Ә.Бөкейхан көшесін Әйтеке би көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу керектігін баяндады.

Мәслихат депутаты Б.Махашов құрылыстың барлық құжаттық-техникалық паспортын әзірлеуге қаржы бөлу, 8 су шаруашылық жобаларының техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау қажет екенін, Ж.Ысқақ Аққұм және Қауық ауылындағы электр желісінің мәселесі, Жаңақорған кентіндегі Саяжай-1 мөлтек ауданын су, газбен жабдықтау, тас жолдары, электрмен жабдықтау мәселесін мәлімдеді.

Н.Әмитов Қазалы ауданы бойынша 6 дәрігерлік амбулаторияны газға ауыстыру, Сырдария ауданы бойынша ескі бұрынғы туберкелезге қарсы диспансер ғимаратына паллиативті орталық ашу, сирек кездесетін дәрілер бойынша 381 науқасты жыл соңына дейін дәрі-дәрмекпен жүйелі түрде қамтамасыз ету, қалалық орталық емхананың 2 ғимаратына 2 дизельдік генератор қою креектігі туралы айтты.

А.Абибуллаева мектептерде сапалы білім беруді ұйымдастыру мақсатында мектептерді пәндік кабинеттермен қамту, жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру бойынша мектеп жанындағы лагерьлерге керует алуға қаржы бөлу мәселесін алға тартты.

С.Мұстафа Жалаңтөс Баһадүр атындағы колледжін білім беру стандартына сәйкестендіру үшін 7-11 сынып оқушыларын физика, биология, алғашқы әскерге дайындық кабинеттерімен жабдықтау, Қазалы ауданы олимпиадалық спорт мектебіне қосымша ғимаратты жалға алу үшін қаржы бөлу және т.б ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, бюджетті жоспарлаудағы өзекті мәселелер мен оның орындалу маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде басқарма басшысы Қ.Мүбараков комиссия мүшелерінің көтерген сауалдарына тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында толыққанды жауаптар берілетіндігін жеткізді.

Отырыс соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, шешім жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына ұсынылды.

Аружан Мырзалықызы

Тағы да оқыңыз: