Kyzylorda-news.kz. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

Министрлік дерегінше, барлық су тоғанынан елді тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше километр су жұмсалады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97%-ы 4 оңтүстік облысқа тиесілі. Бұл 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар, яғни ел бойынша барлық суармалы алаңның 80%-ын құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.

Жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев негізгі жұмыстарды тізбелеп, аймақтағы су ресурстарын үнемдеу бағытында биыл Үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд.теңгеге ұзындығы 1034 шақырым болатын 162 канал тазартылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 156 дана насос қондырғысын сатып алу, 52 ұңғыманы бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы (тамшылатып және жаңбырлатып) 565 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде. Оның ішінде 253 гектар көкөніс, 80 гектарға бақша, 28 гектарға картоп, 115 гектарға жаңа жоңышқа, 87 гектарға сүрлем жүгері, 2 гектарға қант қызылшасы дақылдары. Алдағы уақытта 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа және 3 мың гектарға тамшылатып суару арқыты томат егу жобаларын жүзеге асыратын боламыз», – деді облыс әкімі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі алдағы маусымдағы егістің өнімді болуына ғана емес, түптеп келгенде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтіп, сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз: