Kyzylorda-news.kz. Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.
Күн тәртібінде Қызылорда облыстық мәслихатының бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 12 мәселе қаралып, шешім қабылданды. Атап айтқанда, Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу, облыстық Қоғамдық кеңесінің қалыптастырылған құрамын бекіту, экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы және басқа да маңызды сұрақтар талқыланды.
Облыс әкімі өңірдің экономикалық көрсеткіштерін дамыту бағытында атқарылатын бірқатар мәселелерді атап, алдағы міндеттерге тоқталды.
Мемлекет Басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылғандай халықтың әл-ауқатын көтеру біздің стратегиялық мақсатымыз. Әрине, өңір тіршілігі проблемасыз болмайды. Қазірдің өзінде түйткілді мәселелердің бірқатарымен таныспын, саралайтын боламын. Оларды өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Бұл ретте, әрбір жұмсалған теңгенің тиімділігін, нәтижелілігін ұмытпауымыз керек.
Қазіргі дағдарыс жағдайында экономика салаларына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын біздің негізгі бағытымыз.
Мүмкіндігінше, күріш алқаптарын қысқартпауға тырысамыз. Өндіріс пен қызмет көрсетудің арасындағы жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдаланып, барынша өзіміздің тауар өндірушілерімізді қолдауымыз керек. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі де күн тәртібінде. Сонымен қатар алдағы уақытта көп қабатты тұрғын үйлер салуға республикалық бюджеттен көптеп қаржы тартатын боламыз. Менің алға қойған міндеттерімнің барлығы әзірленіп жатқан Қызылорда облысы әкімінің Іс-қимыл жоспарында қамтылатын болады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Отырыста бірқатар депутаттар өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.