Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қайта жаңғыртудан өткен аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қызылорда» автожолына барды.
Мердігер мекеме «УАД» ЖШС 8,4 шақырымдық жолды төрт жолақты, көлік жүретін бөлігінің енін 14 метр етіп салды. Құрылысты жоспарға сәйкес 6 айда бітірді. Жоба бойынша қиыршық тас-мастикалық асфальт қабаты төселді.
Құрылыс алаңындағы техникалық қадағалаушы «Қызылорда Нұр Строй Инжиниринг», авторлық қадағалаушы «Блеск Мастер» серіктестіктері.
Облыс әкімі жұмысқа қойылатын басты талап сапа екенін айтып, кемшілік орын алған жағдайда мердігер мекеме жауапты болатынын еске салды.
Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 3580,5 шақырым, оның 1014,5 шақырымының республикалық, 555 шақырымының облыстық, 2011 шақырымының аудандық маңызы бар.
Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, 603 шақырым автомобиль жолдары, елді мекен көшелері, көпір өткелдері салынды, қайта жаңғыртылды, жөнделді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткіші 82 %-ға жеткізілді.
Осы жылы 300 шақырымнан астам жол, көшелер және көпір өткелдері жөнделуде. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар көрсеткішін 87,5 %-ға жеткізу көзделген.