Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы құрылыстың қарқынын қазір ел-жұрт жақсы біледі.  Мемлекеттік тұрғын үйлерден бөлек, жеке мақсаттағы құрылыстардан көз сүрінеді.  Құрылыс саласында жұмыс істеп, бірнеше зәулім ғимараттардың салынуына түрткі болған қызылордалық Жасұлан Абилов 2019 жылдан бастап сұйық травертин өндірісімен айналысуда. Ал 2021 жылы цехтың жұмысын кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2 пайыздық несиелендіру бойынша 10 млн теңге қаражат алды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады. 

«Қазіргі уақытта жылу панелін көп шығарып жатырмыз. Осыған сұраныс өте көп. Жеке сектордың тапсырыстарын жиі орындаймыз. Өйткені қазір барлығы десек те болады, үйдің сыртын осы жылу панелімен қаптайды. Бағасы қалтаға қонымды әрі үй де жылы болады. Содан соң сұйық травертин шығарамыз. Мұны өндіру технологиясын Қырғызстаннан үйреніп келдік. Жаз мезгілінде жұмыс өте қауырт болады. Алған несиенің қаражатына пескоблок, полистиролбетон шығаратын жабдықтарын Ресей мемлекетінен алдырттым», – деді Жасұлан Абилов.

«Абилов» ЖК құрылыс жабдықтарымен облыс көлемін қамтып отыр. Сұранысқа орай тұтынушыларға дер кезінде жеткізіліп тұрады.

Бұл өндіріс орнында сұйық травертиннің көмегімен текстураның түр түрі дайындалады. Нәтижесінде салынып жатқан нысанның интерьеріне, сыртқы көрінісіне әдемілік береді. Көптің талабын ескере отырып, сапалы өнім шығаруда мамандардың біліктіліктері де жоғары болғаны ләзім. Осы бағытта кәсіпкер мамандарды Қырғызстан еліне және Алматы қаласына тәжірибе жинақтауға жіберетінін жеткізді.

Кәсіпкер шикізатты жергілікті өндірушілерден де, көрші аймақтардан да сатып алады. Мысалы, Цемент Шиеліден, көбіктен және құрылыс материалдарын өндіруге қажетті химиялық компоненттерді – Алматы мен Шымкенттен сатып алады.

Құрылыс маусымының ортасында кәсіпорында шамамен 15 адам жұмыс істейді. Қысқы кезеңде жұмыс, әдетте, тоқтатылады, тек бірнеше адам шағын тапсырыстарды орындайды. Өндіріс процесі автоматтандырылған. Мұнда тапсырыс берушінің қажеттіліктері мен тілектеріне негізделген құрылыс материалдары мен панельдік декор шығарылады.

Өндіріс қуаты артып келеді. Мұнда күніне 50 шелек сұйық травертин (сәндік сылақ), бір мың құм блоктары, 50 шаршы метрге дейін төсеніштер, жылу панельдері, күніне 500 кірпіш шығарылады.

315088755_1306421563452371_4480538986797035345_n.jpg

314901093_1306421576785703_1606024363814455061_n.jpg

Тағы да оқыңыз: