Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен «Индустриалды даму» бағытында партиялық тыңдау өтті. Аталмыш бағдарлама аясында Қызылорда, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.

Қармақшы ауданында бағдарламаның бірінші бесжылдығында «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» жобасы жүзеге асқан. Аталмыш жоба 2013 жылы пайдалануға берілген. Орталықтың жылына 1500 туристті қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында «Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын ашу» жобасы іске асырылуда.

«І және ІІ бесжылдықтарда индустрияландыру картасына ауданнан 1 жобадан енгізілген, көрсеткіш төмен. Сонда 10 жылда екі ғана жоба. Биылғы жылдың басында «Дорстрой» серіктестігі «Қорқыт ата» кешенін жеке кәсіпкерге жалға берген. Бұл кәсіпорында жоспарға сәйкес 15 жұмыс орны құрылу керек болса, қазіргі таңда кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес 3 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, екінші жоба бойынша кәсіпорынның 6 жыл бұрын ашылғанын, жобалық қауаттылықты игергенін ескере отырып, қалған жұмыс орнының ашылуын бақылауға алыңыз»,- деп нақты тапсырма берді аймақ басшысы.

Шиелідегі индустрияландыру бағытындағы атқарылған жұмыстар турасында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы баяндама жасады. Бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында картаға 2 жоба енгізілген. ЖК «Палжанов» – кірпіш өндірісі, 2012 жылы іске қосылған, кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. Ал, екінші жоба «Алтын бала-08» ЖШС – қамыс тақтайлар өндірісі. Құрылтайшылар арасындағы дау дамайға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылып, өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен индустрияландыру картасынан шығарылған. Бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында ауданда құны 149,2 млрд.теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

«Неліктен бағдарлама аясында екі ғана жоба мақұлданған, басқа жобалар неге ұзақ қаралуда? Жеңіл және жиһаз өнеркәсіптері саласында мүлдем жоба қамтылмаған. Биыл 9 айдың қорытындысымен ауданда жеңіл өнеркәсібі саласында төмендеу байқалған. Осы кемшілікті жою үшін неге бағдарлама аясында жеңіл өнеркәсіп жобаларының қаржыландырылуы қамтамасыз етілмеген? Аудан әкімі бұл мәселені басты назарға алуыңызды тапсырамын»,- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Жаңақорған ауданы бойынша бірінші бесжылдықта картаға 2 жоба енгізілген.Біріншісі «СКЗ-U» ЖШС – күкірт қышқылы зауыты. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Екінші «Тату Агро» ШҚ – томат шығару, топырақтың құнарлы болмауына байланысты биылғы жылы қызанақ дақылы егілмей, бүгінде 80 га жерге жүгері егілген.

Ал, екінші бесжылдығы аясында 4 жоба жүзеге асырылуда. Олар «Премиум Класс-Строй» ЖШС-нің әк шығару зауыты, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-нің Томат пастасын шығару зауыты.Сонымен қатар, республикалық индустрияландыру картасы аясында «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында қуаттылығы жылына 4 млн. тонналық кен байыту комбинаты», «Казахстанская Евразийская Логистическая Сервисная Компания» ЖШС-нің «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі кешен құрылысы» жобалар жүзеге асырылуда.

Аймақ басшысы ««Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бірде-бір жоба мақұлданбағанын айтып, тиісті жұмыстарды дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды. Жыл аяқталуына аз уақыт қалса да, әлі бірде бір жобаның өтінімі мақұлданбаған, қаржыландырылуы ұзақ уақыт шешілетінін білесіздер. Ауданға бекітілген меже – 2 млрд. теңгені қалай игересіздер? Ауданда үстіміздегі жылдың 9 ай қорытындысымен жеңіл өнеркәсібі 1,3%-ға және құрылыс саласы 42,1%-ға төмендеген. Аталған сала аясындағы жобалармен жұмыс күшейтілуі қажет» деп,- тапсырма берді өңір басшысы.

Қызылорда қаласы бойынша индустриаландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында 4 жоба ал, екінші бес жылдығында 10 жоба жүзеге асырылуда.
Қала әкімі Н.Нәлібаев бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы айтты.

Жүзеге асырылуы тиіс жобалар белгіленген мерзімінде іске қосылуы тиіс. Ал нәтижесіз жобалардың жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болады.

«Индустриялық аймақта орналастырылған жобалардың уақытында іске қосылуын қамтамасыз етіп, мүлдем жұмыс жүргізілмеген жобалардың жер телімдерін тиісті облыстық басқармалармен мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын ұйымдастыру» қажет деді аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов.

Тағы да оқыңыз: