Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік кірістер органының құрылғанына биыл 10 жыл толды. Қазір аталған мекеме халықтың әлеуметтік дамуы мен мемлекеттік эконмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Ел бюжетін еселеуге үлес қосып отырған Арал ауданы бойынша Мемлекеттік салық инспекциясы болып 1990 жылы құрылған. Ол кезде Арал аудандық қаржы бөліміне қарасты Мемлекеттік кірістер бөлімінің 12 қызметкері еңбек етті.
1991 жылдың 9 шілдесінде «Мемлекеттік салық қызметін құру» туралы Жарлықпен, тәуелсіз еліміз бойынша дербес салық жүйесі қалыптасты. Бұл кезде Арал аудандық салық органының құрамында 25 қызметкер жұмыс істеді.
Араға он жыл салып, 2001 жылы «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер» туралы заң қабылданды. Қазақстан Республикасының Салық қызметінің даму стратегиясы бекітіліп, алға қойылған мақсаттар мен оларға жету жолдары айқындалған еді. Құрылымдық өзгерістерге байланысты салық инспекциясы кейіннен салық комитеті, одан кейін Арал ауданы бойынша салық басқармасы болып өзгерді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа реформалар негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамызындағы қаулысына сәйкес, Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы болып қайта құрылды.
Арал ауданында 1990 жылы салық инспекциясы құрылған кезде аудандық инспекцияның тізгінін Мұратбек Ерімбетов алып, 1996 жылға дейін басқарған. Ал 1997-1999 жылдарда Аралбек Қанатов, 1999-2007 жылдарда Совет Бабанаев, 2007-2010 жылдарда Фердауси Қожабергенов Әбілқасымұлы, 2010-2015 жылдарда Бектас Нуридинов, 2016-2020 жылдарда Бақыт Дүйсенов, 2020-2023 жылдарда Ербол Садыков басшылық жасады. Қазіргі таңда 2023 жылдың 1 маусымынан бастап Еркебұлан Әбдікеров басқарып отыр.
Еркебұлан Өмірсерікұлы басқаратын Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бүгінгі ұжымы 13 негізгі қызметкерден тұрады. Басқарма «Салық төлеушілермен жұмыс», «Құқықтық жұмыс және өндіріп алу», «Салықтық бақылау және есепке алу, талдау» сынды 3 бөлімнен құрылған.
Аудан экономикасын дамытудың ең маңызды шарасы бюджеттің кіріс көздерін ұлғайту болып табылады. Ауданның ерекшелігі жер астынан өндіретін пайдалы қазбалардың, яғни табиғи ресурстардың ас тұзы, кварц құмының, жер асты суларының болуы және оларды тиімді пайдаланып өндіріс орындарының бой көтеруі саланың қарқынды жұмыс істеуіне септігін тигізуде.
Былтыр аудан аймағында пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын «Аралтұз» АҚ-ы 515 817 тонна ас тұзын, ал «Латон Маркет» ЖШС-гі 4 397 395 тонна кварц құмын өндіргендігін баса айтқымыз келеді. Сонымен қатар соңғы жылдар ауданда кәсіпкерлікке ден қойғандардың да қатары артуда.
Жергілікті бюджеттің негізі заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің және жеке тұлғалардың табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік, жер, көлік құралдары салықтары мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден тұратындығын ескерсек, халық қазынасын молайту бағытында Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының тындырымды атқарған жұмыстарының нәтижесінде ауданның жергілікті бюджет түсімі жыл сайын артып отыр.
Мерейлі мереке қарасаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті.
Аудан әкімі мәжілісте салық түсімдерін молайту арқылы ел қазынасын еселеуде табысты еңбек етіп келе жатқан сала мамандарын мерекемен құттықтап, мемлекеттік органның құрылу кезеңіне тоқталып өтті.
– Қай мемлекет болсын оның экономикалық әлеуеті мемлекеттік салық жүйесімен тығыз байланысты. Осыдан 10 жыл уақыт бұрын саладағы өзгеріс үлкен мемлекеттік органның құрылуына сеп болған еді. Яғни, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Кедендік бақылау комитеті біріктіріліп, Мемлекеттік кірістер комитеті болып құрылды. Міне, содан бері саладағы құрылым салықтық бақылауды ұйымдастыру жолдарын тұрақты түрде дамытып, әрқашан жаңа әдістермен түрлендіру арқылы ел қазынасын еселеп келеді, – деді аудан әкімі.
Бүгінде саладағы оң нәтижелер айқын сезіледі. Осы жылға аудан бюджетінің өз кірістерінің көлемі 3,3 млрд теңге болса, оның ішінде дербес бюджет 527,5 млн теңге болып бекітілген. Өткен жылмен салыстырғанда жоспар 115 млн теңгеге артық. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бұған ең алдымен халықтың әлеуметтік дамуы сеп болса, аудан қазынасының ұлғаюына салық қызметкерлерінің де қосып келе жатқан үлесі зор.
Аудан әкімі жиында сала қызметкерлерінің еңбегі ескерусіз қалмайтынын айтып, мереке қарсаңында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Әсербек Жұбандықовқа Облыс әкімінің «Алғысы хатын» табысталғандығын атап өтті. Сондай-ақ 23 жылдың еңбек өтілі бар Базаркүл Сәсенбаеваға «Мемлекеттік кірістер органының үздігі», саналы ғұмырының 20 жылын саланың дамуына арнаған Райкүл Қосбаулина мен 15 жыл салық саласында табанды еңбек еткен Ербол Садықов «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек табысты еңбек еткен бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғысына ие болса, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров кірістер саласындағы оң өзгерістер мен қол жетікізілген нәтижелерге тоқталып, әріптестеріне департамент басшысының «Құрмет грамотасын» табыстады.
Жиын соңында құрметке бөленген ардагерлер өздерінің ақжарма тілектерін жеткізіп, сала мамандарының алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мемлекеттік кірістер әр салық төлеушіні адалдыққа шақырады. Ал осы мерейлі 10 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жылдарға жаңа мақсат пен жоспарларды жолға қоюға септігін тигізбек.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
Фото: ашық көздерден