Kyzylorda-news.kz   Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен Қазалы ауданындағы санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты аппарат мәжілісі өтті.

Жиынға, Қазалы ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен барлық дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілісте, алдымен орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды. Бұл бойынша Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп хабарлама жасап, хаттамалық тапсырмаларды өз деңгейінде орындамаған бөлімдер мен ауылдық округтерді атап көрсетті.

– Мен мәжіліс сайын тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігін үнемі айтып келемін. Дегенмен, орындаушылық тәртіпке қатысты бірқатар мәселе бар. Кейбір әкімдер мен бөлім басшылары тарапынан немқұрайлық байқалады. Осыған сәйкес, бөлім басшыларына, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді Қазалы ауданының басшысы.

Сондай-ақ, аппарат басшына әрбір берілген тапсырманың өз деңгейінде орындалуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Мұнан соң, Қазалы ауданы бойынша санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары мәселесі қозғалды. Бұл бойынша, Қазалы ауданы әкімі Әйтеке би кентінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында бөлінген жеті аймақ бойынша әлі де қалпына келтірілмеген кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларды қатаң сынға алды.

– Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті – ауданымыздың айнасы, оның айналасын үнемі таза ұстап отыру – баршамызға ортақ іс. Тазалық – әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан, әрбір тұрғын өз ауласынан бастап таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Біз көшелерді қанша сәндеп-жөндегенмен, көше бойындағы қоқыстар пен үйлердің қоршауы жөнделіп, сырланбаса мұның бәрі бекер екені белгілі, – деген Қазалы ауданының басшысы барлық мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері сенбі күнін күтіп отырмай, тазалық жұмыстарын үнемі жүргізулері қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовқа белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұрғындарға заңдылыққа сәйкес шара көріп, бұл бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейтуді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: