«Криптовалюта» термині  1989 жылы американдық компьютер ғалымы Дэвид Ли Чаум цифрлық ақшаны ойлап тапқан кезде пайда болды. Ол транзакцияларды қорғау және растау үшін криптографияны қолданды. Тек 1990 жылдардың басында криптографиялық әдістер мен бағдарламалық жасақтама сәтті дамыды. Бұл толығымен орталықтандырылмаған электронды валютаны құруға мүмкіндік берді. Аталған ұғымды көп естісек те, астарына үңіліп жатпаймыз. Қызылордалық жастар да бұл саланың жаңалықтарынан қалыс қалмай, крипто бағытты бағындыруда. 

– Қазақстанда криптовалюта саласы әзірге қатты дамымаған, десе де оның жұмысын жүргізетін ең ірі биржалардың бірі Binance Қазақстанда лицензиясын алды. Сондықтан Қазақстан азаматтарына заңды түрде криптовалютаны қолдануға болады. Алайда көптеген қызмет көрсететін орталықтарда криптовалютамен төлем жасауға мүмкіндік жоқ. 

Криптовалютаны қолданатын басқа мемлекеттер онлайн төлем жасай алады және инвестиция құралы ретінде пайдаланады. Ол виртуалды валюта болғандықтан, қолдану және сақтау өте тиімді. Дегенмен кез келген активты сатып алудың өзіндік қауіпі бар.  Биткоинды сатып алғанмен, кейін оның болашағы сіздің активыңызға кері әсері етуі мүмкін. Менің пікірімше, биткоин сатып алу қауіпті емес, тек сатып алатын нүктені дұрыс таба білу керек. 

Web 3.0 қазір қарқынды дамуда, басқа мемлекет өкілдерімен де жұмыс істеу крипто арқылы тиімді бола бастады. Сол себепті криптовалютаны басқару тиімді. Криптовалютаның түрлері өте көп және көбі эко-системаға өз пайдасын тигізеді. Криптовалюта арқылы NFT секілді активтерді сатып алуға болады. Криптовалюта өзара алмаса алатын токен болғандықтан, басқа да токендерді криптовалютаға сатып алуға болады, – дейді қызылордалық экономист Бекболат Сұлтан. 

Көпшіліктің пікірінше криптовалюта жай мемлекеттің валюта бағамымен есептелінетін ақша, алайда ол онлайн платформадағы ешқандай мемлекеттің валютасына жатпайтын биткойндардан тұрады. 10 жыл бұрын 1 биткоинның Қазақстандағы бағасы – 62 мың теңге болса, бүгінде 27 631 172 теңгеге дейін өсті. Мақаламызда виртуалды валютаның мәніне үңіліп көрдік. 

Криптовалюта – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңа бірліктердің құрылуын бақылау үшін криптографияны қолданатын сандық немесе виртуалды валюталар. Олар Blockchain технологиясы негізінде жұмыс істейді және интернетте анонимді, қауіпсіз транзакцияларды қамтамасыз етеді. Оның айырмашылығы – криптовалютаның өзіндік шегі бар. Яғни шекті бір санды мақсат етсеңіз, кейін жоспарланған бағадан асып кету мүмкіндігі болмайды. Криптовалюта – тауар және ақша. 

Криптовалютаның ерекшелігі – олардың орталықтандырылмаған табиғаты. Орталық банктер мен үкіметтер бақылайтын теңге, доллар, еуро, сияқты дәстүрлі валюталардан айырмашылығы, криптовалюталар желінің әрбір мүшесіне жалпыға қолжетімді транзакциялар тізілімінің көшірмесін алуға мүмкіндік береді.

Оның айырмашылығы – криптовалютаның өзіндік шегі бар. Яғни шекті бір бағаны мақсат етсеңіз, кейін жоспарланған бағадан асып кету мүмкіндігі болмайды. Криптовалюталар, сонымен қатар, банк жүйелері мен олардың комиссияларын айналып өтіп, жылдам және арзан халықаралық транзакцияларға мүмкіндік береді. 

Десек те цифрлық валютаның да өзіндік кемшіліктері бар. Мәселен, валютаның жоғары деңгейдегі құбылмалылығы, яғни тұрақсыздықтың әсерінен криптовалюта бағасы өзгеруі мүмкін. Бұл олардың айырбастау және сақтау құралы ретіндегі құнын төмендетеді. Криптовалюта орталық банктерге бағынышты болмағандықтан, оларды пайдалану тұтынушылардың жеткіліксіз қорғалуына және алаяқтықтың орын алуына әкелуі мүмкін. Атап өтетін маңызды кемшіліктің бірі – криптовалюталарды заңсыз, яғни  терроризмді қаржыландыру және басқа да жасырын мақсаттарда пайдалану мүмкіндігі бар. Цифрлық валютаның техникалық осалдығын да есте сақтаған жөн. Себебі оның салдары биржалар мен әмияндарды бұзуға, құпия сөзі ұмытылған әмиянға кіруден шектеп, қолжетімсіз етуі хақ. Сонымен қатар оның экологиялық та әсері бар. Кейбір криптовалюталар, әсіресе Proof-of-work тау-кен алгоритмдерін қолданатындар, қоршаған ортаға әсер ететін үлкен көлемдегі энергияны тұтынады. Мұндай қорғаныс мәселелері сіздің жеке мәліметтеріңіз бен валюталарыңыздың қауіпсіздігін сақтамауы мүмкін. Бұл ескеретін жайт. Инвесторлар әрбір шешімді тиянақты қабылдауы тиіс, эмоцияның әсерімен «ақша табу керек» деген асығыс ойдан аулақ болу маңызды. Сол себепті алаяқтықтың құрбаны болмау үшін лицензияланған криптокомпаниялармен, криптобиржалармен байланысқан жөн.

– Есте сақтауға тиісті маңызды дүние: қысқа мерзімді пайда немесе ұзақ мерзімді жинақтау болсын, нақты және шынайы инвестициялық мақсаттар қою керек екенін ұмытпаңыз. Жылдам пайдаға ұмтылудан, нарықтық толқудың әсерінен эмоционалды әрекет етуден абзал болу маңызды. Тәртіпті және салмақты тәсіл сізге инвестициялық стратегияны құруға, жақсы басқаруға және тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, – деп кеңес берді BigONE криптовалюта бизнесін дамыту жөніндегі вице-президенті Афина Миао. 

Криптовалютаның кемшіліктерінен бөлек айрықша пайдалы тұстары да көп. Цифрлық валютаны мемлекеттік банктер бақылауда ұстай алмайды. Мәселен, заңды түрде сіз некеңізді бұзғыңыз келсе, өз мүлкіңіздің белгілі бөлігін беруге тиісті боласыз. Алайда криптовалюта заңмен қудаланбайды және оны ешкіммен бөлісуге міндетті болмайсыз. Криптовалюталар – банк жүйелері мен олардың комиссияларын айналып өтіп, жылдам және арзан халықаралық транзакцияларға мүмкіндік береді. Яғни, дәстүрлі банктік аударымдармен салыстырғанда, криптовалюта операциялары төмен комиссиялармен және қысқа мерзімде жүзеге асырылуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ ол транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін сақтай отыра, манипуляциялар мен цензураға төзімді болады. Анығырақ айтсақ, әрбір криптовалюта шифрланған, оны ұрлау немесе өзге де астыртын әрекеттерді жүзеге асыру мүмкін болмайды. Тіпті, 1 криптовалютаны бұзу үшін мың жыл уақыт керек деседі. 

Blockchain – көптеген криптовалюталарға негізделген технология, барлық транзакциялар туралы деректердің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Кейбір криптовалюталар инвесторларға жылдам өсуі мен құбылмалылығының арқасында жоғары табыс әлеуетін ұсынады. Соның арқасында инвестиция құюға мүмкіндік алады. Сонымен қатар криптовалюта және blockchain – технология, логистика және медицина сияқты әртүрлі салалардағы инновацияларды ынталандырады. Жаңа жобалар мен технологиялар үнемі пайда болып, криптовалютаны қолданудың жаңа тәсілдерін ұсынады. Инновациялық мүмкіндіктер сіздің крипто-қаржы қорыңыздың қомақты болуына үлес қосады. 

Криптовалюта және Blockchain технологиясын дамытуға және ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосқан бірнеше табысты тұлға бар. Мәселен, Сатоси Накамото. Ол – биткоинді жасаушы, бірақ оның шынайы тұлғасы әлі күнге дейін құпия.

Виталик Бутерин – «Ethereum» ақылды келісімшарт платформасы және орталықтандырылмаған қосымшалар негізін қалаушы. 

Чарли Ли – ең танымал балама криптовалюталардың бірі Litecoin-ді жасаушы. 

Санпин Джао (CZ) –  CEO Binance, әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірінің негізін қалаушы. 

Джозеф Любин – CEO Chainlink, блокчейндегі сыртқы деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ақылды келісімшарт платформасын ойлап тапқан. 

Кавин Вуд – «Ethereum» негізін қалаушылардың бірі және әртүрлі блокчейн желілері арасындағы интероперабельділік платформасы «Polka dot»-ты  құрушы.

Қазір ең ірі агрегаторларының бірі – CoinGecko мәліметтері бойынша, 2024 жылдың басында әлемде цифрлық активтерді айырбастау және саудалау үшін 1500-ден астам алаң жұмыс істейді. Әлемдегі кейбір мемлекеттерде криптовалютаны қолдануға, онымен саудаласуға рұқсат берілген. Қазақстанда да ресми түрде майнингпен айналысуға болады, алайда елде криптовалютаның еркін айналымы бар деп айтуға болмайды. Елімізде  криптовалюта даулы құқықтық мәртебеге ие, өйткені оны өндіруге болғанымен, қаржылық операциялар жүргізуге болмайды.

Қорытынды. Әлемде криптовалюта инвесторлар мен әртүрлі сала өкілдерінің қызығушылығының арқасында дамып келеді. Кейбір елдер криптовалютаны белсенді қолдап, қаржы, логистика, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі салаларға блокчейн технологияларын енгізеді. Басқа елдерде криптовалюталар дәстүрлі қаржы институттарына кедергі келтіріп, қарсылығына тап болып жатады. Бірақ соған қарамастан крипто сала дами бермек.

 

Қорлан САРЫ
Фото: zazdorovie.net

Тағы да оқыңыз: