Kyzylorda-news.kz. Тау-кен және металлургия өнеркәсібінде «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарын игеру жобалары өңір экономикасының дамуына ықпал етпек.
«Шалқия» кен орны Жаңақорғаннан солтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан. Оңтүстікке қарай 4 шақырым кеңес заманында кеншілер отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін салынған «Шалқия» елді мекені бар. «Қызылорда-Шымкент» магистральдық жолына іргелес битуммен қапталған жол салынды. Жол және теміржол арқылы Жаңақорғаннан Кентау қаласындағы байыту фабрикасына, сондай-ақ, Шымкент арқылы Өзбекстан мен Қытайға және Қызылорда арқылы Ресейге көлік байланысы қамтамасыз етіледі.
Кен орнының ұзындығы 27 шақырым жеке темір жолы, 16 шақырым жеке электр желілері, әрқайсысы 40 МВт-дан 2 трансформаторы бар жеке қосалқы станциясы, суы, дамыған жерасты инфрақұрылымы бар.
«Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша жаңа стратегия әзірленген. Стратегияға сәйкес, қазіргі уақытта жобаның тау-кен бөлігі мен жерүсті кешендері бойынша түзетулер енгізілген. Бүгінде жерасты кенішінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Фабрика іске қосылғанда, жаңадан тағы бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның 2025 жылы жылына 2 млн тонна кен өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі 2026 жылдан бастап қуатын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.
Тау-кен металлургия саласындағы екінші жоба – «Баласауысқандық» кен орнын игеру. Ол 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылып жатыр. 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. «Баласауысқандық» ванадий кенішінен өткен жылы ең кемі 357,9 тонна аммоний метаванадаты Ұлыбританияға, 57,4 тонна ферромолибден Ресейге экспортталған.
Өңірдегі өндіруші сектор облыстың барлық өнеркәсібінің шамамен 90%-ын құрайды. Мұнай мен оның өнімдерінің үлкен көлемі экспортқа таза күйінде жіберіледі. Қызылорда облысындағы мұнай кен орындарының үлесі ел бойынша дәлелденген және алынатын мұнай қорының жалпы көлемінің 5%-ын құрайды. Ең ірі кен орындарына «Ақшабұлақ», «Құмкөл», «Қоныс» және «Солтүстік-батыс Қызылқия» жатады.
Қазіргі уақытта облыста 59 мұнай-газ кен орнын игеретін 11 мұнай-газ өндіруші компания тіркелген (Қазақстандағы кен орындарының жалпы санының 6%-ы). Өңірде 21 мұнай-сервис компаниясы бар.
Ал металл кендерін өндірумен 4 кәсіпорын айналысады. Тау-кен өнеркәсібінде 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы облыста қазіргі кезде жер қойнауын пайдаланушылар саны 58-ге жеткен.
Перспективалы кен орындары – «Қарамұрын кен алаңы» (алтынның алдын ала қоры – 1900 кг), «Ақжар кен алаңы» (мыстың алдын ала қоры – 700 мың тонна, элементтер: алтын, күміс, мышьяк, қорғасын, мырыш, кобальт, никель), «Дарбазинское» (мыстың алдын ала қоры – 1 млн тонна), «Баласауысқандық» ванадий кен орны.
Қазіргі таңда тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 28 кәсіпорын жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда, мұнай өндірумен 11 компания, уран өндірумен 4 компания және қалған компаниялар қатты пайдалы қазбаларды (темір, қорғасын, ванадий, түрлі-түсті металдар) және кең таралған пайдалы қазбаларды (тұз, әк, кварц құмы, доломит, саздақ, құрылыс құмдары) өндірумен айналысады. Бұл салада 8500 адам жұмыс істеп жүр.
«Karatau Mining» ЖШС біздің облыста Байжарка алаңында мыс, алтын және ілеспе компоненттер кен орнын игеруде. Онда мыс, алтын және ілеспе компоненттерді барлауға келісім-шарт жасалған. Аталған келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы «Karatau Mining» ЖШС бірлескен кәсіпорнына берілген.