Kyzylorda-news.kz Өткен жылы Қызылорда қаласында негізгі көшелерді кеңейту жұмыстары қолға алынған болатын. Оның ішінде Бейбарыс сұлтан көшесін 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтілген еді. Бұл бағыттағы жұмыстар биылда жалғасын таппақ.
Бүгінгі таңда, жоба құны 3 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 2,9 шақырым болатын Қожа Ахмет Яссауи көшесін (Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін) қайта жаңғырту басталмақ. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 951,4 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар құны 434,4 миллион теңгені құрайтын ұзындығы 2 шақырым болатын Е.Көшербаев көшесін (С.Бейбарыс көшесінен бастап Ә.Бөкейхан көшесіне дейін) қайта жаңғырту үшін 2024 жылға республикалық бюджеттен 136 миллион теңге бөлінген. Аталған екі көшені қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен жалпы көлемі 1 миллиард теңге қаралып отыр.
Бұдан бөлек, ұзындығы 3,3 шақырым болатын Жаппасбай батыр көшесі де қайта жаңғыртылмақ. Қаржы көлемі 2,8 миллиард теңгені құрайтын жобаның жлоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына жіберілген.
Сонымен қатар, биыл жүзеге асатын жобалардың ішінде ұзындығы 7 шақырым, жоба құны 2,8 миллиард теңге болатын Тәуелсіздік даңғылы, ұзындығы 13 шақырым болатын жаңа әуежай терминалына баратын және ұзындығы 9,8 шақырым болатын, құны 7 миллиард теңгені құрайтын «Қызылорда - Құмкөл» автомобиль жолын көлік жолайрығынан бастап Құмкөл кіре-беріс жолына дейін қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланған.
Сондай-ақ биылғы жоспарда қалада жаңа жол салу жайы да қаралған. Н.Назарбаев даңғылынан («Сыр самалы» мейрамханасы) Тәуелсіздік даңғылына дейін жол салуға республикалық бюджеттен 200 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Ал жобаның жалпы құны – 570,7 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарына мердігер «Қыран» ЖШС мекемесі жауапты.
Қала аумағындағы бірқатар көшелерді жөндеу жұмыстары да биыл жүзеге асады. Оның ішінде ұзындығы 46,1 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұған жалпы сомасы 4,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген 137,4 миллион теңгеге ұзындығы 3,9 шақырым болатын
15 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарына жүргізілмек.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Мердігер «Ақнұр Авто» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізбек.
Қызылорда қаласындағы инфрақұрылымды жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында да біршама тірлік жасалмақ. Мәселен, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың жоспары бекітілген.
Аталған бағдарлама аясында биыл барлығы 16 жобаға жалпы сомасы 1 миллиард 234 миллион теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 647 миллион теңге, облыстық бюджеттен – 587 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар Қызылжарма ауылдық округіндегі 5 көшені күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 587 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда ауылдық округтердегі 16 жобаның
мердігер мекемесі анықталған. Бүгінгі таңда Қызылжарма ауылдық округі бойынша – 3 жоба, Қызылөзек ауылдық округі бойынша– 2 жобаның жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек жобаларды аяқтау үшін республикалық бюджетке
4,6 милилард теңгеге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 587 миллион теңге бюджеттік өтінім ұсынылған.
Фото: Нұрболат Нұржаубай