Kyzylorda-news.kz. Инвестициялық жобалар жергілікті тұрғындардың әлеуетін көтеріп, экономиканың тұрақты дамуына, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін береді. «Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру» картасы аясында Қызылорда қаласы бойынша «Бірыңғай индустрияландыру картасына» енгізілген жалпы құны 68,2 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылуда. Оның бүгінгі күнге 3 жобасы іске қосылып, жұмыс жасауда. Мамандар бұл жобалар жүзеге асса 824 жұмыс орны ашылады дейді.
Елдегі, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту – стратегиялық міндеттің бірі. Бұл – аймақтың қалай жұмыс істеп жатқанының нақты индикаторы. Мамандар біздің өңірдің ұстанған бағыт-бағдары дұрыс дейді. Мәселен, былтыр өңір экономикасына инвестиция тарту жоспары артығымен орындалған. Биыл да сол биіктен табылу көзделіп отыр. 2021 жылдың желтоқсан айында «Orda Glass LTD» ЖШС-ның Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты іске қосылды.
«Вега Пром» ЖШС-ның «Құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша цехты кеңейту» жобасы да инвест жобалар қатарында. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы атқарылып, жаңа цех іске қосылып, жұмыс жасауда. «Нұр Орда» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында асфальтбетон зауытының құрылысы» жобасы да бар. Былтырғы жылдың маусым айында бетон зауыты іске қосылып, жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, «ТриМо» серіктестігінің қуаттылығы жылына 500 тонна екі окись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру», «Кызылорда Рефайнэри» ЖШС-ның «К4, К5 экологиялық кластағы мотор майларын өндіру», «Poom Trade KZ» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу, «Сыр-Маржаны» ЖШС-ның ет және ет өнімдерін өндіру және сақтау , «Orda TEXC» ЖШС-нің «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы, «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-ның шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты, «Айғасар» ЖШС-ның ерекше балаларға арналған иппотерапия жылқылы-сауықтыру клубын ашу және бие сүтін өңдеу цехын салу, «Dana Quartz» ЖШС-ның айна шығару, «Кәусар» ШҚ-нің құс фабрикасының құрылысы жобалары жүзеге асырылмақ.
Қалада жыл басынан бері жалпы сомасы 2076,4 млн. теңгені құрайтын 204 жобаны қаржыландыру көзделген.
«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында субсидиялау бағыты бойынша құны 1529 млн. теңгені құрайтын 44 жоба, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру бағыты бойынша 131,1 млн. теңгені құрайтын 95 жоба қолдау алды. Сондай-ақ «Іскер» бағдарламасы бойынша жоба құны 289,3 млн. теңгені құрайтын 49 жоба қаржыландырылды. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы өз қаражаты есебінен жалпы құны 103,6 млн. теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылды. «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы «Жастарға арналған несие» бойынша жалпы құны 23,4 млн. теңгені құрайтын 5 жоба қолдау алды», – дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев.
Бөлім басшының айтуынша, биыл ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар. Наурыз айында «Қорқыт ата» әуежайының құрылысы басталған. Бұл ретте жеке инвестор Болат Өтемұратовтың қоры әуежай терминалының жұмыс жобасын әзірлеуде. Құрылыс нысаны қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі. Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай салынып жатыр. Шыныдан жасалған витражды қасбеті бар екі қабатты терминалдың жалпы ауданы 7500 шаршы метр. Халықаралық және ішкі ұшу аймағы 160 қонақты қабылдай алады. Онда телескопиялық өтпе жол, эскалатор мен лифт, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыға арналған зал, CIP залы бар. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункті, намазхана, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметі, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қыз-меткерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орын ашылады. Құрылыста халықаралық бренд жабдығы, технологиялық және жобалық материал пайдаланылады. Әуежайды 2024 жылдың ІІІ тоқсанында пайдалануға берілу жоспарлануда.
Инвестициялық ірі жобаның бірі – Қызылордада түрік инвесторларымен бірлесіп, электр қуаты 240 МВт болатын және жылу қуаты 277 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғысының құрылысын бастау. Құрылысты жүргізу 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Сала мамандарының айтуынша, бу-газ қондырғысының игілігін 25-30 жылға дейін көреміз деген болжам бар. Осы мақсатта жылу-электр орталығының аумағынан жер учаскесі бөлінген. Аталған жоба сәтті жүзеге асса, электр және жылу қуатының тапшылығы проблемасы шешіліп, тұтынушылар сапалы, әрі сенімді жылумен қамтамасыз етіледі. Бөлім басшысының айтуынша, бұл жоба соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың қаражатына салынып жатқан еліміздегі ең ауқымды жобаның бірі.
Инвестицияның қарқынды дамуына Қызылорда облысының даму орталығы айтар-лықтай ықпал етіп отырғанын да айта кеткен жөн.