Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі
Kyzylorda-news.kz. Биыл өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар қолға алынды. Тиісінше, осы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемін 101 пайызға, өңдеу өнеркәсібін 107 пайызға, сауда айналымын 104,5 пайызға, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 23 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Сондай-ақ, облыстың негізгі капиталына 517,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаров хабарлады.
Облыста кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы айтарлықтай жанданып келеді. Мәселен, былтыр кәсібін тұрақты жүргізіп отырған кәсіпкерлер саны 67 180 бірлікті құрап, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 125 мың адамға жетті. Нәтижесінде, аталмыш саладағы өсім көрсеткіші 7,6 пайызды құрады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласында 540,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бизнестің жалпы өңірлік үлесі 17,7 пайызды құрады. Өткен жылы аймақта мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 33,5 пайызға, сауда 4,7 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2 пайызға артты. Жалпы, индустрияландыру шараларының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша біздің облыс республикада 1-ші орында, - деді басқарма басшысы.
Былтыр облыста кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында 15 жоба жүзеге асырылды. Ал алдағы бесжылдықта өңірде 65 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Аймаққа инвестиция тарту бойынша Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Корея, Қытай мемлекеттерімен келісім нәтижесінде 3 инвестициялық жоба қолға алынды.