Kyzylorda-news.kz.   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға қадам жасалғанын айтты.

«Халықтың көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан – геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел» деп нақтылады.
Президент сөзінің пәрменін ой елегіне салып отырған боларсыз. Бір жылға жетер-жетпес уақытта бес бірдей саяси науқан өткізу, шын мәнінде жұтынып тұрған жаһандану заманында оңай емес. Бірақ, қазақ елі бұл күрделі құбылыстың басқы жолын еңсере алды.Осы үдеден шығуда Сыр елінің сапта озық көрінуі – ынтымақ пен ауызбірлікті айқындай түсті. Әсіресе кейінгі өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда (67,21 пайыз) облыс халқы белсенділік танытып, республикада озық шықты.

Бір жыл демекші, осы уақыт ішінде өңірдегі өзгерісті ел көріп отыр. Бірден-бір жүргізіліп жатқан реформа біздің аймаққа да тән десек қателеспейміз. Талай тірлікке тыңнан түрен түсті. Президент пен Үкімет деңгейіндегі қолдау ең алдымен жаңа жобаларға серпін берді. Инвестиция тартуда Қызылорда облысы республикада көш бастады.

 

 

Тағы да оқыңыз: