Kyzylorda-news.kz Биыл Қызылорда қаласындағы арықтар мен каналдар тазартылып, аяқ су беріледі. Бұл туралы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әжібек Мампаев айтты.
– Өздеріңізге белгілі болғандай, жылда көркейту-көгалдандыруды күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс ұйымдастырылып, мемлекеттік сатып алу барысында қорытындысы кеш анықталып, соңында аяқ су беру, көгалдандыру және егу жұмыстарының уақытылы орындалуына кері әсерін тигізіп келген болатын. Осындай мәселелердің шешімін табу мақсатында ағымдағы жылы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қазіргі таңда жоспарға сәйкес тиімді жұмыстар атқаруда. Мәселен, қаланың көркейту және көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру үшін жергілікті бюджеттен 686,2 миллион теңге қаржы қарастырылып, оның ішінде 200 қызметкердің айлығын қамтамасыз ету мақсатында - 370,8 миллион теңге, әкімшілік ғимаратына қажетті жиһаздар сатып алуға - 5,8 миллион теңге және мекемеге гүлдер, ағаш көшеттері, тыңайтқыштар,сонымен қатар құрал-жабдықтар сатып алуға – 209,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында қажетті материалдар cатып алу мақсатында жергілікті бюджеттен қосымша 100,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жоспары бекітіліп, бағалау әдісі арқылы жариялау жұмыстары жүргізілуде. «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесінің негізгі жұмыстарына қаламыздың каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жер асты ұңғыма және насостар арқылы аяқ су беру, сквер аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалдарды күтіп ұстау сондай-ақ қураған ағаштарды кесіп, балақтау кіреді. Осы аталған жұмыстар ағымдағы жылдың басынан бастап жүргізілуде, – деді мекеме басшысы.
Сала басшысының айтуынша, облыс орталығында орналасқан Жібек жолы және Сарқырама каналдары толық тазаланған. Қазіргі уақытта Қызылжарма, табиғат каналдары мен қала ішілік арық жүйелерінде бекітілген кестеге сәйкес күнделікті тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, орталық көшелердегі талдарды балақтау жұмыстары биыл ақпан айында бекітіліп, тиісті жұмыстар уақытылы атқарылуда және бұдан бөлек «Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі арқылы тұрғындардан түскен өтініштерге сәйкес, қаладағы қураған және адам өміріне қауіп төндіретін жерлердегі талдарды кесу немесе балақтау жұмыстары да істелуде.
Қызылорда қаласындағы 2022-2023 жылдар аралығында 27 дана бұрғылау жұмыстары жүргізілген ұңғымалармен қатар, бұрыннан аяқ су беріліп келе жатқан ұңғымаларға да мекеме мамандары аяқ су беру маусымына байланысты дайындық жұмыстарын ұйымдастыруда. Жалпы қалаға Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден насос қондырғыларымен аяқ су беру жоспарланған. Атап айтқанда оның 3 данасы – дизелдік отынмен және 16 данасы – электр жүйесімен жұмыс жасайтын насос қондырғылары болып табылады.
№ | Насос қондырғысының орналасқан жері | Түрі | Насос саны | Аяқ су берілетін аумақ |
1 | Ауежай | Дизель | 1 | Ауежайға барар жолдағы жасыл белдеу аумағы |
2 | Жаңадария | Электр | 1 | Ауежайға барар жолдағы жасыл белдеу аумағы |
3 | Тұңғыш президент саябағы | Дизель | 1 | Саябақ аумағы |
4 | Наурыз елді-мекені | Электр | 1 | Наурыз елді-мекенінің аумағы |
5 | Сыр ана монументі | Дизель | 1 | Арай мөлтек ауданы |
6 | Тасбөгет кенті | Электр | 3 | Тасбөгет кентінің аумағы |
7 | Жібек жолы каналы | Электр | 4 | Назарбаев, Астана даңғылдары, Желтоқсан, Мұратбаев көшелері |
8 | Тәуелсіздің даңғылы | Электр | 1 | Сарқырама каналы арқылы орталық аумақ |
9 | Қорқыт ата монументі | Электр | 1 | Ескі базар, Шымбай мөлтек аудандары |
10 | Қызылжарма каналы
| Электр | 4 | КБИ, Шанхай мөлтек аудандары (Алшынбаев, Тоқтаров, Қажымұхан, Маханбет) |
11 | Қарауылтөбе ауылы | Электр | 1 | Қарауылтөбе ауылының аумағы |
| БАРЛЫҒЫ | 19 |
|
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы аумағына 2024 жылдың көктем-күз айларында 8000 дана ағаш көшеттерін егу жоспарланған. Оның ішінде ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді сыр талы, терек, қарағаш және сәндік (катальпа, айлант, ясин) ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Оның ішінде катальпа, айлант, ясин секілді сәндік ағаш көшеттерін С.Бейбарыс көшесіндегі облыс әкімдігі мен Жахаев көшесіндегі қала әкімдігі ғимараттарының жанына сондай-ақ Мұратбаев көшесіндегі орталық стадион жанына егу көзделуде.
Иә, бүгінде қаланы көгалдандырумен қатар, аяқ су мәселесін шешумен айналысатын «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесінің ашылуы жұрт үшін биылғы жылғы жағымды жаңалық болып тұр. Алдағы уақытта қала тұрғындарының үміттерін ақтау үшін аурудан ада, құрты жоқ ағаштарды егіп, қаламыздың гүлденіп-көгалдануы жолында нәтижелі жұмыстар атқара беретін болады.
«Жасыл Қызылорда» мекемесінің берген мәліметі бойынша 2022 жылы – 13 ұңғыма орнатылып, оның 6 данасы қазіргі таңда аяқ су беруге дайын және 3 данасы электр жүйесіне қосылмаған. Ал қалған 4 данасы түрлі себептермен жұмыс жасап тұрған жоқ. Ал 2023 жылы – 14 ұңғыма орнатылып, оның бірде біреуі электр жүйесіне қосылмаған екен.
Сонымен қатар 51 сквер-аллеялар орналасқан аумақтарда гүлдер мен газондардың егілетін аумақ көлемі 54 мың шаршы метрді құрайды. Ал шаһар аумағының орталығындағы арық жүйелерінің жалпы ұзындығы – 54,6 шақырым болады.