Kyzylorda-news.kz.   Қызылорда қаласында инфрақұрылым саласы жыл санап дамып келеді. Оған соңғы жылдары облыс орталығындағы кең көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының артуын айтуға болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының жүріп-тұруына, көлік қозғалысын оңтайлы қалыптастыруға мүмкіндік береді. 
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев жол жөндеу бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтады. Бүгінде саласы бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілген.
 

– Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы 267 көшеге әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал, биыл 50 көше жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Жаппасбай батыр, Қожа Ахмет Яссауи, Е.Көшербаев көшелері 4 жолаққа кеңейтіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі аралықта жаңадан жол салынады. Сонымен қатар, 47 көшеге жаяу жүргіншілер жолы түседі. 54 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. 21 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 19 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады және 16 үйдің қасбеті жаңартылады, – деді Жеңісбек Исламұлы.


Биыл жалғасын табатын ауқымды жобалардың бірі – автожол көпірінің салынуы болмақ. Былтыр бұл бағытта Белкөл кентіндегі, Ғ. Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірлері, Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілген еді. Бұл жолы «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы бастау алмақ. 
Қаланы абаттандыру ісі де жандана түспек. Бұл ретте жоспарда Әйтеке би көшесі (Желтоқсан көшесінен А. Байтұрсынов көшесіне дейін) Ы. Жахаев көшесі (Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін) абаттандыру көзделген. 
Биыл қаланың орталық алаңы да өзгеше кейіпке енеді. Былтыр құрылыс жұмыстары басталған орталық алаңдағы көркейту жұмыстары биыл жаз айында аяқталуы тиіс. Соңғы үлгіде әсемделетін орталық алаң қала тұрғындары үшін демалыс аумағына айналады деп күтілуде.
Жалпы қаланы көркейту, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік сынды күрмеуі қиын мәселелер жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Әсіресе, қоғамдық көлік мәселесін шешуде соңғы 2 жыл көлемінде қалаға жаңа автобустар алынып, жол қатынасы біршама реттелді. Оның ішінде 2022 жылы 150 жаңа автобус сатып алынса, өткен жылы тағы 50 үлкен сыйымдылықтағы көлік қалалық және қала маңындағы бағыттарға қосылды. Осы жылы 100 жаңа автобус әкелу жоспарланса, соның 70-і жуырда ел игілігіне табысталды.
Сонымен бірге биыл қаланы көгалдандыру және аяқ су жүргізуде жаңадан «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылмақ.


– Биыл жаңадан «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Бұл мекеме тікелей қаланы аяқ сумен қамтамасыз етумен және көгалдандырумен айналысады. Нәтижесінде алдағы уақытта облыс орталығын көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асатын болады, – дейді бөлім басшысы Жеңісбек Файзуллаев.

Тағы да оқыңыз: