Kyzylorda-news.kz.   Елдің әлеуметтік жағдайын түзеуді мақсат еткен «Әлеуметтік кодексті» жүзеге асыру аясында халықты жұмыспен қамтуға ерекше назар аударуда. Бұл мақсатта Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 6 маусымдағы №93 қаулысы негізінде Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғаны белгілі. Ал қалалық жұмыспен қамту орталығы «Мансап» орталығы болып қайта құрылып, еңбек мобильділігі орталығының филиалы ретінде жұмыс істеуде.
Қызылорда қалалық «Мансап» орталығы филиалының қызметі – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бел¬сенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. 
«Бұл қызметтерді «Мансап» орталығына жүгініп, кезек күтпей, онлайн алуға болады. Ол үшін ғаламторға қосулы компьютер мен жеке электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті», – дейді орталық мамандары. 
Қызметтер электронды үкімет (egov. kz) және электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) веб порталдары арқылы қолжетімді. 
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының салымшысы болып саналатын, жұмыссыз мәртебесі бар азамат жұмысынан айырылуына байланысты тағайындалатын әлеуметтік төлемге өз өтінімін қалдыруына және жұмыспен қамтудың белсенді шараларын таңдауға мүмкіндігі бар. 
Жұмыс берушілер электронды еңбек биржасы арқылы «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау» аясында мемлекет тарапынан қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарына (жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар сабақтастығы, күміс жас) өтінімдер электронды түрде жүзеге асуда. 
Өткен жылы қызметтерді электронды түрде алу мүмкіндігін 11963- тен астам адам пайдаланып үлгерген, оның ішінде 6881 азамат жұмыссыз мәртебесін алса, 2242 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Сондай-ақ 7940 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданған. Ал, 3178 жұмыссыз адам жұмысынан айырылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік көмек алған. 
2023 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап электронды еңбек биржасы порталында онлайн бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу үшін Tanda.enbek.kz порталы іске қосылып, бос жұмыс орындары онлайн жәрмеңкесін «Мансап» орталығы ұйымдастыруды қолға алды. 
Жәрмеңкеде жұмыс берушілер онлайн презентация өткізіп, өз компаниялары, жұмыс шарттары, бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері туралы толық мәлімет береді. Жұмыс іздеушілер түйіндемелерін жолдай алады, сондайақ жұмыс берушілермен қысқа онлайн сұхбат жүргізуге мүмкіндік жасалған. Ең бастысы, жұмыс іздеушілердің есік қағып, шаршамай, үйінде отырып жұмыс табуына болады. 

Фото: Нұрболат Нұржаубай
 

Тағы да оқыңыз: