Kyzylorda-news.kz Қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
- Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 6 көшеге асфальт төселіп, Абылайхан және Ш.Ибраева көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ, М. Жабағыұлы және Арғын көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Бұдан бөлек, жарықтандыру жұмыстарына бюджеттен қаралған қаражатқа Айнакөл-1 және Айнакөл-4 көшелері жарықтандырылды. Ауыл тұрғындарының сұранысына орай, Қараөзек ауылындағы Е.Дәуітбаев көшесіне балалар ойын алаңы салынып, «Демалыс аллеясына» орындықтар мен жарық бағаналары орнатылды және аяқ су ұңғымасы қазылды. Су тапшылығын алдын алу мақсатында 2 дана СНП-500/10 насостық қондырғысы бөлініп, егістіктер мен 3 елді мекенге аяқ су берілді, - деді ауылдық округ әкімі Сәкен Нысанұлы.
Ауылдық округте 170 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы жаңадан 22 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 44 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламаларға жүгінген кәсіпкерлердің 78,0 млн. теңгені құрайтын 11 жобасы қаржыландырылған. Бұдан бөлек, 4 тұрғын 5 млн. 500 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған.
Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Осы мақсатта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде А.Құнанбаев көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылады. Ал, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 3 көшеге, яғни, А. Құнанбаев, Қараөзек бекеті-4 және М.Жабағыұлы тұйығына жол құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, ауылдық округтегі электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталуда. Осы жұмыстармен қатар, Е.Дәуітбаев көшесіне «Спорт алаңы» құрылысын салу, тағы бірнеше көшелерге орташа және күрделі жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жобалары бойынша облыстық бюджетке өтінім ұсынылды.