Kyzylorda-news.kz  Құрылысшылардың еңбек ізі мыңдаған тұрғын үй мен қызмет көрсету ғимаратында, мектеп пен балабақша, аурухана-емханада, мыңдаған шақырым жол жүйесінде сайрап жатыр. Ел қуанышына айналған түрлі сан салалы кешен мен көрікті үйлер бір күнде біте қоймайды. Оған құрыш қолды құрылысшылар жаздың аптабы мен қыстың суығына қарамай, тер төгіп келеді.  Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсу белгісін білдіреді.

Былтыр облыстың 85 жылдық мерейтойында Сыр құрылысшылары көтеріңкі көрсеткіш тарту етті. Мерейлі мереке қарсаңында Қызылорда облысы экономикалық өсу қарқыны бойынша республикада үздік үштікке шықты. Үкімет отырысында Ұлттық экономиканың экс-министрі Әлібек Қуантыров  аймақтың абыройын асқақтатып атап айтты. «Жыл басынан бері облыс тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша 3-орында, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 4, ал құрылыс секторындағы жоғары өсімді қамтамасыз еткен өңірлер арасында 5-орында. Барлық экономикалық даму көрсеткішін есепке алғанда, Сыр өңірі алғашқы үштікте» деп тоқталған болатын.

Облыстың 85 жылдық тарихында құрылыс саласы құр алақан емес, олардың озық ісі облыс шежіресінде ойып орын алады.

Тағылымды тарих

Облыстың алғашқы құрылыс мекемесі ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің 1944 жылғы 10 мамырдағы қаулысына сәйкес Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық советі атқару комитетінің арнайы шешімімен құрылды. Алдымен Архитектура істері жөніндегі облыстық бөлім, онда 3 штаттық бірлік болды. Мекемеге облысқа қарасты бір қаланың, ауданға бағынатын екі қаланың, төрт аудан орталығының және алты қала типтес қыстақтың құрылыстарына басшылық және бақылау жасау жұмыстары жүктелді.

Бұл мекеме бірнеше рет қайта құрылымдаудан өтті. Функциясы мен міндеттеріне қарай  қызмет ету ауқымы бірте-бірте кеңейіп, заман талабына сай жаңартылып отырды. Жаңа үлгідегі құрылымдық өзгерістер жасалды. Өзіне бағынысты құрылыс нысандарына техникалық қадағалау жасайтын мемлекеттік мекеме де жұмыс жасады.

Облыстық құрылыс басқармасының негізі 1996 жылы қаланды. Ол кезде облыстық сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы деп аталды. Ал 2005 жылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы, бір жылдан кейін құрылыс департаменті, 2008 жылдың ақпан айынан облыстық құрылыс басқармасы болды.

2015 жылдың басында «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылғаны белгілі. Алдағы жылы осы мекеменің құрылғанына 80 жыл толғалы отыр.

Мекемеге 1996-2023 жылдар аралығында көптеген білікті азамат басшылық жасады. Қазіргі күні іргелі мекеме өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына жетекшілік етіп, сәулетті құрылыс нысандарының салынуына ықпал етіп келеді.

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарында темірбетон бұйымдары зауыты өніміне жоғары баға берген болатын. Бұл жергілікті кәсіпкерліктің кең өрісін көрсетті. «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл құны 2,6 миллиард теңге болатын жобаны іске қосты. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді.

2023 - жетістікке толы жыл

Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы осы саланың дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келеді.

Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар қауымының еңбегі ерен. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары құрылысшылардың табандылығының арқасында жүзеге асырылуда.

2022 жылы аймақ басшысының бастамасымен әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 25 әлеуметтік нысан құрылысын жүргізу жоспарланып, жыл соңына дейін 12 нысан пайдалануға берілді.

Қаржыландырудың барлық көзі есебінен 683,2 мың шаршы метр тұрғын үйге иелері қоныстанды. Облыс бойынша жалпы ауданы 124,9 мың шаршы метрді құрайтын 1764 пәтерлік 41 тұрғын үй салынды.

Былтыр инженерлік желі бойынша 38 жобаның құрылысы жүргізілді. Оған 4,9 млрд теңге қаржы бөлінді. 8 жобаның құрылысы аяқталып, 53,8 шақырым инженерлік желі пайдалануға берілді. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 886 жер учаскесі 44,1 шақырым электр желісімен қамтамасыз етілді. Облыстық басқарма арқылы 53 құрылыс нысанының жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобалардың жалпы құны 71,9 млрд теңгені құрап отыр.

Демеушілердің қолдауымен 189,2 млн теңгеге 8 құрылыс нысанының – 5 мектеп, 1 өнер мектебі, 1 мемлекеттік орган ғимаратының және сыртқы инженерлік желінің жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Бұл нысандардың жалпы сметалық құны 9,4 млрд теңгені құрайды.

Құрылыстағы толымды істер 

Облыс құрылыс саласында өткен жылдың 9 айының өзі нәтижелі жетістікке толы болды. Әлеумeттік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджеттен 20,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 40 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 10 білім беру объектісін салуға республикалық бюджеттен 19,6 млрд теңге бөлініп, құрылысы басталды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың барлық көзі есебінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде, мемлекет қаражаты есебінен 37,4 мың шаршы метр және жекелеген қаржы есебінен 654,9 мың шаршы метр. Мемлекеттік бюджеттен жалпы ауданы 37,4 мың шаршы метр құрайтын 592 пәтерлік 15 тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға берілетін болады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алынатын тұрғын үйлер бойынша 1000 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Сонымен бірге, облыстық бюджет қаржысы есебінен 79 пәтер сатып алынады. Оның ішінде жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға 34 пәтер, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 45 пәтер. Жыл соңына дейін кезекте тұрған 1671 отбасына тұрғын үй беріліп, кезек біршама азаяды.

Өткен жылдың 8 айда қаржыландырудың барлық көзі есебінен 546,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 119,8% орындалды. Осы аталған индикаторлық көрсеткішке қол жеткізу бойынша жыл басында аудандар бөлінісіндегі жоспар бекітіліп берілді. Сонымен қатар, басқарма арқылы аудан әкімдіктеріне жоспарланған көрсеткіштерге 100% қол жеткізу бойынша түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізілуде.

Мемлекет өз азаматтарының баспанамен қамтылуына мүдделі. Тұрғын үй құрылысы – тек мақсат ғана емес, ел экономикасының өрлеуіне серпін беретін зор күш. Тұрғын үй құрылысы бойынша облыс көлемінде жалпы алаңы 546 872 шаршы метрді құрайтын 2 634 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,8 пайызға жоғары көрсеткіш.

Ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Облыстың шежірелі тарихы бүгінде өз жалғасын табуда. Аймақтың құрылыс саласында 126,4 пайыз өсім бар. Өңір қазір қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа жобалар жүзеге асырылып, ауқымды инвестициялар тартылып, экономиканың негізгі секторында серпінді қадамдар жасалуда.

Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар бастамаларға жергілікті меценаттарды көптеп тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін құны 3,7 миллиард теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығын» пайдалануға беру жоспарлануда. Емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салынуда.

Өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысан бой көтереді. Атап айтқанда, жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда 11 денешынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген.

Құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Отбасы орталығы» да есігін айқара ашты. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы жұмысын бастады. Аудандар мен шағын ауылдарда да жаңа нысандардың құрылысы тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі таңда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», «Балықшылар ескерткіші» мен аллея пайдалануға берілді. Заманауи үлгідегі демалыс саябағы ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар, «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.

Облыс орталығында сметалық құны 20 млрд теңгені құрайтын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. Терминал құрылысын Болат Өтемұратовтың қоры қаржыландырған. «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорнымен жасалған келісімнің нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтермек.

2022 жылы тамыз айында құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын «Қан орталығының» іргетасы қаланды. Нысан жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсетеді. Орталықтың салынуы – аймақтың денсаулық сақтау саласы үшін маңызды әрі ұтымды шешім, тұрғындардың денсаулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты іс-шараның бірі. Ол 2024 жылдың басында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Жалпы 8 млрд теңгеге салынатын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, облыстың 85 жылдық мерейтойына сала толымды жетістіктермен жетіп отыр. Бүгінде Сыр өңірі құрылыс саласында табысты өңірлердің біріне айналып отыр. Облыс басшылығы осы мақсатта ірі компаниялар, шетелдердегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл орайда да ойластырылып отырған жарқын жобалар аз емес. Демек, өңірдің сәулетін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Тағы да оқыңыз: