Kyzylorda-news.kz  

 Тұрғындарды сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамту мәселесі де қашанда күн тәртібінен түспейді. Осы бағыттағы еңбек ырғағы қандай? 2022 жылы 2025 жылға дейінгі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың егжей-тегжейлі схемасы бекітілген. Жалпы Қазалы ауданы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің үлесі 97,3 процентті құрайды.

Мамандардың айтуынша, орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін жоба құны 389,4 миллион теңгелік жоба-сметалық құжаттары әзірленген Шәкен, жоба құны 730,6 миллион теңге тұратын Сарбұлақ және жобасы 235,7 миллион теңге Шилі елді мекенін ауыз сумен қамту жобалары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сарбұлақ және Шәкен елді мекенін қаржыландыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Аталған жобаларда су айдау насостарын орнату, су сақтау резервуарын, су тұщыту қондырғысын салу және сервистік су желісін тарту жұмыстары қаралған.

Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерін су тұщытқыш қондырғысы арқылы ауыз сумен қамту үшін 2024 жылға аудандық бюджеттен 26 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оған Ажар, Жұбан елді мекеніне су тұшытқыш қондырғылары сатып алынатын болады.

Осы жұмыстарды іске асыру арқылы 2025 жылы Қазалы ауданы бойынша барлығы 42 елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен толықтай қамтитын болады. Сондай-ақ аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге келер болсақ, ауданда жалпы газбен қамтудың индикаторлық үлесі елді мекендер бөлінісінде 17 процентті құрайды. Ал, жеке тұрғын үйлердің 65 процент көгілдір отынға қосылған (барлығы - 14994 үй, 9736 үй газдандырылған).

Елді мекендерді газдандыру бойынша 2023 жылдан өтпелі Абай елді мекеніндегі орамішілік газ желісі құрылысы жалғастырылуда. Қаржысы толығымен шешілген, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 85 процент атқарылды. Жоба құны – 343,1 миллион теңге. Сәтін салса жыл аяғына дейін Абай ауылының тұрғындары үшін көгілдір отын пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар «Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салу құрылысы» жобасы бойынша республикалық, облыстық бюджеттен 1562,4 миллион теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 3 863,8 миллион теңге. Жеңімпаз анықталысымен, құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақтан батыр елді мекеніндегі орамішілік газ құбырын салу» бойынша облыстық бюджеттен 325,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жеңімпазы анықталып, құрылысын бастау күтіліп отыр. Жоба құны – 371,2 миллион теңге. Міне, аудан халқына сапалы ауыз су мен «көгілдір отын» жеткізуде осындай тындырымды жұмыс бар. Ауыз судың адам өміріне деген әсір қандай екенін білесіз бе? Ендеше бірнеше мәселені сараптап көрелік.

Экологияның 11 санаты бойынша 40 тиімділік көрсеткіштерін пайдалана отырып, зерттеу тобы дүние жүзінің 180 елін климаттың өзгеруі, қоршаған орта жағдайы және экожүйелердің өміршеңдігі көрсеткіштері бойынша бағалайды. Бұл мақалада Йель университеті жариялаған Экологиялық тиімділік индексі негізінде жасалған (Unsafe drinking water). Ішуге жарамсыз ауыз су индексін бөлек көрсетіп, әлемді алаңдатқан мәселеге арнайы тоқталмақпыз.

Әрбір мемлекеттегі судың сапасын бағалауда зерттеушілер қандай деректерді қамтығаны маңызды. Йель университетінің мамандары ең объективті көрсеткіш ретінде түрлі қалаларда алынған судың зертханалық талдауларының орташа көрсеткіші емес, халық арасында суды тұтынудың салдарынан туындаған денсаулыққа қатысты мәліметтерді талдау дұрыс деп шешкен. Ішуге жарамсыз ауыз су индексін құрудың басты критерийі халық тұтынатын ауыз судың әсеріне байланысты денсаулыққа келген зиян мен аурулардың орташа статистикасы алынған. Есепте сарапшылар «DALY» көрсеткішін қолдана отырып, тұтынған ауыз судың әсерінен 100 мың адамға шаққанда денсаулығына зиян келген, мүгедектікке шалдыққан статистикалық деректердің жас бойынша стандартталған өмір сүру мәліметтерін пайдаланған. Екі жылда бір рет жаңартылып отыратын рейтингтің соңғы нұсқасы 2022 жылы шықты. Индексте қамтылған барлық мемлекет 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағаланады әрі ең жоғары ұпай таза әрі сапалы ауыз суды қамтамасыз ете алған мемлекеттерді білдіреді.

Тізімнің үздіктеріне 100 ұпай алған 10 мемлекет енген. Зерттеу дерегінен көріп отырғанымыздай, индекстің алғашқы ондығында Аустрия, Финляндия, Греция, Исландия, Ирландия, Мальта сынды Еуропа мен Жерорта теңізі мемлекеттері орналасқан. Индексте Армения – 39, Беларусь 40-орынға жайғасса, Қазақстан әлемдік көрсеткіште 54-орынға тұрақтаған. Атап өтетін жайт Қазақстан 2020 жылғы рейтингте де 55,8 ұпаймен 54-орынды иеленген еді.

Ал, өзге Орта Азия елдері ішінен Өзбекстан – 60, Түрікменстан – 77, Қырғызстан 78-орында орналасқан. Түркия 80-орынға тұрақтаса, Әзербайжан 84-орында тұр. Зерттеу рейтингінде төмен көрсеткіштерді Африка құрлығы мемлекеттері иеленген. Камерун – 170, Нигерия 177-орынға тұрақтаған.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мәселесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекелдер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жылдан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 процентке өскен.

Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық басымдықтардың бірі екені анық. Елімізде ауылдар мен шалғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен, жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеулер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.

Йель университетінің Экологиялық тиімділік индексі мен Ішуге жарамсыз ауыз су есептері ғалымдарға, аталған сала мамандарына, жалпы тақырыпқа қызығушы қауымға қажетті көмекші құрал бола алады.

Ауыз су деп – иісі, дәмі, мөлдірлігі және химиялық құрамы адам организмі үшін қауіпсіз болып табылатын табиғи суды айтады. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауыз суға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады. Жалпы ауыз судың иісі мен дәм көрсеткіші 2 балдан аспауы, лайлығы 2 мг/л-ден аз, кермектілігі 7-100 ммоль болуы шарт. Ауыз судың кермектігін анықтайтын кальций, магний тұздары аз болса, адам сүйегінің морттылығы өсіп кететінін ескертеміз.

Ауыз судың сапасы түрлі аурулардан сақтайды, ауыз суда фтордың мөлшерден төмен болуы флюороз және кариес, темірдің, кобальт пен мыстың жетіспеуі – анемия, бордың аз болуы асқазан, никельдің кем болуы көз ауруларына шалдықтырады. Сондай-ақ нитраттар мен нитридтердің мөлшеріне 1 литр судағы ішек таяқшаларының саны бойынша талаптар қойылады. Қайсыбір элементтері жоқ яғни дистелденген, тұзсыздандырылған, минералсызданған су адам ағзасына пайда әкелмейтін, тіпті денсаулықты нашарлататын өлі су. Ол тірі ағзаның теңгерімсізденуіне әкеп соғады.

Су – тіршілік көзі. Онсыз өмірді елестету қиын. Тіпті адам денесінің 70 проценттен астамы судан тұратынын ескерсек, судың сапасы денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Су арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың бүкіл әлемде таралуы мүмкін. Сумен таралатын жұқпалы ауруларға А, В паратифтер, дизентерия, түрлі энтериттер, мәселен энтероколиттер, жұқпалы гипатит А, тырысқақ жатады. Ұйымдастырылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су, қоршаған ортадағы объектілерде жұқпалы аурудың таралуы мен өмір сүруіне ыңғайлы жағдай, су тазартқыш құрылыстарындағы, су құбырындағы техникалық бұзушылықтар, қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтамау жұқпалы аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуда жалпы мемлекеттік санитарлық-гигиеналық шаралар маңызды рөл атқарады. Ауыз су сапасын зертханалық зерттеулермен тұрақты бақылау, сумен жабдықтау обьектілерін дезинфекциялау жүргізіледі. Ішек жұқпалы ауруларының алдын алу үшін ауылдық жерлерде құдықтан 20 м жақын радиуста кір жууға, машина, әртүрлі заттарды жууға, жануарларды суаруға жол берілмейді. Құдыққа 5 м аралығында жақын маңдағы аумақ қоршалады. Құдықтан су алу үшін шелектер, сорғылар пайдаланылады. Жерасты су көздерінің суымен жабдықтаудың санитарлық қорғау аймағының белдеу аумағы көгалдандырылады және қоршалады. Сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғау аймағында зираттарды, мал өлексесін көметін орындарды, ассенизациялау өрісі, сүзілу өрісі, көң қоймалар, сүрлеме орлар, мал шаруашылығы, құс өсіретін шаруашылық субьектілері, жерасты суларының микробтық, химиялық ластану қаупіне себепші болатын обьектілерді орналастыруға, тыңайтқыш және улы химикаттарды қолдануға және басқа да обьектілерді орналастыруға жол берілмейді. Бүгінгі күні су сапасына деген талаптар қатаң жолға қойылып, пайдаланып отырған суымыздың таза әрі зиянсыз екендігіне кепілдік беруге бағытталып отыр.

Фото: kun.kz

Тағы да оқыңыз: