Kyzylorda-news.kz Бүгінде жұртшылық қаншама адамның табыс тауып, отбасын асырауға жағдай жасап тұрған «Қамқор вагон» серіктестігін Қазалы вагон жөндеу депосы деп біледі.
Бұл күні жаңа технологияларға байланысты білімін толыстырған вагон шаруашылығының инженер маманы, жөндеу цехтарында шыңдалған Талғат Әзімжанұлы депоға басшы болып тағайындалғалы жаңа леп әкелді десек артықтық етпейді. Ол көбіне тәртіп, тазалық пен жауапкершілікті басты назарда ұстайды. Қызметкерлердің біліктілігі мен техникалық интеллектуалын ескеріп, ұйымдасқан жүйелі кадр жасақтай білді. Оның іскерлігі өз нәтижесін беріп, Қазалы вагон жөндеу депосы үшін толағай табыс әкеле бастады. Қазір вагон жөндеу ісі жүйелі жолға қойылып, жұмыс орнының материалдық базасы ұлғайып, қосымша штаттар бөлінді. Осы тұста сапасы сын көтермей тұрған мекеме шатыры жаңартылғанын айта кеткен жөн. Мекеме ауласында жұмысшылар демалатын субұрқақтар, гүлдер бақшалығы, демалыс үйшігі, көркем бильборттар, депо тарихымен таныстыратын аллея салынып, жүйелі жұмысқа жарасымды жағдай жасалды.
Қазалы вагон жөндеу депосы айрандай ұйыған ауызбіршілік пен тындырымды тірліктің арқасында қазақ теміржолы бойынша «Үздік ұжым» аталды. Бұндағы әрбір жұмысшының еңбегі ескерусіз қалмады. «Үздік басшы», «Үздік ұжым», «Үздік шебер» номинациясы бойынша марапаттауларға ие болды.
Талғат Әзімжанұлының бастамасымен мекеме ішінде «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілді бетке ұстап, ұзақ жылдар бойы осы салада аянбай тер төккен азаматтарды ұлықтайтын, бұрынғы технологияларды ерекше еске салатын теңдессіз мұражай жасақталған.
Қазіргі таңда қазалылық 122 жұмысшы осы жерден нәпақаларын айырып, отбасын асырап отыр. Олардың әрбірінің басында болып жатқан қуаныш, қайғылы жағдайлардың барлығын мекеме басшылығы назардан тыс қалдырмайды. Мүмкіндігінше қаржылай, материалды көмектер қарастырылады.
Вагон жөндеу ісінде слесарьлардың, токарь мен электргазбен дәнекерлеушінің еңбегі зор. Сонымен бірге, фрезеровшілер мен бұрғылаушыларсыз шаруа шешілмейтіндігі де белгілі. Осы мамандардың еңбекке деген адалдығы мен жанашырлығының арқасында жүк тауарлары уақытылы мәреге, жолаушылар дін аман діттеген жеріне жетіп, жақындарымен қауышуда. Шойын жолда шыңдалғандар еңбегі қай жағынан алып қарасаңызда әрқашан үлкен қошеметке лайық.
Вагон құрастыру цехы
Ел экономикасының дамуына теміржол саласының қосар үлесі мол. Қамқор вагонда жалпы, алты цех бар. Онда шойынжолдың шеберлері көп. Мұндағы депоға арнайы тапсырыс бойынша жеткізілген жүк вагондарына мерзімді және жоспардан тыс жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге, қосалқы бөлшектері ауыстырылып, қалпына келтіріледі. Барлық белгіленген ауқымды жұмыстар вагон құрастыру, қосалқы бөлшектерді дайындау, қалпына келтіру және жөндеу, диагностика және бұзбай бақылау, өндірістік процеске қызмет көрсету, доңғалақ-роликті жөндеу цехы мен автотежегіштер бақылау пункті арқылы атқарылады. Бұлардың ішінде, вагон құрастыру цехының орны бөлек. Себебі, мұнда жүк вагонының шанағы, қорабы, жүріс бөлігі, автотежегіш құрылымдары, соққы және тіркеу бөліктері бөлшектеліп, әр цехқа жіберіледі. Жөнделіп болғаннан кейін, осында қайтадан жинақталады.
Еңселі де, кең цехта жоғары салмақты жүктерді көтеруге бейімделген электрлі крандар орналасқан. Ауыр бөлшектерді көтеруге, тасымалдауға арналған ауа қысымымен істейтін арбашалар пайдаланылады. Цехты қырық екі жылдық еңбек өтілі бар Қанатбек Төлемісов басқарады. Екі ауысымда жұмыс жүргізіліп, отыздан астам адам келген тапсырыстарды орындайды. Цехта өз ісінің білгірлері баршылық. Слесарьлар – Серікбай Аюбаев, Нұрлан Сахиев, Өмірзақ Сартов, Жалғас Оспанов, газбен және электрмен темір пісіруші – Қажымұрат Ақмырзаев пен кран машинисі – Сапарғали Елубаев сияқты тәжірибелі мамандардың ісі де, өзі де мақтауға тұрарлық.