Kyzylorda-news.kz  Көктем келді. Енді егін жұмыстарының да кезегі жақындады. Осы айдың аяғы, ары кетсе, келер айдан бастап, диқандар дән себуді бастайды. Қыстың қамын жазда ойлайтын халқымыз егін-тегіннің жайын ерте ойлап, жердің де, аяқсудың да алдын алуды әдетке айналдырған.

Кеше ғана қамбаны астыққа толтырып, «Алтын күз» мерекесін тойлаған еңбекшіл қауым қысқы демалыстан соң дала жұмысына қайта кірісіп кетті. Таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындау үстінде. Өткен жылдан қалған қалдықтар өртеліп, жер өңдеу, оны тегістеуде атыздықтарда техникалар тізіліп жүр. Биыл да мол өнім алуға үмітті диқандар осылайша көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасауда.

Халық тәмсілінде «Көктемнің әр күні жылға азық» деген бар. Қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Күн жылынып, жер арқасы жібіген шақ шаруа адамының да білек сыбана қарбалас тірлікке кірісетін кезі. Сәл кешіксе болғаны, еңбегі еш кететінін қаперге ұстайтын шаруалар тамшылата тер төгіп, егіс алқаптарында таң сәріден, кеш батқанша еңбек етуде.

«Не ексең, соны орарсың» деп тегін айтылмаған. Көктемгі тынымсыз еңбектің өтемін күзде, жиын-терім кезінде көретініміз айдан анық. Осыған орай, Қазалы ауданындағы шаруақожалықтары қызу жұмысқа кірісіп кетті. Бұл ретте, тиісті сала мамандарының мәліметінше, аудан бойынша 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Көктемгі дала жұмыстарына 291 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысады.

Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы көктемде келетін мол суды тиімді пайдаланып, егіске жарату бағытында шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, тұқым дайындау, жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникалардың әзірлігі мәселелерін алдын ала пысықтады. Солардың қатарында "Агро-Өркен" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабы дала еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігімен жандануда. Қазалы қаласынан 20-30 шақырым қашықтықта орналасқан Қожабақы ауылындағы бөлінген егістік алқабына күріш, жоңышқа мен бидай егу жоспарда бар. Мұндағы басты талап – темірдей тәртіп пен жұмысқа деген аса жауапкершілік. Сонда ғана, діттелген жоспарлар жүзеге асып, жақсы өнім алынады. Бұл үшін қаншама жан-тәнімен берілген еңбек пен аянбай төгілген тер жұмсалады. Халықтың алғысын алып отырған серіктестік өзге диқаншылармен қатар биыл егін егуге әзірлікті бастап кетті.

«Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі бойынша есепте барлығы 1800 гектар тегістелген жерге 5 ауыспалы егістік ротациялық кестеге сай егіс орналасқан. Биыл барлығы 1703 гектардан жоғары жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Оның ішінде, 720 гектар жерге күріш дақылын, 487 гектар жерде көне жоңышқа, 296 гектар жерге жаңа жоңышқа, 200 гектар жерге бидай егу жоспарлануда.

Бүгінде 15 шақырым су арналарына арналған арықтар экскаватор арқылы қазылып, тіршілік нәрінің жолдары ашылды. «Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шартқа отырып, 160 тонна бірінші репродукциялы «Янтарь»  тұқымы мен 3,5 тонна бірінші репродукциялы «Семиреченская местная» жоңышқа  тұқымы алынды. «BayDala» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арадағы келісім шарт арқылы – 67 тонна аммофос пен 345 тонна аммоний сульфаты тыңайтқышқа қол жеткізілді.

«EXPLANTA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келісім шартымен «Солито, каратэ атты гербицидтер алу жоспарлануда. «Жібек жолы ЛТД иК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шартқа отырып, жанар жағар май алынды.

Шаруашылықта техникалар базасы көңілді көншітеді. Атап айтқанда, 3 дана – ХТЗ, 3 дана-К700А(701), 3 дана – автомашина,  3 дана - Камаз, 3 дана - ЖРК - 5 жаткалары бар. Сонымен қатар 1 дана - МТЗ-80 малютка экскаваторы, 6 дана - МТЗ-80, 2 дана - Трактор AXION  ауылшаруашылық техникалары жұмыс жасауда. Ал, күріш жинайтын техникадан      Магдон, 4 дана - Енисей-1200, 2 дана - Класс комбайндары қызметке жарап тұр. Бұл комбайндар «Казагрофинанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы лизинге алынған.

Егіске керекті жанар-жағар май алынып, толықтай қамтамасыз етілген.   Шаруашылық 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Егіс егу және жинау кезінде 70 адамдай жұмыспен қамтылады.

Былтыр егін жинау барысында 750 гектардан орта есеппен 50 центнер өнім жинап, қамбаға 3750 тонна астық құйылды. Оның ішінде, күріш өсіруші Сәденов Өмірхан өзіне бекітілген 52 гектар жерден 66,9 центнерден өнім жинап, қамбаға 349 тонна астық құйған.

         Егілген 145 гектар бидайдан әр гектарына 7,2 центнер өнім алып, қамбаға 1044 центнер бидай құйған. Оның ішінде, бидай өсірушісі – Жолдыбаев Орақбай өзіне бекітілген 56 гектар жерге бидай егіп, 10,6 центнерден өнім жинады. Сонымен бірге, қамбаға 59 тонна бидай жинаған. Бекітілген – 257 гектар жерге егілген жаңа жоңышқадан 73000 дана жоңышқа шөп бастырған. «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салық есептіліктерін уақытылы тапсырып отырады, қызметкерлердің еңбек жалақысына қарызы жоқ. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясына қатысып, мектеп балаларына демеушілік көмек жасап отырады. 2021 жылы егін жинау барысында 700 гектардан орта есеппен 60 центнер өнім жинап, қамбаға 4200 тонна астық құйылды. Осы жылдың егін жинау қорытындысы бойынша II-дәрежелі дипломмен марапатталды.

Есқожаев Медеу Бердібайұлы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Құрмет Грамотасымен»,  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай, Қызылорда облысы әкімі Г.Әбдіқалықованың «Алғысымен» марапатталды.

        «Алтын-дән» мерекесіне орай, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Есқожаев Медеу Бердібайұлы мол өнім жинаған екі күріш еккен күріш өсірушіге Шүленбаев Ғибарат Мархабатұлы және Шайықов Амангелді Нұрмашұлына 2 автокөлік және механизатор – Қошқарбаев Жеңіс Нұрмағамбетұлына 500000 теңге ақшалай сыйлық, ақ егіс бригадирі – Жәми Мейрамбек Қазиұлына 500000 теңге ақшалай сыйлық және егіс бригадирі – Шайық Кеңес Нұрмашұлына 1 000 000 теңге ақшалай сыйлық табыстады. 2022 жылы 600 гектар жерге қара күріш сеуіп, әр гектарына 50 центнерден өнім жинап, қамбаға 3000 тонна астық құйған. Осы жылы Есқожаев Медеу Бердібайұлы Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғысымен», Қазақстан Республикасы оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың «Алғыс хатымен» марапатталды.

2022 жылы  Қызылорда облысы бойынша «Алтын-Дән» қорытындысы бойынша «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агрономы Шайық Кеңес Нұрмашұлы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталса, жаткист – Умадатов Аралбек Бағланұлы облыс бойынша «Үздік жаткист» номинациясымен марапатталды. Қазалы ауданы бойынша 2022 жыл «Алтын-Дән» қорытындысы бойынша «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Мол өнім жинаған екі күріш еккен күріш өсірушіге Шүленбаев Ғибарат Мархабатұлы және Жүсіпов Русланға, механизатор Келмағанбетов Арыстан Серікұлына, жоңышқа өсіруші Жолдыбаев Орақбайға бағалы сыйлықтар табысталды. «Агро-Өркен» ЖШС директоры Есқожаев Медеу Бердібайұлы күзгі егін жинау науқанына белсене қатысқан жұмысшы қызметкерлерге Шайық Кеңес Нұрмашұлы, Қошқарбаев Жеңіс Нұрмағамбетұлы, Келмағанбетов Арыстан Серікұлы, Алиев Нұркен Мусаұлына ақшалай сыйақы мен жоңышқа өсіруші Жолдыбаев Орақбайға (мотоцикл) бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Қызылорда қаласында және Қазалы ауданында болған жәрмеңкелерге күріш пен жем өнімдерін алып барды, халықтың сұранысы өте жоғары болды.

Қожабақы ауыл күніне байланысты 500000 теңге қаржылай көмек берген. Мектепке жол акциясы бойынша №25 мектеп және №97 мектепке оқушыларға демеушілік жасады. Қожабақы және Аранды ауылына бақша егетін жеке азаматтарға өз қаражаты есебінен жерін өңдетіп, бақша суғаруға су жеткізіп берді. Қожабақы ауылында орналасқан №25 мектеп және №97 мектептерге жыл сайын «Мектепке акцияға» қайырымдылық көмек жасап, мектеп оқушыларына қажетті оқу құралдарын алуға ақшалай көмек береді. Мектеп оқушыларының жарысқа қатысуына ықпал жасап көмегін созады. Қожабақы ауылында орналасқан мешітке жыл сайын демеушілік жасап, мешіттің ішін сыртын күрделі жөндеу жасалуына және қатты отын алуына көмек жасайды. Әлемді індет өршіген карантин  кезінде Қожабақы ауылының тұрғындарына 700000 мың теңге көлемінде азық түлік өнімдері таратылып берілді. Қожабақы ауылдық мәдениет үйіне демеушілік жасап, музыкалық аппарат алып берді. Есқожаев Медеу Бердібайұлы «Жастар жанашыры» номинациясымен марапатталды.  

2021 жылғы  «Алтын-дән» мерекесіне орай «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Есқожаев Медеу Бердібайұлы  мол өнім жинаған екі  күріш еккен күріш өсірушіге Шүленбаев Ғибарат Мархабатұлы және Шайықов Амангелді Нұрмашұлына 2 автокөлік және механизатор Қошқарбаев Жеңіс Нұрмағамбетұлына 500000 теңге ақшалай сыйлық, ақ егіс бригадирі Жәми Мейрамбек Қазиұлына 500000 теңге ақшалай сыйлық және егіс бригадирі Шайық Кеңес Нұрмашұлына 1 000 000 теңге ақшалай сыйлық табыстады.

Диқандар биыл да жылдағыдай егін маусымын еш алаңсыз бастай алады. Тек, Сырдың суы тобыққа түсіп, тапшылық туындатпаса болды. Дала жұмысы барысында айтылған дүниелерге сенсек, күз мезгілінде жылдағыдай мол өнім алуға мүмкіндік бар. Әрине, шаруаларға бөлінген бюджет пен бос жатқан жер толығымен игерілсе ғана.

Басын көтеріп, елден сұрағанша, басын иіп, жерден сұрайтын диқан қауымы осылайша, нәпақасын табу үшін тырбанып, тірлік жасауға кірісіп кеткен. Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін, осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған.

«Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласқан. Сондықтан, биылғы жылы да, ауданның еңбеккерлері күріштен тау тұрғызып, ел мерейін үстем етеді деген сенім мол.

Тағы да оқыңыз: