Kyzylorda-news.kz.  Халқымызда «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қанатты сөз бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеп келе жатқан еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Сондай сергек серпінмен Сыр өңірі, оның ішінде қазыналы Қазалы ауданының экономикасы да шапшаң ілгері басуда.

Облыстың даму бағдарламасын іске асыру бағытында және макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, жаңа міндеттер белгіленді.

Ауданның биылғы жылғы бюджет көлемі 13,1 млрд теңгені құрады, оның ішінде 2,3 млрд теңге (яғни 18,1 пайыз) өз кірісі, қалған 81,9 пайыз (10,8 млрд теңге) субвенция, трансферттер және кредиттер есебінде.

2023 жылдың 1 мамырына түсімдер жоспары 2 миллиард 966 млн теңге болса, орындалғаны 101,5 пайызды құрап отыр. 
Сонымен қатар, 2022-2024 жылдарға арналған салық және бюджетке төленетін төлемдердің резервтерін анықтау жөніндегі алгоритм бойынша корпоративтік және жеке, әлеуметтік табыс салықтарынан, жарнама обьектілерін орналастырудан, аукцион арқылы жер учаскелерін сатудан бюджетке 33,5 миллион теңге жоспардан тыс қосымша кіріс түсті. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін 150 млн теңгеге жеткізу межеленіп отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, бюджеттің шығындар жоспары есепті кезеңге 2 млрд. 719,2 млн теңгені құрап, 97,4 пайызға атқарылды. Бүгінгі күнге жылдық республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 5 пайызы, Ұлттық қордан бөлінген қаржының 9 пайызы, облыстық бюджеттен бөлінген қаржының 10,7 пайызы, аудандық бюджеттен бөлінген қаржының 26,7 пайызы игерілді. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100 пайызды құрады.

Ал, өндіріс көлемінің басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,6 пайызды құрады.

Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласында да біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінге дейін ауданда 6 654 кәсіпкер тіркеліп, жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Аталған кәсіпкерлердің нақты жұмыс жасап тұрғаны 6 480 адамды құрап, белсенділік көрсеткіші 97,4 пайызға жетті.

Өткен жылдың қорытындысымен аудан кәсіпкерлері тарапынан 20,7 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, 17 пайызға өсті. Мұнан бөлек, өткен жылмен салыстырғанда бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 7,9 пайызға көбейіп, 10 123 адамды құрады. Күнделікті сауда-саттықтың нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 3,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға көбейді.

Жыл басынан бері 22 кәсіпкерлік нысанның құрылысы басталып, 5 нысан пайдалануға берілді. 17 адам жаңа жұмыспен қамтылды. 
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келер болсақ, жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 126 жоба бойынша 1 млрд теңгеге несие және грант берілді.

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Өңірдің еңбекқор егіншілері мен диқандары қажырлы жұмыс атқарып келеді. Аудан бойынша биылғы жылы барлығы 17 612 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 6993 гектарды құрап отыр. (2022 жылы 17 402 гектар).

Атап айтқанда, дәнді дақылдар 7286 гектар, майлы дақылдар 65 гектар, картоп, көкөніс, бақша 2250 гектар, мал азықтық дақылдар 8 011 гектар. Қазіргі таңда, ауданда егіс дақылдарын егу жұмыстары толық аяқталып, 4 694 гаектар (100 пайыз) ескі жоңышқа толық тырмаланып, суғарылды.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3 928,7 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға артты.
Жалпы төрт түлік мал басында өсім бар және оның өнімдері де ұлғайтылды. 
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан жергілікті шаруа қожалықтардың жалпы құны 98,7 млн теңгені құрайтын 19 жобасы қаржыландырылды.

Тұрғындардың өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл жоспардан тыс 130 гектар (картоп-15 га, көкөніс-50 га, бақша-65 га) қосымша жер дайындалды.
Жалпы есепті кезеңде аудан бойынша 6 шет мемлекетке 449,4 тонна күріш, 341 тонна балық өнімі және 570,1 тонна қамыс экспортталды.
2023 жылдың 4 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 71,7 пайызға артық.

2023 жылы аудан экономикасына 21,5 млрд теңге инвестиция тартылады деп болжамдалды. Оның ішінде нақты шараларды жүзеге асыру арқылы жеке қаражат есебінен 9,6 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарда бар.

Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл аудан орталығында «Жанкент-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішті өңдеу зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауданның өңдеу өнеркәсібінің артуына өз септігін тигізеді.

Мұнан бөлек, білім және спорт салаларына жеке инвестиция тарту әлеуеті артып келеді. Мәселен, биыл аудан орталығынан жеке қаражат есебінен спорт кешені, Қ.Пірімов ауылынан 95 орындық және Ақтан батыр ауылынан 90 орындық балабақша салынатын болады.
Инвестиция тартумен қосарлас болып келетін құрылыс жұмыстарының көлемі 69 млн теңгені құрап, өсім 8 пайызды құрады.

Жыл басынан бері жеке сектор есебінен тұрғын үй құрылысына 1,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінде 14 523 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынды. Нәтижесінде тұрғын үй қоры 3,5 пайызға көбейді. Жыл соңына дейін кемдегенде 54 500 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл аудан орталығында аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үй салынады. Бұл мақсатта бюджеттен 480 млн теңге қаражат бөлінді.

Биылғы жылы аудан аумағында 12 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 4 жобасы өткен жылдан өтпелі болса, 8 нысан жаңадан басталған құрылыс нысандары болып табылады. Бұл жобалар үшін 2023 жылы 3 млрд теңге қаржы қаралды.
Бұдан бөлек, қаржыландыру үшін салалық министрліктерге жалпы құны 9,4 млрд теңге құрайтын 5 жобаның және облыстық басқармаларға жалпы құны 6,7 млрд теңге құрайтын 21 жобаның бюджеттік өтінімі ұсынылды.

2023 жылы барлық бюджет қаражаты есебінен аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу үшін 4 жобаға 1,2 млрд теңге және жалпы ұзындығы 30 км құрайтын елді мекенішілік жолдарды (52 көше) жөндеу үшін 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, 2024 жылға аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуді қаржыландыру үшін салалық министрліктерге жалпы құны 3 млрд теңге құрайтын 5 жобаның бюджеттік өтінімі ұсынылды.

Айта кету керек, «Бозкөл-Тасарық» аудандық маңыздағы автомобиль жолына (13 км) қайта жаңғырту үшін 687,3 млн теңге қаралуда. Сондай-ақ, «Лақалы ауылына кіре беріс» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін 351,5 млн теңге бөлінбек. «Бекарыстан би-Шөмішкөл» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту 685 млн теңге қаралды. Қазалы аудандық маңызы бар «Жанқожа батыр ауылына кіре беріс (3 км) автомобиль жолына күрделі жөндеу» жүргізу үшін 475,8 млн теңге қаралмақ. Аудандық маңызы бар «Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін 855,7 млн теңге бөлінбекші.

Бұдан бөлек, 2023 жылы «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде аудан орталығы Әйтеке би кенті, Түктібаев және Мұратбаев ауылдырының елдімекенішілік жолдары жөндеуден өтеді. Бұл үшін бюджет есебінен 670,7 млн теңге қаржы бөлінді.
«Шағын қалаларды дамыту» жобасы шеңберінде 2023 жылы жалпы құны 933,2 млн теңгеге Қазалы қаласының автомобиль жолдары мен электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 

Есепті кезеңде ауданның газбен жабдықтау деңгейі 7,1 пайыздан 14,3 пайызға жеткізілді. Биыл Абай ауылында газ желісінің құрылысын бастау үшін бюджет есебінен 41,1 млн теңге қаралды.
Қазалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. 2023 жылы 2 634 жұмыс орнын ашуды жоспарланып отыр. Есепті кезеңде 1 893 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 71,8 пайызға орындалып отыр (оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 348, уақытша жұмыс орындары – 1 545).

Бүгінгі күні жұмыс іздеуші ретінде 4 857 адам хабарласып, 1 678 адам жұмысқа орналасты.
Білім беру ұйымдары базасын жақсарту мақсатында, биыл Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысы және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Бұдан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 247 оқушы оқитын Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеу үшін бюджеттен 208,3 млн теңге бөлінді (жеңімпаз мердігер анықталуда).

Спорт объектілеріның жағдайын жақсарту мақсатында демеушілік есебінен саябақтар және демалыс алаңдары (сквер) жөнделуде. Сонымен қатар, биыл аудандық бюджеттен 22,1 млн теңге қаржы қаралып, Қазалы қаласы, Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қ.Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент ауылдарында спорт алаңдары жөндеуден өтуде.

Мәдениет саласында 2023 жылы Каукей ауылында 100 орындық клуб құрылысы пайдалануға берілетін болады.
Біздің қоғамның басты байлығы – адам және адамның денсаулығы екені рас. Оны айбынды Ата заңымыз да айғақтайды. Осы орайда, тұрғындардың денсаулығы, олардың дұрыс ем алуы – біздің күнделікті назарымызда. Қазалы ауданында тұрғындардың денсаулығын жақсарту күн тәртібінен түскен емес. 

Халық денсаулығын жақсарту мақсатында 2023 жылы Бозкөл, Абай, Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады. 
Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. 
Тұрғындар арасында қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру бағытында бекітілген іс-шара жоспарларға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, қосымша қылмыстылық, тәртіп бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдармен бірлесіп, тұрақты түрде түсіндіру, рейдтік жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын іске асыру үшін 49,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,2 млрд теңгеге немесе 1,5 есеге ұлғайды (2022 жылы 31,6 млрд теңге). 

Оның ішінде аудан бюджетінде 17,5 пайызы даму бюджеті, 25,3 пайызы еңбекақы қоры, 35,3 пайызы әлеуметтік сала және 14,7 пайызы ағымдағы жөндеу жұмыстары. Сонымен қатар, ауданның білім саласына 25 млрд теңге және денсаулық саласына 5,6 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бұл бөлінген қаражаттардың басым бағыттары әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамыту, құрылыс нысандарын салуға, жалпы халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға негізделген.

 

 

Тағы да оқыңыз: