Kyzylorda-news.kz  Қазалы аудандық мәслихатының «Әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссиясы Қазалы аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 30 наурыздағы кезекті бірінші сессиясымен құрылды. Комиссия құрамында үш депутат «AMANAT» партиясының, бір депутат «Ауыл» партиясының мүшесі болса, бір депутат өзін-өзі ұсынған. 
2023 жыл ішінде тұрақты комиссияның отырысында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен жыл басында бекітілген жұмыс жоспарға сәйкес төрт мәселе қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
2023 жылдың 12 мамыр күні «2022-2023 оқу жыл ішінде мектепке дейінгі білім берудің сапасы және оны жетілдіру жолдары бағытында атқарылған жұмыстар туралы» мәселе қаралып, Қазалы аудандық білім бөліміне депутаттардың ұсынысы негізінде бірқатар тапсырмаларды орындау сұралды.  
2023 жылдың 19 мамырда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрақты комиссияның жұмыс жоспарынан тыс «Аумақтарына отбасымен көшіп бармаған округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларының, мектеп директорларының мәселесі және қылмыспен күрес бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов пен Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовтың хабарламасы тыңдалып, депутаттар тарапынан аумақтарына көшіп бармаған ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен учаскелік полиция инспекторларын белгіленген мерзімде көшіп баруын сұрап, қаулы қабылданды. Қаулыда көрсетілген тапсырмалардың орындалуы депутаттардың тұрақты бақылауына қойылған. 
Сондай-ақ, 2023 жылдың 14 шілдесінде «Қазалы аудандық полиция бөлімінің 2023 жылдың жарты жылдығы бойынша атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы» мәселе қаралды. Комиссия отырысында депутаттар Қазалы аудандық полиция бөліміне Қазалы ауданы бойынша өсім алған қылмыс түрлерінің алдын алу, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтарды болдырмау, жастар арасында топтық төбелестің жолын кесу, мал ұрлығын азайту, учаскелік полиция инспекторларын қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, басқа да ұсыныстарын жеткізді.
2023 жылдың 30 қараша күні «Қазалы аудан бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарылған жұмыстар туралы» мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы хабарлама жасап, депутаттардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып қаулы қабылданды. 
Сонымен бірге, комиссия отырысында 2024 жылдың 20 ақпан күні «Білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру туралы» мәселе қаралды. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрғандықтан аудандық мәслихаттың депутаттары да бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. 
Халық қалаулылары 2024 жылдың ақпан айында сайлаушылар алдында есеп беру барысында ауылдық округтердегі мектеп асханаларының жұмысымен танысып, бірқатар кемшіліктірге көз жеткізді. Анықталған кемшіліктерді жою туралы депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, алдағы уақытта олардың орындалуы депутаттардың тұрақты бақылауында болады. 
Қазалы аудандық мәслихаттың «Әлеуметтік және мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссиясының 2024 жылға бекітілген жұмыс жоспарында: – Қазалы аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы; – Қазалы ауданы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылмағандардың жайы туралы; – Қала, кент, ауылдық округтердегі мәдениет үйлері жанындағы үйірмелердің жұмысы туралы маңызды мәселелерді комиссия отырысында қарау жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау барысында халық қалаулылары атқарушы органдармен бірлесіп көптеген іс-шаралар атқаруда. Атқарылған жұмыстардың барлығы да сайлаушылардың талап-тілектері мен өтініштерін орындау аясында жүргізілді. Алдағы уақытта да сенім мандатына ие болған депутаттар өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқара береді.

Тағы да оқыңыз: