Kyzylorda-news.kz  Бүгінде малдың жай-күйін баласынан кем күйттемейтін ауыл адамы таңертеңгі тірлігі алдымен қора жайынан бастайтыны белгілі. Егер, ішінде біреуінің жайы көңілінен шықпаса, дереу ауылдағы мал дәрігеріне хабарласып, дер кезінде ем-домын жасайды. Құдды, адам емдегендей. Үш мезгіл уколын салып, жарақаттанған жері болса дәрімен таңып, дым татпай қалса, аузына дәрі құйып, емдеп кетеді.

Олар жан-жануарды емдеп қана қоймайды, аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды. Сонымен қатар, малдан өндірілетін ет, сүт өнімдерінің сапасына бақылау жүргізеді. Көктем шықса, тізеден қи кешіп, елдің қорасынан шықпайтын да сол баяғы қарапайым мал дәрігерлері. Уақытылы екпесін салады, қан талдауын алады. Қыс-жаз демей ауру малға көмек көрсетуге әрқашан дайын тұруы тиіс. Сондықтан, бұл салада жүрегі мейірімге толы, жарқын, жігерлі, жүйкесі мықты адамдар жұмыс атқарса, ешқашан кәсібін ауырсынбасы кәміл.

Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте, «Қызылорда облысының ветеринария басқармасы» шаруашылылық жүргізу құқығындағы «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңы аясында тиісті жұмыстар атқаруда.

Эпизоотиялық және энзоотиялық іс-шаралар – биыл Қазалы ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі аурулар бойынша диагностикалық іс-шаралар жұмыстарына республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Бүгінгі күнге құтыру ауруына қарсы 10000 бас мүйізді ірі қараға, 20000 бас уақ малға, 2500 бас жылқыға, 2500 бас түйеге, 1500 бас итке, 500 бас мысыққа вакцина егілді. Аусыл ауруына қарсы – 25000 бас мүйізді ірі қараға вакцина егілді. Сібір жарасы ауруына қарсы – 19000 бас мүйізді ірі қараға, 50000 бас уақ малға, 13000 бас жылқыға, 8000 бас түйеге вакцина егілді. Күл ауруына қарсы – 15000 бас уақ малға вакцина егілді. Оба ауруына қарсы – 1000 бас түйеге вакцина егілді. Эхинококкоз ауруына қарсы – 3000 бас ет қоректілерге ветпрепарат берілді. Пастереллез ауруына қарсы – 10000 бас мүйізді ірі қараға, қарасан ауруына қарсы – 19000 бас мүйізді ірі қараға, 35000 бас мүйізді ірі қараны нодулярлы дерматит ауруына қарсы вакцина егілді. Вирусты диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруына қарсы – 10000 бас мүйізді ірі қараға вакцина егілді. Туберкулез ауруына қарсы – 1500 бас мүйізді ірі қараға аллергиялық тексеруден өткізілді.

Қазалы ауданында төрт түліктен тарайтын аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады. Соның ішінде, "Бруцеллез" (сарып) ауруына қарсы ауқымды іс-шаралар атқарылған.

Бруцеллез (лат. brucellosis) – ауру жануарлардан адамға жұғатын зоонозды инфекция. Ол адам ағзасының мүшелері мен жүйелерінің көптеген зақымдалуымен сипатталады. Бұл ауруды қоздыратын бактерияларды 1886 жылы ағылшын ғалымы Дэвид Брюс ашқан. Оның құрметіне олар бруцелла, ал, ауру бруцеллез деп аталды. Үй жануарларының барлық түрлері инфекцияға сезімтал.

Бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес – 30639 бас мүйізді ірі қара, 51576 бас уақ малдардан, 1867 бас түйеден қан сарысуы алынып, аудандық зертханаға жолданды. Олардың анализ қорытындысынан «теріс» нәтиже көрсетті.

Ал, құс тұмауына байланысты Қазалы ауданы көлемінде аталған ауруды болдырмау, алдын алу мақсатында осы жылдың ақпан айында аудан орталығына жоғары патогенді құс тұмауына қарсы вакцина жеткізілді. Қазалы ауданы бойынша үй құстарына көктемгі егу жұмыстары барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отыра жүргізіліп, жоспарға сәйкес – 8700 бас үй құстарына вакцина егілді.

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарына байланысты Қазалы ауданы бойынша компьютерлік дерек қор жүйесінде – 50724 бас мүйізді ірі қара, 94304 бас уақ мал, 48613 бас жылқы, 13017 бас түйе, 230 бас аша тұяқты бар. Аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің 30 қаңтар 2015 жылғы №7-1/68 санды «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Жыл басында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің 2023 жылға арналған жоспары жасалып, жоспарға сәйкес төмендегі ауылшаруашылық жануарлары бірдейлендірілді. Олар – мүйізді ірі қара малының бірдейлендіру жоспары – 14000 бас, сырғаланған мал басы – 6620 бас; уақ малының бірдейлендіру жоспары – 36700 бас, сырғаланған мал – 15781 бас; жылқы малының бірдейлендіру жоспары – 10000 бас, бірдейленген мал – 572 бас; түйе малының бірдейлендіру жоспары – 2100 бас, бірдейленген мал – 474 бас болды.

Құлақ жапсырмалары түсіп қалған ересек ауылшаруашылық жануарлары бойынша – 608 бас мүйізді ірі қара, 994 бас уақ мал, 4 бас түйе малдары қайта сырғаланып, дерек қор жүйесіндегі көне сырғадағы мәліметтері жаңа сырғаға ауыстырылды.

Сонымен қатар, статпен сәйкестендіру мақсатында қорадағы мал саны мен ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерек қор жүйесіндегі мал сандарын теңестіру жұмыстары жүргізілуде.

Иесіз иттер мен мысықтарды жою шаралары 2021 жылдың 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шығуына байланысты 2022 жылдың 2 наурызынан бастап, кәсіпорынның қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша қызметі тоқтатылды.

Үстіміздегі жылға кәсіпорынға иесіз иттер мен мысықтарды аулауға ешқандай қаржы қаралған жоқ.

Мал қорымдарының жайына тоқталсақ, Қазалы ауданы бойынша бүгінгі күні Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және ауылдық округтердегі мал өлекселерін тастайтын 8 мал қорымы (биотермиялық шұңқыр) типтік жобада салынып, пайдалануға беріп (Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, ауылдық округтер – Құмжиек, Сарыкөл, Көларық, Мұратбаев және Шәкен мен Арықбалық) ветеринариялық станцияның теңгеріміне берілді.

Мал қорымы – әртүрлі аурулардан өлім-жітімге ұшыраған немесе таралуының алдын алу мақсатында сойылған ауыл шаруашылығы және үй жануарларының өлекселерін ұзақ мерзімді сақтауға арналған орын.

Ауылдық округтердегі ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қарапайым түрде салынған ауылдық округтердегі мал қорымдарын жаңадан типтік жобада салынуына жұмыстар жасалуда.

Мал тоғыту жылына екі рет арнайы дезинфекциялық ерітіндіде жасалады. Бір атап өтерлігі, қойларды тоғыту кененің барлық түрінен, паразиттерден, биттерден және тағы басқа тазарту үшін маңызды.

Өткен ғасырда ұйымдасқан агроқұрылымдардың әрқайсысында қой-ешкілерді тоғыту өзінше бір науқан болып саналатын. Қазіргі таңда қой-ешкілердің барлығы жеке шаруа қожалықтардың үлесінде. Сондықтан мал тоғытуды әркім өз білгенімен жүргізуде.

Дегенмен, көптеген мал иелері қалай тоғытатынын, қандай препараттар қолданатынын толық біле бермейді. Сондықтан да мал тоғытуды мал дәрігерінің қадағалауымен жүргізген дұрыс.

Мамандардың мәлімдеуінше, мал тоғыту барысында қандай препарат қолданылатынын, препараттың пайыздық мөлшерін, судың температурасын, жануардың ерітіндіде болатын уақытын (1 минут экспозиция) қатаң сақтау маңызды.

Қойларда псороптоз (қотыр) ауруы жиі кездеседі. Ол ауру қой шаруашылығына орасан зор шығын келтіреді. Ауырған мал азады, жүні түсіп қалады. Қыс мезгілінде өлім-жітімге де ұшырайды. Оның профилактикасы – қой қырқу науқаны аяқталғаннан кейін мал тоғытпаларында шомылдыру. Неоцидол, диазинон, бутокс препараттары жақсы нәтиже береді. Тек, ерітіндідегі пайыздық мөлшері сақталуы тиіс, мысалы диазинон, неоцидол препараттары 240 литр суға 100 грамм мөлшерімен қосылады, бутокс 100 литр суға 100 грамм мөлшерінде. Жануар денесіне тез жұғу үшін, судың температурасы – 20 градустан төмен болмауы тиіс.

Псороптозға қарсы профилактикалық тоғыту 1 рет жүргізіледі, ал, псороптозға шалдыққан жануарлар тіркелген кезде 7-10 күннен кейін қайталап тоғыту қажет. Өйткені, кенеге қарсы қолданылатын препараттар қотырға шалдыққан малдардың денесіндегі ересек кенелерді ғана жояды. Олардың жұмыртқалары мен личинкалары 7-10 күнде ересек кенеге айналады. Сондықтан да, екі рет тоғытпаса, псороптоз қайта өршиді. Сонымен қатар, шаруашылықты кенелерден толық арылту үшін, мал қоралары мен шарбақтарын да, кенеге қарсы препараттармен залалсыздандыру қажет.

Мал тоғыту ванналарына қатысты Қазалы ауданы бойынша 6 ауылдық округтеріндегі (Шәкен, Аранды, Тасарық, Майлыбас, Құмжиек, Арықбалық) мал тоғыту ванналарының есіктері қайта салынуын, тазалау жұмыстарының ұйымдастырылуын және алдағы уақытта да, мал тоғыту ваннасының қалыпты сақталуына байланысты ауылдық округ әкімдіктеріне хат жолданды. Өткен жылы су ұстамай, тесіліп қалған екі ауылдық округіндегі (Құмжиек, Арықбалық) мал тоғыту ванналары қалыпқа келтірілді. Аталған ауылдық округтердегі мал тоғыту ванналары көктемгі мал тоғыту маусымына толықтай дайын.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы атқарылып жатырған іс-шаралар да тоқтаусыз жүргізіліп тұрады. Атап айтқанда, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарында 2024 жылы көктемгі эпидмаусымда жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстарының кестесі бекітіліп, бекітілген кестеге сәйкес, Қазалы ауданы бойынша қолайсыз болып табылған – 19 елді мекенде (Пірімов, Басықара Водокачка, Үйрек, Сарбұлақ, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғ.Мұратбаев, Майлыбас, Бозкөл, Отгон, Байқожа, айдакөл, Түктібаев, Бірлік, Бекарыстан би, Мәдениет, Кәукей, Өркендеу) мал қоралар мен ауылшаруашылық жануарларын кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 17 мамырдан бастап, екі кезеңде жүргізіледі.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз – 19 елді мекендегі тұрғындар арасында көктемгі залалсыздандыру жұмыстарына дайындық жүргізуге (қораларды механикалық тазарту туралы) және де, ауру туралы түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілуде.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – ауыр интоксикациямен, айқын геморрагиялық синдроммен сипатталатын және иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін табиғи-ошақты трансмиссивті ауру. Латын тілінен аударғанда «геморрагия» қансырау деген мағынаны білдіреді. Аурудың қоздырғышы – арбовирус. Ол төмен температураға төзімді, бірақ қайнатқан кезде тез өледі.

Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) ауруын 1944-1945 жылдар аралығында ресейлік вирусолог М.П.Чумаков анықтады.

Конгода 1956 жылы Конго деп аталатын вирус безгегі бар науқастың қанынан табылып, ал 1969 жылы Қырымда табылған вируспен сәйкестігі анықталған.

Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары – Жамбыл, Қызылорда, Түкістан облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан.

Қазалы ауданымыз бойынша қазіргі таңда тұрғындардың қаражаты есебі мен өтініштеріне сәйкес – 680 бас мүйізді ірі қараға, 1360 бас уақ малға, 150 бас жылқыға эндопаразиттер мен эктопаразиттердің алдын алу мақсатында Айвен, Ивермектин, Аверсект және тағы басқа ветпрепараттары егілді.

Сібір жарасының көне ошақтарына да алдын алу жұмыстары тоқтатылған емес. Қауіпсіздік кеңес отырысының 2014 жылғы 13 қарашадағы хаттамасына байланысты ауданнан құрылған жұмысшы тобының үш рет отырысы өткізіліп, хаттама жасалынды. Бұл ауру ошақтарын сұрастыру барысында, жергілікті тұрғындар арасында бұрынғы көнекөз қариялардың білетін кісілердің арқасында ауданда белгіленген 10 сібір жарасы көмінділері анықталды.

Жалпы, Сібір жарасы – бұл қоздырғышы Bacillus anthracis спора түзуші бактериясы болып табылатын жануарлар мен адамның жіті жұқпалы ауруы. Сібір жарасының үш түрі бар: терілік, өкпелік және ішекті. Терілік түрі басым, сирек – сепсис құбылыстары (шіруі) бар өкпе және ішек түрі. Бұл ауру адамға ауру жұқтырылған жануардың терісімен және жүнімен жанасудан немесе залалданған етті тұтынудан жұғуы мүмкін. Сібір жарасын адамға жұқтырушы ол – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Сібір жарасы ауруының ауыр ағымы бар және ол науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан, сібір жарасына күдікті болса, дереу дәрігерге хабарласқаны жөн дегенді алға тартады мамандар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №136-шы бұйрығымен бекітілген Күйдіргінің алдын алу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарға сәйкес қоршап, белгі қоюға байланысты Қазалы ауданы әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, 6 сібір жарасы ошағын қоршау жұмыстары аяқталып, қауіпсіздік сілтемелері орнатылды. Қазалы аудандық ветеринария бөліміне тұрақты жер пайдалану құқығы беріліп, мемлекеттік жер актісі алынды. Қазалы аудандық жер қатынастар бөлімінің хатында көрсетілгендей, үшеуі орман қорығының санатында орналасқандығы белгілі болды. Олар: Шәкен ауылдық округіне қарасты «Түрікпен» және «Ақиін»,  Тасарық ауылдық округіне қарасты «Ақшабатыр» учаскелеріндегі сібір жарасы ошақтары.

Майлыбас ауылдық округіне қарасты «Жалғасбай» учаскесінде «Сібір жарасы» көміндісіне қоршау жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік сілтеме орнатылды. Алайда, жер актісі алынған жоқ. Себебі, аталған жер жалға алынған. Ресей жерінде орналасқандықтан Қызылорда облысы әкімінің атынан Байқоңырдағы «РОСКОСМОС» басқармасының басшысына хат жолданып, жауап алынды. Бұл мәселе мемлекет аралық келісіммен шешілетін болады.

Сонымен қатар, барлық сібір жарасы ауру ошақтары қоршалып, қауіпсіздік сілтемелеріндегі жазулары қайтадан жазылып қалпына келтірілді.

Түсіндірме жұмыстары ұдайы ветеринария мамандарының тікелей атсалысуымен жүргізіледі. Жоспарға сай, Қазалы ауданы тұрғындары арасында ауыл шаруашылығы жануарларынан жұғу қаупі бар жұқпалы ауруларды болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстары атқарылуда. Бүгінде Қазалы ауданы бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Фото: baq.kz

Тағы да оқыңыз: