Kyzylorda-news.kz. Қармақшыда кәсіпкерлік сала қарқынды дамып келеді. Айталық Нұрсұлтан Алтынбекұлы осыдан бірер жыл бұрын аудан орталығында жоқ тың кәсіптің түрі – кілем жуу орталығын ашқан болатын. Жұбайы да кәсіптің ауылынан алыс емес. Фаризаның тәтті торттар пісіріп, таптырыс қабылдап кәсібін дөңгеленткенне міне 6-7 жылдың жүзі болды. Қармақшыдағы ең дәмді әрі бағасы көлеміне сай торт жасайтын кондитерлер қатарында осы келіншек көш бастап тұр. Жарасымды жұптың аудан халқына көрсетіп жүрген сапалы қызметіне жерлестері дән риза. Жақында қос кәсіпкердің қонысында болып, олармен жақынырақ тілдескен едік.
Сауда саласында қызмет еткен белгілі кәсіпкер Алтынбек Демесіновтің балалары да осы салаға бейім өсті. Шаңырақтың кенжесі Нұрсұлтан да дәулетті отбасынан шықтым деп қызмет таңдамады. Жалданып жұмыс та істеді, 18 жасынан базарда киім де сатты. Күш жігерім барда неге қамданбасқа деп үйінің ауласынан көлеңке жасап, қолдап кілем жуды. Жұмысбасты жандар уақыты болмаған соң қандай қызметті болса да ақысына істетуге бар. Аяқ астында жатқан соң төсеніш кірлемей тұрмайды. Жылына бір жууға тура келеді. Оны тазарту үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Жыл он екі ай қызмет көрсететін Нұрсұлтанның «Нұр таза кілем» орталығына хабарлассаңыз бол¬ғаны өзі алып кетіп, небәрі 1 күнде жуып, кептіріп, дүкеннен әкелгендей етіп береді.
Жұмыс барысы қалай жүретінін білмек үшін кілем жуу орталығын аралап көрдік. Іші кең, барлық қажетті техникаларын Түркиядан тапсырыспен алдырған. Бір бөлме кептіру құралдарымен жабдықталған. Жігіт¬терде бос уақыт жоқ, күнделікті жұмыстарын жасап жатыр. Жуылған кілемнің, енді жуылуға кезекте тұрғанын санауға саусақ жетпеді. Бұл – орталықтың қызметіне көптің көңілі толатынын аңғартады.
«Осы техниканың барлығына 12 млн теңге жұмсадым. Тапсырыс жаман емес. Қыс, жаз деп мезгіл таңдамаймыз. Күніне 10-15 кілем жуамыз. 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтадым. Соның арқасында «Кілем жуу орталығы» жобасын қорғап, 583 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алдым. Грант қаражатына бизнес жоспарға сәйкес 2 дана кілем жуу құрылғысын алдым. Аудан орталығынан бөлек, ауылдық жерлерден тапсырыстар түсіп жатады. Арнайы көлікпен тасымал қызметін де ұйымдастырдық. Қосымша екі адамды жұмысқа алдым. Бізге келген тапсырыс еш уақытта кері қайтқан емес. Әр тапсырысқа мұқият қараймыз. Егер ойдағыдай жуып бермесек келесі жолы біздің орталыққа келмейтін болады. Ал біз істеген дүниеміз сапалы шыққанын қалаймыз. Барлығын тексеріп, қабылдап алады. Тұрғындардың дені ризашылығын білдіреді деп сеніммен айта аламын», дейді жас кәсіпкер Нұрсұлтан.
Фаризаның да ас бөлмесінде торт пісіретін техникалардың түр-түрі, тоңазытқышында қажетті заттары толып тұр. Оның ұқыптылығы мен тазалығы жасаған тортының келбетінен-ақ көрініп тұрады. Бір өзі көмекшісіз үйдің тірлігін үлгертіп, жардың қас-қабағын бағып, атаның ас-ауқатын әзірлеп, баланың бабын тауып, кәсібін дөңгелетіп жүргеніне қайран қаласыз.
«Алматы қаласынан жоғары оқу орнын бітірдім. Алайда мамандығыммен жұмыс істемедім. Шаңыраққа студент күнімде келін боп түстім. Маған ақша тап, жұмыс істе деген ешкім жоқ. Қол қусырып қарап отырғанға жаным қас. Әдепкіде той-томалаққа самса, бәліш, тоқаш, пирогтарға тапсырыс алып жүрдім. Кейін торт жасауға қызығып, офлайн, ақылы шеберлік сыныптарына қатыстым. Қызыл бархат тортының енді шығып жатқан кезі. Қызылордадан оқып келіп, қажетті құралдар алып, торт пісіруді 2017-2018 жылдары бастап кеттім. Содан бері мен өз қолымды тапқандаймын. Қазір бірнеше торттың түрін пісіремін. Өзім де сабақ өткізіп, біраз қыз-келіншекке білгенімді үйретіп жүрмін. 2 үлкен пешім, 4-5 миксерім бар. 2021 жылы мен де қайтарымсыз 583 мың теңгенің грантын жеңіп алдым. Оған қосымша тағы да заттар алып, кем-кетігімді толықтырдым. Алдағы уақытта кент орталығынан қаладағыдай кондитерлік дүкен ашуға ниеттеніп жатырмын», дейді ақылына көркі сай келіншек.
«Анам марқұм Фаризаны жақсы көретін. Бірақ көптен күткен келінінің шаңыраққа келгенін көре алмай кетті. Бірақ өзі қалаған келіні орнын жоқтатпай үйіміздің берекесін кіргізіп отыр. Әкемізге тек қызық, қуанышымызды көрсеткіміз келеді. Тұңғышымыз Абылай 2-сыныпта оқиды. Шерғазы балабақшаға барады. Сезіміміз 2 жаста. Келіспей қалатын кезіміз жоқ. Екеуміз тез ұғынамыз. Береке – бірлігі бар отбасында ғана болады. Өмір бойы бір-бірімізбен осылай сыйласып, сырласып өтсек арманымыз жоқ, – дейді Нұрсұлтан Алтынбекұлы.