Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қармақшы ауданының кәсіпкерлері ата кәсіпті қолға алып, мал шаруашылығы өнімін өндіруге бет бұрған. Соның бірі – Дүр Оңғар ауылына қарасты «Айман» шаруа қожалығы.
Бұл шаруашылық мал өсіріп қана қоймай, одан шығар өнімін бүгінгі талапқа сай өңдейді. Сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құрып, кейін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 10 млн теңге несие алған.
Жас кәсіпкер Дархан Айманов ауылдан «Айман» шағын сүт цехын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Ағарғанды қайта өңдеп одан үш түрлі өнім алуда.
«2018 жылы оқу бітіріп, ауылда бір жыл жұмыссыз жүрдім. Құр бос жүргеннен пайда болмас деп кәсіп ашуды ойладым. Бұл ойымды қолдаған ата-анам маған ауылдан сүт зауытын ашуды ұсынды. Себебі мұндай жаңаша кәсіптің түрі бізде ашылмаған. Әуелі мал басын көбейтуге «Микробизнес Қызылорда» жобасы арқылы несие алып, оны уақытынан бұрын өтедім. Ешқандай қиындық болған жоқ. Әрі қарай кәсібімді дамытып, сүт цехын ашу үшін тағы да өңірлік инвестиция орталығынан 10 млн теңге несие алып, Ресейдің Екатеринбург қаласынан сыйымдылығы 500 литр сүт өңдейтін құрылғысын алдырдым. Кәсібіміз жақында ашылғасын әзірге 150 литр сүттен түрлі өнім алудамыз. Себебі жаз айында ағарғанды сақтау қиын. Оның үстіне өніміміз көпшілікке енді танылып жатыр», – дейді жас кәсіпкер.
Цех шағын төрт бөлмеден құралған. Бірі сүт өңдейтін бөлме, ыдыс-аяқ жуатын орын, ағарғанды сақтайтын салқын бөлме және демалыс орны бар. Кәсіпкер бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Күнделікті ауылда сүт алатын 3-4 төрт орным бар. Олардан нарықтағы бағамен сатып аламын. Одан бөлек үйдегі сиырлардың сүтін қосып бір күн қоямын. Цехта жұмыс азанмен ерте басталады. Жиналған сүтті өңдеп одан ірімшік, кілегей, балмұздақ жасаймыз. Сөйтіп, 8-ге дейін жұмысты бітіреміз. Өйткені тоқтың күші сол уақытқа дейін өз қуатында болады. Одан кейін ауылда жұмыс басталды дегенше жарықтың күші төмендейді. Бастапқы кезде аздап қиындық болды. Тоқтың күші жетіспеді, құрылғымыз жаңа болғасын өнімнің құрамында қышқыл дәм болды. Қазір бәрі реттелді», – дейді ол.
Дүроңғарлық кәсіпкер әзірге кілегей, құрт, сүзбе сияқты күнделікті қажетті өнімдерді аудан халқына ұсынып отыр. Ал жаз айларында шағын цехта балмұздақ дайындалып, ауыл қарадомалақтары да тәттіге қарық болыпты.
Дархан осы кәсіпті ашуды 3 жыл жоспарлаған. Сүт цехының атауын атасының есіміне қойды. Облысқа құрт жіберсе, аудан мен ауыл дүкендеріне ірімшік, кілегей, балмұздақ таратады.
Дархан Айманов алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттек қосымша қаршылай қолдау тауып жатса, құрылғылар алып айран, қатық, қаймақ, йогурт шығаруды көздейді.