Kyzylorda-news.kz. Дамыған елдерде экономиканың қозғаушы күші бизнес екені белгілі. Шағын және орта бизнес қарыштап, дамыса, халық кәсіппен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің де өсіп өркен жаяры анық. Бүгінде Қармақшы ауданында бәсекеге қабілетті, жан-жақты кәсіпкерлердің қатары күн өткен сайын көбейіп келеді.

Сондай кәсіп иесінің бірі – Нағашыбай Сатыпалдиев. Бұл жанды ауданда танымайтын адам кемде-кем. Талай адам ол кісінің фотоаппаратына суретке түсіп, шығарған суреті кімнің де болсын үйіндегі альбомында естелік болып сақтаулы тұрғаны анық. Тіпті әр мерекеде орталық алаңда түскен отбасылық суреттердің авторы бұл ағамыз.

Иә, былтыр «Ерлан» фотосалоны кеңейіп, жаңа ғимартқа кірген болатын. Әкелі-балалылардың бизнесі незінде «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Фотосалонды кеңейту» жобасымен мемлекеттен 9.0 млн теңге қайтарымды несие алып ескі ғимаратты бұзып, қайта заманауи үлгідегі жаңа ғимарат негізінде кәсіптерін қайта жандандырып отыр. Іскер жігіттің қарап отырмай өз кәсібін ашуына «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының септігі тигенін айтады. Осыған дейін ескі ғимаратта жұмыс істеген олар бүгінде су жаңа фотосалонда халыққа қызмет көрсетіп келеді. «Ерлан» фотосалоны Жосалы кенті, Абай көшесінің бойында орналасқан. Мұнда суретке түсірумен бірге, компьютерлік безендіру, әрлеу, көшірме жасау, құжаттарды шығарып беру және канцеляриялық, мерекелік жиынтық тауарлар сату қызметтер ұсынылады.

«Кезінде осы кәсіпті әкем бастаған. Отбасылық кәсіпті дамытып, жалғастырғым келді. Ескі ғимаратты бұзып, қайта салдым. Ағымдағы жылдың шілде - қараша айлары аралығында ғимараттың құрылысын жүргіздік. Қазіргі таңда сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтап, іске қостық. Көптен бергі арманы орындалды. Алдағы уақытта жоспарларымыз көп», дейді Ерлан Нағашыбаев.

Жақында Нағашыбай Сатыпалдиевтің фосалонындағы ескі жәдігерлерді көріп сүйсіндік. Ол Нағашыбай ағаның осы кезге дейін қолданған фотоаппараттары екен.

Бөлменің бір бұрышына қойылған сөредегі ескі фотоаппараттар сырттан келгендерді бір қарағанда қызықтырмай қоймайды. Мұнда сонау фотоаппараттың бастапқы кездегі түрінен бастап кезеңімен жинақталған. Бір қызығы солардың бәрі әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ағамыздың рұқсатымен бір-екеуін қолға алып, ұстап көрдік. Салмағы да баршылық. Қызық көріп фотоаппаратының санын сұраған едік, «бұл жердегісі жартысы ғана» деп жауап берді.

«Өзім ұстаған фотоаппараттарымның нақты саны есімде жоқ. Үйдегі сарайымда қорапқа салып жинап қойғандарым қаншама?! Жаңа ғимаратты жақында аштық. Көзімнің қарашығындай ұстап сақтаған фотоаппараттарымның бір парасын осында қоюды шештім. Бұлар менің ғұмырым десем де болады. Әрқайсысының атқаратын жұмысы бір болғанымен маркалары бөлек. Мәселен, мына «камера» деп аталатын фотоаппарат жиналмалы. Баяғы киноларды көрсеңіз үстіне жамылғы жауып суретке түсіріп жатады. Бұл солардың бірі. Қасындағысы кассетасы. Пленканы соған шақтап орналастырады. Одан кейінгілер «Зенит», «Киев-80», «ФЭД», «Пентагон», «Kodak», «Canon» әрі қарай кете береді. Соның ішінде көп қолданғаным «Зенит» фотоаппараты. Бұлар жақсы жасалған әрі ұзақ жұмыс істейді. Таза механикалық құрал. Байқасаңыз саусағымның ізінен жазулары өшіп қалған. Әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ішінде пленкасы бар»,  деді Нағашыбай бірін таныстырып.

Ағаның әр фотоаппараты өзіне қымбат екені көрініп тұр. Бұған дейін сұрап келген дерге ешқайсысын пұлдап та бермепті. Қолына ұстағанын ұқыптап алған орнына қайтадан салып қояды. Бүгінде мұндай өзі тұтынған дүнияны көзінің қарашығындай сақтайтындардың қатары сирек. Болғанның өзінде не сатып жібереді болмаса мұражайға өткізеді.

Нағашыбай Сатыбалдиев бар ғұмырын фотограф саласына арнаған білікті маман. Бір сөзбен айтқанда, ауданға танымал фотограф болған Ясин Ұзақбаевтың ізін жалғағандардың бірі. Осы мамандыққа келуіне сол кісінің ықпалы тиіпті.

«Ол кезде мектеп қабырғасындағы оқушымын. Бітіруіме де жақын қалған. Ол кісінің фотографиясы үйге жақын болатын. Мен қызығып барып жүргенімде бір күні «Нағашыбай, сен оқуды бітіргелі тұр екенсің, саған ақылым фотограф бол» деді. Содан қасында жүріп үйрендім. Фотогра- фиясын қабылдап алдым. Кейін ауданға Сағындық Назаров деген кісі келді. Ол Төретамда телестудиясында кореспондент болып жұмыс істейді екен. Бізге 6 айға жұмысқа келген. Сол кісіден көп нәрсе үйреніп, әрі қарай аяққа тұрып кеттім. Көптеген жерлерге шақыртумен баратынбыз. Ұмытпасам 1969 жылдан бастап осы саладан қол үзгенім жоқ. Қазір жеке кәсібім болған «Ерлан» фотосалоны әлі күнге халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жақында жаңа ғимаратқа көштік. Бірақ осыдан кейін толық өз жұмысымды аяқтап, кәсібімді балам мен келініме тапсырып, бір сөзбен айтқанда демалысқа шығып жатқан жайым бар»,  деді ағамыз.

Фотограф болу сырт көзге жеңіл жұмыс көрінгенімен, оның да өзіндік қыр-сыры бар. Оны кейіпкерімізбен сырла су барысында көзбен көріп, іштей ұғындық.

Тағы да оқыңыз: