Kyzylorda-news.kz  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның барлық азаматтары саясатта, экономикада, халық шаруашылығының барлық салаларында ортақ мүдде үшін еселі еңбек етуде.

Қазірде Қармақшы ауданының әлеуеті экономикалық, әлеуметтік, білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт салаларында, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда биік белестерді бағындырды.

Біріншіден, Қармақшы ауданының халқы соңғы 20 жылда көшу үдерісіне қарамастан 15 пайызға өскен.

Екіншіден, даму, өркендеп өсу тікелей қаржыға тірелетіні белгілі. Өткен ғасырдың соңғы кезеңінде Қармақшы ауданының бюджеті 200 млн теңге шамасында болды. Оның негізін жоғарыдан келетін субвенция құрады. Оның ішінде білім, денсаулық салаларының қаржысы да болды. Өткен жылы аудан бюджеті 13 млрд теңгеге жетті. Білім мен денсаулық саласы облыстан қаржыландырылуда. Өз түсімі 9 млрд, аудан бюджеті кірістері 2 млрд теңгені құрады.

Үшіншіден, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына негізделгені баршаңызға белгілі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қолдауға Ел Президенті ерекше көңіл бөліп отыр.

Егіншілікте әртараптандыру, технология, техника, суару жүйесі жетілдіріліп, аудан бойынша әр гектардан 60 центнер, жалпы 826 мың центнер күріш салысы жиналды. Ал кеңес кезеңінде әр ауылдағы шаруашылық гектарына 40-45 центнерден өнім алып, 100 мың центнер астық жинау үшін күресетін Жаңажол, III Интернационал, Ақтөбе ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар 130-180 мың центнерден өнім жинауға қол жеткізді.

Ата кәсіп болып саналатын 4 түлік малды өсіру мен өнім өндіруіне келсек. Соңғы 25 жылда мүйізді ірі қара 275 пайызға, қой мен ешкі 200,5 пайызға, жылқы 613,8 пайызға, түйе 356,8 пайызға өскен. Бұл арнайы шаруашылық құрылымдары арқылы өсіріліп, жан-жақты дамыды деген 1980 жылдармен салыстырсақ мүйізді ірі қараның 1,5 есе, ал жылқы мен түйенің 4-5 есе өскенін көрсетеді. Өкініштісі, уақ мал 3 есеге кеміген.

Төртіншіден, халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға тікелей әсер ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4323 бірлікті құрап, соңғы 20 жылда 5,2 есе өскен. Саны ғана өсіп қоймай сапа жағынан да, қызмет көрсету түрі жағынан да өскен. Өнім өндіру көлемі 22,4 есе ұлғайған.

Білім саласында да едәуір жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, аудандағы мектептердің 11-і типтік жобамен жаңадан салынса, балабақшамен қамтылуы 100 пайызға жетті.

Денсаулық саласында да даму бар. Аудандық емхана, ауылдарда 5 емдеу орыны жаңадан салынып, халыққа қызмет көрсетуде.

Мәдениет саласына келсек, ауданда 6 жаңадан мәдениет үйі салынды. Аудан бойынша спорт кешені бұрын біреу болса, жаңадан 5-еуі салынуда. Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Инфақұрылым бойынша Төретам кентінде бұрын 1 көше ғана асфальттанса, қазір 33 көшенің 30 асфальттанған, 3 мектептің 2-еуі жаңадан, 4 балабақшаның 3-еуі жаңадан салынса, су, газ жүйесі тартылған. Жосалы кенті бойынша 122 көшенің 90-нына асфальт төселіп, көше жарығы орнатылған, 22 көшеге тас төселген. 8 мектептің 3-еуі жаңадан, 2 спорт кешенінің 1-еуі жаңадан, бірнеше ойын алаңдары, саябақтар мен демалыс орындары халыққа қызмет көрсетуде.

Қорыта айтатын болсақ, еліміз жыл өткен сайын бірте-бірте өсу дәуірін басынан өткізді. Оны облысымыз бен аудандардағы экономикалық жағынан өсуі мен әлеуметтік дамуынан, ауыл келбеті мен ажарының сәулеттене түсуінен айқын көрініс табуда. Оны өткен жылғы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған 3 азаматтың қатарында ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев және «Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы гран-приін облысымыздың «Абай Дәулет» ЖШС-нің иеленуі – облысымызға берілген үлкен баға.

Алдағы уақытта дамуымыз одан әрі қарқынды бола бермек. Оған Мемлекет басшысының төменде қойған міндеті негіз болмақ. «Маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Алдымызда тұрған аса маңызды міндет – ауылды жан-жақты дамыту. Бұл түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық» деп көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жобаның игілігін қармақшылықтар да көре бастады.

Тағы да оқыңыз: