Kyzylorda-news.kz Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Онсыз өсу де, өркендеу де болмақ емес. Ал халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуда өңдеу өнеркәсібінің ықпалы өлшеусіз. Елдегі бұл жағдайдың қарқыны қандай деңгейде? Аймағымызда қалай? Ал Қармақшы ауданының қарқыны қандай? Тарқатып көрелік. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өткен жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында «жаңа экономикалық бағдар» аясында өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруді жүктеді. Былтыр бұл салада бірнеше салмақты жоба іске қосылды. Ал биыл серпінді жобалардың үлкен тобы өмірге жолдама алмақ. Қазірдің өзінде сала қарқыны жақсы. Үкіметтің дерегінше, өткен жылы шикізаттық емес сектор экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналды.

Ел Президенті шикізаттық емес салаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қалыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды.

Мемлекет басшысы «Ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» бірқатар жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Үкімет соның ішінде бастапқы 15 жобаны 2024 жылы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте мемлекет қазақ жерінің қойнауынан шығатын металдарды шикізат пен руда күйінде шетелге тасымай, терең өңдеуі, сондай-ақ мұнай-газ және көмір химиясына, ауыр машина жасауға, уранды конверсиялап, байытуға, автобөлшектер, тыңайтқыштар шығаруға айрықша назар аударатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық саясат аясында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құрылатынын мәлімдеді.

Мемлекет жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі шарт. Ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек.

Бұл іске кіріспес бұрын ел Үкіметі өңдеу өнеркәсібін дамыту саласына талдау жүргізіп, әрбір сектордың бәсекелі артықшылықтарын және халықаралық нарықта алуы мүмкін орнын айқындады. Белгілі болғанындай, соңғы бір жыл ішінде республика шетелден 47,2 миллиард доллардың дайын өнімін импорттапты. Осы көлемнің жартысына жуығы немесе 20 миллиарды – машина жасау секторының еншісінде. Ары қарай химиялық өнеркәсіпке – 4,5 миллиард, тамақ өнеркәсібіне – 3,8 миллиард, қара металлургия өнімдеріне 2,8 миллиард доллар тиесілі. Осының бәрі болмағанымен, үлкен бөлігін Қазақстан өзінде өндіре алады. Себебі қажетті шикізаттың бәрі өзінде бар. Осыдан өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін аңғаруға болады: ол ішкі нарықтың мұқтаждығын өтеп, елдің экспорттық мүмкіндіктерін өрістетуі керек.

Елімізде өңдеу өнеркәсәбінің қарқынды өсуі байқалады. Айталық, 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға көтерілген. Әсіресе, машина жасауда оң серпін байқалады. Бұл бағыттағы өсім 26,8 пайызға жетті. Оның ішінде автомобиль жасау 40,9 пайызға, электр жабдық өндірісі 32,2 пайызға артқан. Сонымен қатар, Үкімет есебінде азық-түлік өндірісі 1,9 пайызға, металл бұйымдарды жасау 3,7 пайыз, жеңіл өнеркәсіп 11,7 пайызға, құрылыс материалдарын жасау 4,1 пайызға артты. Өткен жылы елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126 жаңа жоба іске қосылды. 8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, жұмысқа орналастыру қала мен аудан, тіпті ауыл тұрғындарын да қамтуда.

Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясаты өнімділігі жоғары, экспортқа бағдарланған экономиканы құруға және шикізаттан өңдеуші өнеркәсіпке көшуге бағытталып отыр. Осы мақсатта биыл мемлекеттік ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтамасыз ету механизмдері қосылған Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

2022-2023 жылдары даму институттары өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыруға 620 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіпке 3 пайызбен, тұрмыстық техника сияқты терең өңделген өнім өндірушілерге 9 пайызбен несие беріледі. Шағын және орта бизнестің 2 млрд-тан 7 млрд теңгеге дейінгі жобалары үшін 8 пайызбен несие беру қарастырылған.

Ел экономикасы үшін ең негізгі және маңызды жобалар қатарында Дөң тау-кен байыту комбинатының жиналған шламдарын өңдейтін байыту фабрикасы, Қарағандыдағы арнайы кокс шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылса, Саран қаласының индустриялық аймағындағы Silk Road Electronics зауытында отандық тұрмыстық техника өндірісі, Қарағандыдағы әк шығаратын зауыт Жетісу облысындағы керамикалық плитка өндірісі секілді бірқатар жобалар жұмысын бастады. Бұдан бөлек, ішкі нарыққа бағытталған өнімдер шығаратын бірқатар шағын және орта жобалар іске қосылды:

Шымкентте инвестицияның жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын өндірісі жобасы іске қосылса, Батыс Қазақстан облысында жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 млрд теңге болатын бигбег (жұмсақ контейнерлер) шығару жобасы іске қосылды.

2023 жылы Қазақстанда бұған дейін елімізде өндірілмеген жаңа тауарлардың өндірісі жолға қойылды. Олардың қатарында мұнай-химиялық реагенттер, айнымалы жиілікті жетектер, күн батареясының картридждері, жоғары тұрақты электр үнемдейтін кварцтық генераторлар, электронды температура түрлендіргіштері және мембрандық бөлгіштер жүйелері, сондай-ақ жоғары вольтті вакуумдық автоматтық ажыратқыштар және көп функциялы есептегіштер бар.

Биылғы елеулі жетістіктердің бірі – Qarmet комбинатының Қазақстан меншігіне қайтарылуы. Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келісімді еліміз үшін айрықша маңызға ие мега-мәміле деп атауға болады. Меншік иесінің ауысуымен кәсіпорынға бірінші кезеңде шамамен $1,3 млрд жеке инвестиция салынады. Бұл қаражат құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға бағытталады. Ел Үкіметі шартты бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензияларын қайта қарау жұмыстарын жүргізуде. Биыл 54 келісімшарт тоқтатылып, қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген 96 лицензия қайтарылды. Міндеттемелерді бұзғаны үшін 6,4 млрд теңге айыппұл салынды. Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутек, боксит, полиметалл және тағы басқа кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға қойылады. Бұл жер қойнауын пайдалану секторына қосымша инвестиция ағынын қамтамасыз етеді.

Өңірімізде де өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен былтырғы жылы Қызылорда облысының экономикалық әлеуетіне тікелей ықпал ететін салаларда даму қарқыны айтарлықтай жоғары. Экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша облысымыз республикада көш басында.

Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан (6,6 пайыз), өнеркәсіптің басқа да салаларын дамытуды қолға алу нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 пайызға өсті (өнеркәсіп өндірісінің көлемі 933,8 млрд. теңге).

Индустрияландыру шараларының нәтижесінде өнеркәсіптің өңдеу саласы қарқынды дамуда. Жыл басынан бері 278,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 28,9 пайызға өсім қамтамасыз етілді.

Өңірлер арасында өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші бойынша облыс бірінші орында. Осы саладағы ірі кәсіпорынымыз - шыны зауыты қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Келер жылы шыны зауытының ішінен қуаттылығы жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін жаңа желі іске қосылады. Жоба құны 6,7 млрд. теңге.

Энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасынан бөлек, құны 25,2 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаның (айна және шыны бөтелкелерін шығару) жобалау жұмыстары басталды.

Жалпы алғанда, шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Алдағы уақытта зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын бірнеше ілеспе кәсіпорын құру жұмыстары жүргізіледі.

Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 2023-2028 жылдар аралығында құны 1,1 трлн.теңгені құрайтын 48 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Оның ішінде, өткен жылы 7 жобасы іске қосылды.

Инвестиция тартуда оң динамика қалыптасты. Есепті кезеңде өңірге 431,6 млрд.теңге инвестиция тартылып, 18,8% өсім қамтамасыз етілді. Оның 72 пайызы - жеке инвестиция. Жалпы, жыл қорытындысымен 472 млрд.теңге инвестиция тартылады.

Тәуелсіздік жылдарындағы жеке инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – Түрік инвесторларымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жылу-электр орталығы.

Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейікә үндеуіне өңірдің жанашыр азаматтары қатысып, 37,5 млрд. теңгенің жобаларын іске асыруда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында, биыл шағын және орта бизнестің 4608 жобасына 62,9 млрд.теңге сомасында барлық қаржы көздерінен қаржылай қолдау көрсетілді.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4 пайызға, жұмыспен қамтылғандар саны 15,8 пайызға (124 376 адам) артты.

Мемлекет басшысы бөлшек салықты енгізу және салықтық ынталандыру шарасын қабылдады. Биыл облыста 35 мың кәсіпкердің мүддесі қамтылған бөлшек салықтың пайыздық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі өткен жылы 19,1 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 21,5 пайызға жеткізілетін болады.
2023 жылдың 10 айында жалпы сауда айналымы 656,6 млрд. теңгені құрап, өсім 104,7 пайызды құрады. Экономиканың бұл секторына биылғы жылы 24,2 млрд.теңгеге инвестиция тартылды.

Аймақта құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылып, 358 жаңа жұмыс орны ашылды (сауда және ойын-сауық орталықтары, кондитерлік өнімдер дүкені, құрылыс заттар үйі, монша, тамақтану орындары және көлік жуу орталықтары).

Қармақшы ауданында да кәсіпкерлікті дамытуда ең бірінші басымдық өңдеу өнеркәсібі саласына беріледі. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдар өндірісін айтқан жөн. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырған болатын. Мәселен, облыста құс етіне қажеттілік жылына 14,1 мың тонна. Осыған дейін оның барлығы сырттан келді. Енді өнім өзімізде өндірілетін болды. Жақында Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс фабрикасы іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жобаны қолға алған кәсіпкер, «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Нұрлан Іздібаев.  Жалпы 3 млрд теңгеге іске асқан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлінді. Кәсіпкер 2022 жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 880 млн теңге жеңілдетілген несие алып, құс фабрикасын жабдықтады. Жергілікті атқарушы орган инфрақұрылым жүйелерін тартуға қолдау көрсетті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы толық жеткізілді.

Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Өңірлік Инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендірілді. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндіріс желісінің құрал-жабдықтары жеткізіліп, өндіріс желісін орнатып, жақында іске қосуды жоспарлауда.

Мұнан өзге ІІІ Интернационал ауылдық округінен жеке кәсіпкер Г.Рагибованың мал бордақылау алаңы және сою цехының құрылысын салу жоспарлануда. Жоба құны – 300 млн теңге. Жобаны іске асыруға қажетті 2 гектар жер телімі берілді. Мал бордақылау алаңында бір мерзімде 100 бас жылқы, 100 бас мүйізді ірі қара және 200 бас қой бордақылау жоспарланған. Сонымен қатар, перспективада ет өңдеу цехын (шұжық цехы) ашу көзделуде.

Иә, өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы. Мемлекет басшысының серпінді жобаларды, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен жеткілікті көлемде және тиімді бағамен қамтамасыз ету тапсырмасы орындалу үстінде. Мұның бәрі табысты жүзеге асса, өңдеу өнеркәсібінің өнімі «жас өскіндей» өнуі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: