Kyzylorda-news.kz.  Дүниенің төрт бұрышы мен ғарыштық кеңістікті ұштастырып жатқан, барша түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт баба мәңгілік қоныс тепкен, жүз шайыр мекені болған қасиетті Қармақшы ауданы жылдан-жылға дамып келеді. Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан эконономикасын нығайту бағытында біршама жұмыстар атқарылып, нәтижесінде аудан экономикасының көптеген саласында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне қол жеткізуде. 

Құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз су және газбен қамтамасыз ету, электр энергиясын беру, желілерді қайта жаңғырту мәселелерін шешімін табуда. Сонымен қатар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай жобалардың ішінде құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы және аумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй қорынан үй сатып алуға Ұлттық қордан 538,5 млн теңге бөлінген еді. Тиісті қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілген болатын. 

Мұнан бөлек елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында құны 697 млн теңге болатын су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасы іске асырылды.

Биылғы жылы Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізіледі. Аудан бойынша тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жалпы құны 7 млрд 172 млн теңгені құрайтын Дүр Оңғар ауылына газ желісі құрылысы осы жылы басталады.

Электр желілерді қайта жаңғырту бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі, себебі аудан бойынша электр желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені кезең кезеңімен шешу мақсатында 2020 жылы Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай елді мекеніндегі электр станциялары қайта жаңғыртудан өткізілді.

Электр желілерін жаңғырту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Ағымдағы жылы Көмекбаев, Ақтөбе, Иркөл елді мекендеріне республикалық бюджеттен 631 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталатын болады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда 6 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттар әзірленуде, оның ішінде аудандық бюджет есебінен 4 және демеушілік қаражат есебінен 2 жоба әзірленді.

Ауданда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Жосалы кентіндегі дене шынықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы Иіркөл, Жосалы, Ақай, Ақжар ауылдық округтерінде балалар және спорттық ойын алаңдары орнатылып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылындағы спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және Ақтөбе ауылында балалар ойын алаңы толығымен абаттандырылды.

Жосалы кентіндегі дене шынықтыру кешенінің бу қазандығы табиғи газге ауыстырылды.

Биылғы жылы аймақ басшысының бастамасымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі жалпы құны 1 млрд 635 млн теңгені құрайтын «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіледі.

Инфрақұрылымды дамытуға, жол жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылды.

Жалпы құны 1 млрд 445 млн теңге «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының облыстық бюджет қаражаты есебінен 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылға жоспарлаған 11 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары басталып, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді.

Сондай-ақ осы жылы ұзындығы 6,5 шақырым болатын құны 448 млн теңгеге аудандық маңыздағы «Марал ишан кесенесіне кіре беріс» автомобиль жолы салынатын болады.

2023 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуаңдария ауылында 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Жосалы кентінде 15 көше, Ақай ауылында 3 көше, Ақтөбе, Ақжар және ІІІ Интернационал ауылдарында 1 көшеден жөнделді.

Ал 2024 жылы осы бағдарлама аясында аудан бойынша жалпы 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, оның ішінде Ақжар ауылында бір көшенің құрылысы жүргізілсе, Тұрмағамбет ауылының бір көшесіне күрделі жөндеу, Жосалы кентінің бір көшесіне, Төретам кентінің екі көшесіне, Тұрмағамбет ауылының 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ауданның көшелерін жарықтандыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентінің 19 көшесін және Дүр Оңғар ауылының 5 көшесін жарықтандыру жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар, аудандық бюджет қаражаты есебіне Жосалы кентінің 3 көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджет есебінен (202 млн теңге) 11 су ұңғымасы орнатылып, жұмыстары толық аяқталды.

Атап айтқанда, Жосалы кентінде 4, Төретам кентінде 2, Ақтөбе, Ақай, Қармақшы, Иіркөл, Жосалы ауылдарында бір-бірден. Сонымен қатар өткен жылы аудан бюджеті есебінен аудан орталығы Жосалы кентінде бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, Амангелді, Тәуекелов көшелері, «Шығыс» каналының жағасы, жағажай абаттандырылды, Көшербаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы орналастырылып, орталық алаңға металл аркалар орналастыру жұмыстары жасалды.

Бұл жұмыстар 2024 жылы да жалғасын тауып, Жосалы кентінде 2 балалар ойын және футбол алаңдары орналастырылады, ауданның 5 елді мекенінің төлқұжаттары жаңартылады.

Тағы бір Жосалы кентінің тұрғындары үшін өзекті мәселе, темір жол өткелі құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. Жоба құны айқындалған уақытта республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне өтінімдер жолданатын болады.

Денсаулық сақтау саласында да өткен жылы бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында аудандық орталық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары томография қызметін алу үшін облыс орталығына баратын болса, бүгінде аудандық ауруханада қызмет көрсетілуде. Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар жаңадан салынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Қармақшы аудандық ауруханасының «Шипагер» емханасы үшін блоктық модульдік қазандық салынды.

Қазіргі таңда, Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің құрылысына министрліктермен бірлесіп, республикалық бюджеттен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Биыл Қармақшыда аймақ басшысының бастамасымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығының іргетасы қаланбақ. Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіледі. 

– Соңғы жылдары ауданымызда құрылыс қарқынды жүруде. Биыл да аудандағы халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік нысандар салынып, сапалы ауыз су және газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, электр желілері қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласында көпқабатты 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, абаттандыру және инженерлік жүйелер орнатылады. Ал Жосалы кентінде жаңадан ашылған "Тәуелсіздік" ықшам ауданының үйлеріне газ желілері жүргізіледі. Бұған қоса, осы жылы Дүр Оңғар ауылына да газ желісінің құрылысы басталады. Ауданымызда электр желілерді қайта жаңғырту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осыған сәйкес, биыл Көмекбаев, Ақтөбе, Иркөл елді мекендеріне республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, ондағы электр желілері қайта жаңғыртылатын болады. Ал 6 елді мекеннің электр желілерін жаңарту бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленуде, – дейді аудан басшысы.

Қармақшы ауданында биыл аудандық маңызы бар ұзындығы 6,5 шақырым болатын «Марал Ишан кесенесіне кіре беріс» автомобиль жолы салынатын болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Ал «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

– Былтыр «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 27 шақырымына орташа жөндеу басталып, 2023 жылға жоспарлаған 11 шақырымын жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, былтыр республикалық және облыстық бюджет есебінен аудандық маңыздағы «Қызылтам елді мекенінің кіре беріс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары басталып, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді. Ал «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті, – дейді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
 

Тағы да оқыңыз: