Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен Қармақшы ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек биыл құны 3,6 млрд теңге болатынын 15 жобаға қаржы бөлінгенін мәлімдеген болатын. Ауданда электр желілерін жаңғырту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Биыл Көмекбаев, Ақтөбе, Иіркөл елді мекендеріне 631 млн теңге қаржы қаралды. Жұмыс жақын арада басталады.
Жосалы кентіндегі жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданына газ желісі жеткізіледі. Облыстық бюджет есебінен «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталған-ды, былтырға жоспарланған 11 шақырымы аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымын жөндеу жалғасады.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 9 көше жөнделеді. Атап айтсақ, Ақжар ауылына бір көше салынады, Тұрмағамбет ауылының бір көшесі күрделі, 4 көшесі орташа жөнделеді. Жосалы кентінің бір көшесіне, Төретам кентінің екі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Кентте «Руханият орталығы», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекет, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2 мектеп бой көтермек.
Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй салынуда. 2021-2023 жылдары 2,8 млрд теңге қаржы игеріліп, биылға 727,9 млн теңге қаралған. 2022 жылы Ақай елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, бүгінде жұмыс аяқталуға жақын.
Өткен жылы Жаңажол, ІІІ Интернационал ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы бастау алған, биылғы бірінші жартыжылдықта аяқталады деп жоспарлануда. Төретам кенті мен Ақай елді мекенін газдандырудың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бүгінде Ақай ауылы толығымен қосылды. Ал, Төретам кентінде жұмыстар бітуге жақын.
Сонымен қатар, Қармақшы аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар жаңа жобаны бастауға ұсыныс білдірді. Қазір жалпы құны 15,4 млрд теңге болатын 41 жоба дайын. Оның ішінде, 11 жобаны бірінші кезекте қаржыландыру сұралды. Олар Дүр Оңғар елді мекенін газдандыру, Тұрмағамбет ауылынан жаңадан 250 орындық мектеп салу, Қуандария және Дүр Оңғар елді мекендерінің электр желілерін жаңғырту және қосалқы станциясын кеңейту. Сонымен қатар Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесінен теміржол өткелін, Қуаңдария және Алдашбай ахун ауылдық округтерінен балабақша, Жосалы ауылдық округінен ауылдық клуб үйі мен спорт кешенінің біріккен ғимаратын, Төретам кенті мен Ақай ауылына айналма жол салу ұсынылды. Тұрғын үйге мұқтаж топтарға 92 үй сатып алу, Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік ықшам ауданына су құбырын жеткізу де маңызды. Тірек және спутник елді мекендер қатарына енбеген Көмекбаев ауылдық округінің 2 көшесін, Алдашбай ахун ауылының 3 көшесін, Қармақшы ауылының 3 көшесін орташа жөндеу қажет етіледі. Аудан әкімі автомобиль жолына қатысты 15 жоба, көшелерді жарықтандыру бойынша құны 355,1 млн теңге болатын 11 жоба дайын екенін айтты.