Kyzylorda-news.kz Апта басында аудан әкімі Жандос Еркінбектің Президент Жарлығына сәйкес ауданға қарасты елді мекендердегі халықпен кездесуі басталған-ды. Одан кейін аудан әкімінің кестеге сай есеп беруі шалғай жатқан Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал және Жаңажол ауылдық округтерінде жалғасты.

Еркін форматта өткізілген кездесуде аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы ауыл тұрғындарына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарын жан-жақты баяндады. Сондай-ақ әкімдердің дәстүрлі есеп беруі халық пен билік арасындағы ашық байланыстың қалыптасуына, жауапкершілікті арттыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аудандағы мәселелерді шешуге үлкен ықпал тигізетіндігін жеткізді.

Кездесуде алдымен ауыл әкімдері ауыл тұрғындарына жарты жылдықта атқарған жұмыстарының есебін берді. Биыл Т.Көмекбаев ауылындағы өзекті мәселелердің бірі электр желілерін қайта жаңғырту үшін 186,2 млн теңге қаржы бөлініп, оған қажетті жабдықтар алынып, жұмысы басталған. Сонымен қатар ауылдың бір көшесіне жарықтандыру жүргізілуде. Көптен күткен балалар және спорттық ойын алаңының құрылысы басталса, жаз бітпей нысан ел игілігіне пайдалануға берілетін болады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нарықты ішкі өнімдермен толықтыру мақсатында 13 гектар бақшалық жер ауыл тұрғындарына бөлініп берілген. Бөлінген гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген.

Ал Қуаңдария ауылында ел күткен жаңа фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ мұнда да аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, балаларға арналған спорттық ойын алаңы салынуда. Ауылға кіре берістегі паспорт жаңаланып, орталық алаңға жөндеу жұмыстары мен әкімшілік ауласын қоршау толығымен аяқталған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуда ауылдық округ бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 49 бірлік. «Бастау Бизнес» қайтарымсыз грант оқуына  2 азамат қатысып, 1 азамат сиыр малын көбейту грантын жеңіп алған.

Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогында 7 алтын, 12 күміс, 16 қола медальды иеленсе, Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 1 қоланы қанжығаға байлады. Самбодан Ақтау қаласында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Әсемай Рүстемова жеңімпаз атанса, Ұлтай Сейілова қола жүлдегер атанды. Ал қуаңдариялық спортшы Еркебұлан Кәжденбек Тайван қаласында өткен Азия чемпионатында І орынды иеленді.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек шалғай елді мекендерді дамыту ісі ерекше назарда болатынын айтып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын және барлық мәселенің жіті қадағалауда болатынын жеткізді.

Бүгінде ауылдардың жарық мәселесін шешуде ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Себебі электр жарығынсыз көптеген шаруа тұралап қалатыны сөзсіз. Биыл Алдашбай ахун ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Тұрғындар үшін бұл да жағымды жаңалық болды. Ауылды абаттандыруда «Тағзым алаңын» орнату мен кіре беріс арканы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал Тұрмағамбет ауылында былтыр желтоқсан айында дәрігерлік амбулатория халық игілігіне пайдалануға берілсе, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бес көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ облыстық бюджет қаражаты есебінен «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 27 шақырымы толық жөндеуден өткізілді. Ауыл шаруашылық саласы бойынша 1818 гектар жерге күріш орналастырылса, бақша дақылдарын егуге 36 гектар жер бөлінген.

– Ел қазынасынан бөлінген әрбір тиынның сұрауы бар. Бөлінген қаржы халық игілігі мен жайлылығы үшін жұмсалуда. Ауылдарда оң өзгерістер бар. Алдағы уақытта біз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ, ол тек халықтың қолдауының арқасы, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы Ақжар ауылының тұрғындарымен кездесуде ауылдың электр желісін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілгенін айтты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биылғы жылы ауданда 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, соның бір көшесі осы ауылда қаралған. Күріш алқаптарын азайтып, ауыл шаруашылық саласын әртараптандыру және егіске су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында Ақжар ауылдық округінде замануи технологияларды пайдаланып, тамшылатып суару тәсілімен бақша және жаңбырлатып суару тәсілімен жоңышқа дақылдарын өсіру қолға алынған.

– Биыл жалпы көлемі 25731 гектарға егіс орналастырылды. Оның ішінде күріштің көлемі – 13000 гектар болып, Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты өткен жылмен салыстырғанда 770 гектарға қысқарды. Осыған орай облыс басшылығы су жетіспеушілігі мәселесін оңтайлы шешуге ықпал жасап, әрбір шаруашылықтың қажетті көлемде су алуға жағдай жасауда. Ендігі кезекте диқандар осы қиындықтарды еңсеріп, егіске уақытылы күтім жасап, өнім алғанға дейін аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.

Ауданда ауыл шаруашылық саласымен қатар кәсіпкерлік саласының да маңызы жоғары. Былтыр облыс әкімінің қатысуымен ауқымды жобалардың бірі – «Қармақшы құс» фабрикасы Ақтөбе ауылында іске қосылды. Өз кезегінде құс фабрикасы қажетті деңгейде өнімін берді. Сонымен қатар Ақтөбе ауылында электр желілерінің тозығы жетуіне байланысты биыл бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, желілер қайта жаңғыртылуда.

Ауыл халқын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылында дене шынықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта нысандар ел игілігіне берілетін болады. Сондай-ақ ІІІ Интернационал ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жаңа заманауи мектеп ғимаратының құрылысы басталмақ.

Ал Жаңажол ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл ауылды газдандыру мақсатында ауылішілік газ желісінің құрылысына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ауылға газ жеткізілген жағдайда сол аймақтағы басқа да елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен ауылдың электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленіп отыр. Алдағы уақытта, кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Жалпы аудан әкімінің ел ішіндегі жиі жұмыс сапары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің уақытылы шешімін табуына зор ықпал етуде. Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барша жерлестер бірлесе отырып, білек сыбана іске кірісуі керек деп түйді.

Тағы да оқыңыз: