Kyzylorda-news.kz  Ауыл – біз үшін алтын бесік! Қаншама жыл, қаншама ғасыр өтсе де, бұл қағида ешқашан өзгермейді. Халқымыз үшін ұлттық құндылықтардың алтын тамыры іспетті болған ауыл береке мен байлықтың, ырыстың да бастауы еді. Сондықтан ауылды көркейту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі сөз болғанда елең ете түспейтін адам жоқ. Өйткені әрқайсымыздың көңіл түкпірімізде бір кездері шаруашылығы қыз-қыз қайнаған ауылдың тірлігі қайта оралса деген арман жатқаны анық қой.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жол¬дауларының бірінде: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабі-летті экономика құру мүмкін емес» деген еді. Шындығында, әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда орналасқан біздің ұлан-байтақ жер ресурстарымыз – бәсекеге қабілетті табиғи артықшылығымыз. Қазірде ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалы қандай? Онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде? Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің жағдайымен танысып көрдік.

Бүгінде Ақтөбе ауылдық округінде барлығы – 11 616 бас ауылшаруашылығы жануарлары тіркелген.  Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 2155 бас, жылқы – 1854 бас, ұсақ мал – 5476 бас, түйе – 101 бас, құс – 2030 басты құрайды. 

Егілген егіс көлемі барлығы – 5459 гектар. Оның ішінде, күріш  – 3801 гектар, жаңа жоңышқа – 703 гектар, ескі жоңышқа – 859 гектар, картоп – 32 гектар, бақша – 32 гектар, көкөніс – 32 гектар. 

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – ел игілігін еселеу. Иә, қазірде ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Ақтөбе ауылдық округінде бүгінде 76 кәсіпкер бар. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында несие мен грант бойынша – 16  жоба қаржыландырылған (306,5 мың теңге). Оның ішінде, аграрлық несие бойынша – 1 жоба, құны 220,0 мың теңге, аграрлық несие 2,5% – 8 жоба, құны 38,8 мың теңге, Байқоңыр ӘКК несие бойынша – 5 жоба, құны 39,9 мың теңге, гранттық қаржыландыру бойынша – 2 жоба, құны 2,8 мың теңге иеленді. Ал кәсіпкерлік негіздеріне 18 адам оқытылды.  

Ауылдық округте атқарылып жатқан ілкімді істер көп. Айталық, «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен былтырғы жылы құрылысы басталған ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы құны – 30 000, мың теңгені құрайды. Сонымен қатар Т.Салқынбайұлы көшесіне 49 867,7 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан өзге балалар ойын алаңына 12 350,1мың теңге қаражат қаралып, құрылысы аяқталды. Ы.Сейтенов көшесіне 2,0 мың  теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.  Кеңсе көшесінің бойындағы жарық шамдарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылғы атқарылған жұмыстардың бір парасын тілге тиек еттік. Ендігі кезекте биылғы жылы атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталсақ.  – Биыл ауылымызда бірнеше көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. 2024 жылға бюджет қаражаты есебінен І.Мүсірбаев, Б.Қасқырбаев көшелерін қайта жаңғыру және Ы.Сейтенов көшесін орташа жөндеуге жалпы құны 272 187,1мың теңге бюджеттік өтінім тапсырылды. Алдағы уақытта осы жұмыстар негізінде іске кірісеміз – дейді ауылдық округ әкімі Қанат Аралбаев. 

Сондай-ақ ауылдық клуб үйінде есептік кезеңде 44 іс-шара өткізілді, 4 үйірме және 91 мүше бар. Ауылдық кітапхана тарапынан есепті кезеңге 21 рухани танымдық іс-шара атқарылып, 24 кітап көрмесі өткізілді. Спорттық үйірмелер бойынша қазақша күрес түрінен 42, ұлттық асық ату үйірмесіне 42 бала қатысады.

Ауылдық округте – 39 жұмыссыздар қатарында. «Қармақшы-Құс» ЖШС ашылуына байланысты – 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыспен қамтылғандар – 37 адам, жастар тәжірибесі бойынша – 8 адам қамтылған.

Тағы да оқыңыз: