Kyzylorda-news.kz. Бүгінде аудан әкімінің халық алдында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға есеп беруінің аяқталуына жақын қалды. Сырдария ауданынан шалғайда жатқан елді мекендерден бастаған кездесу алдын ала белгіленген кестеге сәйкес жалғасты. Әдеттегідей кездесуді аудан басшысы халықтың алдында аяғынан тік тұрып, жабық залда емес, ашық аспан астында өткізді.

Аудан әкімі Б.Сәрменбаев Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылдық округі тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Кездесуге құқық қорғау саласының қызметкерлері, дербес бөлімдер мен коммуналдық сала басшылары қатысты. Аудан әкімі алдымен аймақ бойынша атқарылған жұмыстар жайына тоқталып, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Қазіргі таңда, Қалжан ахун елді мекеніне газ тарату желілерін салу жобасы және ауылдық фельдшерлік акушерлік бекетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы және өзге де мәселелер туралы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Алдағы уақытта көгілдір отынның игілігін көретін ауыл тұрғындары тұрғын үйге газ кіргізу мәселелері төңірегінде сауалдарын жолдады.

Сонымен қатар, С.Сейфуллин елді мекеніне газ тарату желілерін жүргізу жұмыстары үшін бастапқы қаржы бөлініп, мердігер мекеме анықталғаны ауыл тұрғындарына айтылды. Аудан орталығына жақын орналасқан елді-мекен енді аз уақытта табиғи газдың игілігін көрмекші. Сондықтан әрбір тұрғын үй жайын газ кіргізуге, қойылатын талаптарға сәйкес келуін осы бастан қолға алып, ыңғайластыруы керек. 

Ауыл тұрғындары өз кезегінде ауылға қатысты жол мәселесі, қоғамдық жұмысқа тарту, тұрғын үй салу және басқа да мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. 

Кездесуде аудан басшысы Берік Сәрменбаев тиісті сала басшаларына тапсырмалар беріп, ұсыныстар хаттамаға түсірелітін айтты. 
 

Тағы да оқыңыз: