**Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін ҚР ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР қаржы министрлігінің  қолма-қол ақшасыз төлемдерін тексеруге қатысты ұсынысына байланысты пікір білдірді, деп жазады** [**BAQ.KZ**](https://baq.kz/news/othernews/dosaev-kartadan-karta-a-onlayn-a%D0%BAsha-/)**.** > _«Қаржы министрлігі салық салуды көздеп отыр деп ойламаймын (қазақстандықтардың қолма-қол ақшасыз төлемдеріне). Меніңше, осы төлемдерден салық төленіп жатқанын көргісі келеді. Сондықтан ұлттық банк пен қаржы министрлігі тиісті шараларды бірлесе іске асыратын боламыз.Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің артуы бюджет кірісінің өсуімен қатар жүруі керек. Мен мұны дұрыс деп санаймын. Сол кезде ақша “көлеңкелі” айналымнан шығарылады», – дейді Ерболат Досаев._ Оның айтуынша, бұл мәселе жекелеген банкке ғана емес, еліміздегі барлық секторына қатысты екен. > _«Бұл ретте “көлеңкелі” экономиканы азайту бойынша біздің бірлескен жұмысымыз оңтайлы нәтижелермен жүзеге асқанын қалаймыз. Әзірге бұл қаржы министрлігінің ұсынысы ғана. Енді банктік қоғамдастық тарапымен де талқылау болады», – дейді ұлттық банк төрағасы._ Айта кетейік, бұған дейін сенат отырысында бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін қазақстандықтардың ақшалай аударымдарын тексерілетінін айтқан еді. Яғни адамға басқа жеке тұлғалардан ақша тұрақты түрде түсіп тұрса, онда салық қызметтері мұны тексереді екен.