Kyzylorda-news.kz. Инфрақұрлымдық дамуы қарқын алған қалаға қарасты кенттің бірі – Белкөл кенті. Өткен жылы кенттің инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, Орталық көшеге және Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал, Жерұйық, Путейцева тұйығы, Әбдіқадыров №4, №2, №6, №9 көшелеріне қиыршық тас төселіп, Сарыарқа және Путейцев көшелеріне асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, темір жол өткелі арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Белкөл кентінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кент әкімі Жасұлан Сәду осылай деп баяндады.
Кенттің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Тұрғындардың сұранысына сәйкес кенттегі К. Әбдіқадыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Ал, Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісі тартылатын болады. Сондай-ақ, Бірлік, Путейцева көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылмақ.
Белкөлдік тұрғындар үшін көп жылдан бері базынаға айналған көпір мәселесі былтыр шешімін тапқан болатын. Теміржол өткелінен өту үшін өмірін қатерге тігетін белкөлдіктер үшін бұл үлкен қуаныш болғаны жасырын емес. Кәсіпкерлік саласы да кентте жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Мәселен, өткен жылы тұрғындардың кәсіпкерлікті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары аясында ұсынылған 13 жобасы мақұлданып, 178,4 миллион. теңгеге қаржыландырылған еді. Оның ішінде кір сабын жасап шығару өндірісі, ағаш шеберханасы, жүк тасымалы, бұқаралық спортты дамыту, стоматология саласы, ет өнімдерін өңдеу мен консервілеу сынды тың жобалар бар.
Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасының қайтарымсыз қаражаты есебінен 10 жоба грантқа қол жеткізді. Соның нәтижесінде, кентте өткен жылдың өзінде жаңадан 125 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 139 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде кентте барлығы 403 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда.