Kyzylorda-news.kz. Биыл Жаңақорған ауданында жеке кәсіп ашамын деген тұрғындар қатары көбейген. Оған себеп бизнес бастауға ниетті жандарға мемлекет қаржылау қолдау көрсетіп жатыр. 1 225 200 теңге қайтарымсыз грант беріп, ісін ілгерілету үшін жақсы мүмкіндік сыйлады. Бағдарлама мақсаты кәсіп ашып, сол кәсібі арқылы әр адам өз-өзін жұмыспен қамтуы тиіс. Ең бастысы, ауданда жобасы жүйелі, қолдан іс келетін тұрғындар ғана грант алуға құқылы. Осы уақытқа дейін 3 лек бойынша комиссия үміткерлерді қабылдап, бизнес жоспарларын тыңдады. 

Ұлттық жоба шеңберінде бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жүйелі қолға алынуы, бұл қоғам тынысына да ерекше екпін беретін, ынталы азаматтарды еңбекпен қамту арқылы ел өмірін жақсартатын мемлекеттік қолдау. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады. Ал грант иегері атанғандар тиісті қаржы есептерін арнайы business.enbek порталы арқылы тапсырып отырады.

Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту бөлімі директоры Жаңабек Тұрлыбековтың айтуынша, еңбек нарығына іріктеуге бағытталған жұмыспен қамтудың белсенді шаралары – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы бойынша жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру бойынша 76 адамға мемлекеттік грант берілген. Бұл жыл басында берілген қаржы. Ал 1 млн 200 мың гранттың 3 легі өтіп, 285 тұрғынның жобасы қабылданған.

«Бұл грантты алудың өзіндік тәртібі бар. Жыл басында құжатты тапсыру керек, қандай жобаларға басымдық берілетінін түсіндірдік. Сондықтан биыл комиссия қатал болғаны рас. Қазір 1 және 2-ші лекте жобаларын қорғағандар қаражаттарын алуда. Бұл бастамасы, бұйырса келер жылға жоспар ауқымды. Ең бастысы, аудандағы шағын кәсіпкерлік дамып, әлеуметтік сала артса болғаны. Қаржы мақсатты пайдаланылса игі», – деді бөлім директоры.

Құжат тапсырғандардың көбінің бизнес жобасы талап сай емес екен. Мәселен, екінші лек бойынша 188 талапкердің құжаты қабылданса, соның жартысы ғана комиссиядан өте алған. Ал былтыр ауданда 673 адам 612 мыңнан қайтарымсыз несие алған. Көбі бір жылдан соң кәсібін жауып құтылған. Сала басшысы былтырғы жылы алған 673 адамның 13-інің алған қаржыны мақсатсыз жұмсауына байланысты ісі сотқа өтіп, қайтару жөнінде шара көрілгенін айтты. Грант қаржысын ала тұра кәсіптерін жауып тастаған азаматтармен келісім-шарт негізінде бір жылға дейін ғана мониторинг күші бар, сондықтан осы уақыт аралығында қадағалай алады екен. 

Былтыр грант беруде мал бордақылау кәсібіне 78 пайызға дейін басымдық берілгені, алдағы уақытта басымдықты біздің ауданда жоқ салаға беру керектігі ескертілді. Биылғы мақұлданған бизнес жоспарлардың ішінен жарқын жобалар да аз емес. Массаж жасау, майысқан шиналарды қайта қалпына келтіру сынды кәсіп ауданда некен саяқ. Әсіресе, үй тұрғызып жатқан тұрғындарға пенозол шығару ісі өте қажет. Қазір шатыр ішіне бұрынғыдай көбісі сабан салып, топырақ шығарғысы келмейді. Осы мақсатқа қажет материал сұранысқа ие. Сондықтан, ауданға аса қажетті өнім өндіруді осылай қолға алған әлдеқайда тиімді болар еді. Былтыр әжетхана қағазын шығарып, сабан өндіру өндірісі пайда болған еді. Сондай жобаларды келер жылы да көріп қалуымыз әбден мүмкін.

Биылғы бизнес жоспардан байқағанымыздың басым бөлігі шлакаблок өндіру, кондитерлік өнім мен тігін цехын ашу. Биыл аудан бойынша 396 жобаға 484 млн теңге қаражат қаралып тұр екен. «Бизнестің жол картасы –2025» мемлекеттік бағдарламасының кәсіпкерліктің дамуына ықпалы тиді. Бағдарламаның ұлттық операторы – Ұлттық экономика министрлігі. Бағдарламасының негізгі мақсаты – қала және ауыл кәсіпкерлеріне қаржылай көмек беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесу, өңдеу өндірісін қолдау арқылы кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін қалыптастыру. Осы көпсалалы бағдарламаның түпкі нәтижесі – 2025 жылға дейін елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 33,8 пайызға жеткізу. 
 

shagyn-biznes_1522988152.jpg

Тағы да оқыңыз: