Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы ел дамуы мен ұлттық экономиканың өрістеуіне елеулі үлес қосатын, әлеуеті зор өңір. Бүгінде аймақта ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыс халқының өмір сүру сапасын жақсартуға және өңдеу саласының өндіріс көлемін ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бірқатар жобаларды іске асыру көзделген. Биыл бөлінген қаражат аясында жаңа мектептер мен көппәтерлі үйлер салу, жолдарды жаңғырту және жөндеу, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамыту жоспарланған. Соның ішінде өңір экономикасына инвестиция тарту жұмыстарын жетілдіру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар жоба іске асырылмақ.

Экономикада оң динамика

Жуырда аймақта ҚР даму институттарының өкілдерінің қатысуымен инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және экспортты ілгерілету бойынша мемлекеттік қолдау шаралары туралы өңірлік семинар-тренинг өтті. Оған жергілікті атқарушы органдар, өңірлік даму институттары және бизнес-қауымдастық өкілдерімен өзара тығыз байланыстар орнату мақсатында «Kazakh Invest» ҰК», «Бәйтерек» ҰБК», «Қазақстанның даму банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Kazakh Export» ЭСК», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарының өкілдері, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, қаржы ұйымдары және банк басшылары, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік директорлары мен аймақ кәсіпкерлері қатысқан болатын. Басты мақсат – бизнес өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекет тарапынан болатын қолдау шараларын насихаттап, түсіндіру.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңір экономикасының бүгінгі әлеуетін баяндады. Оның айтуынша Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика бар. Облыстың өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі ауыл шаруашылығы салаларында өсім тіркелген, құрылыс жұмыстары, тұрғын үй, сауда, көлік және қоймалау көлемі  артқан.  Мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісінің көлемі де өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң көрсеткіш көрсеткен. Қуанарлық жайт, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша облыс 2022 жылы республикада 11-орында болса, 2023 жылы 1-орынға шықты.

Межеге қол жетті

Былтыр облысқа барлық көздерден жарты триллионға жуық инвестиция тартылған. Тарқатып айтсақ,  негізгі  бекітілген индикатор 424,2 млрд теңге болса,  2023 жылы 486,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспарлы көрсеткіш 14,6%-ға асыра орындалған. Бұл ретте жоспарлы индикаторға қол жеткізу мақсатында арнайы жол картасы бекітіліп, онда жауаптылар мен жобалардың тізбесі айқындалған. Нәтижесінде өнеркәсіп саласына, жеке құрылысқа, көлік саласына, білім беруге, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтау саласына қаржы тартылды. Оның 72,5 пайызы − жеке инвестициялар. 

Өткен жылы түрік инвесторларымен бірлесіп құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталса, жергілікті инвестордың қатысуымен құны 15 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы бой көтерді. Сондай-ақ, екі ірі инвестициялық жоба – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын және «Баласаускандық» ванадий кен орнын игеру жобаларына өткен жылы 31 млрд теңге инвестиция тартылған. Инвестициялық жобалардың бірыңғай жалпыұлттық пулы шеңберінде құны 14,8 млрд теңге болатын 15 жоба − қарқынды алма бағы, күріш өңдеу зауыттары, мұздатылған фри өндірісі, құс фабрикасы, тауарлы-сүт фермасы, санаторий, жеке мектептер  пайдалануға берілді.

 − Соңғы 2 жыл қатарынан өңірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткіші оң динамиканы қалыптастыруда. Бұл тәжірибені жалғастыратын боламыз. Сондықтан инвестиция тарту жұмыстарын күшейтеміз. Біріншіден, негізгі капиталға салынған инвестиция индикаторын бекіту. Бұл тұрғыда биылға 517,5 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілген. Осы жылдың 2 айында өңірге 77,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 64,4% құрады. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткішті кем дегенде 10 пайызға арттыруға жұмыс жасауымыз қажет. Екіншіден, іске қосылатын жобалар бойынша арнайы Жол картасын бекіту. Алдағы бесжылдықта өңірде құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 76 жоба іске қосылады.. Оның ішінде  құны 34,9 млрд теңге болатын 16 жобаны іске қосу жоспарланды, − деді облыс әкімінің орынбасары.

 Биыл маусым айында шыны зауыты жанынан құны 6,7 млрд теңге энергия үнемдейтін шыны өндіретін жаңа желіні пайдалануға беру күтілуде. Сонымен қатар, жүгері егу және өңдеу, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, минералды ұнтақ, әк пен құрғақ құрылыс қоспаларын шығару жобалары пайдалануға беріледі. Оған қоса құны 1,5 млрд  теңге құрайтын айна шығару, Шиелі ауданында 3 күн электр станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, жалпы құны 148 млн еуро құрайтын «Medal Group» неміс компаниясы талшықты цемент, газдалған бетон, құрғақ құрылыс қоспалары мен кварц құмын байыту комбинатын, сондай-ақ қолданыстағы шыныны өңдеп бөтелке өндіру бойынша жобалық жұмыстарды бастау жоспарлануда.

 Аймақта қолға алынатын жобалар легі мұнымен толастамайды. Жыл басында Мемлекет басшысы Катарға ресми сапармен барғаны белгілі. Соның нәтижесінде  ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Power International Holding арасындағы келісім шеңберінде өңірде қуаттылығы 1100 МВт бу-газ қондырғысы салынатын болады. Бу-газ қондырғысын орналастыру үшін Қызылорда қаласынан 50 гектар, ілеспе кәсіпорындар үшін Сырдария ауданынан 250 гектар жер резервке қойылған. Жоба құны 800 млрд теңгені құрайды. Бұл инвестициялар Қызылорда облысының экономикасына 2025 жылдан бастап келе бастайды.

 − Шетел инвестициясын тарту мақсатында «Kazakh invest» қоғамымен бірлесіп агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы 79 шетелдік компанияға ұсыныстар жолданды. Одан бөлек, облыс аумағында орналастыруға әлеуеті жоғары 30-дан аса компанияның тізбесі жасақталып, келіссөздер жүргізілуде.  Сонымен қатар, барлық инвестициялық процес цифрландырылады. Бұл инвестициялар тартудан бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі кезеңді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Инвесторлар туралы ақпарат қолжетімді, инвестициялық жобаларды іске асыру процесі ашық болады. Егер құқықбұзушылықтар мен әкімшілік кедергілер болса, IT жүйесі оларды бірден Сыртқы істер министрлігі мен прокурорға жіберетін болады, − деді облыс әкімінің орынбасары.

 Айта кету керек, инвестиция тарту жүйесінің жұмысын нығайту мақсатында Қызылорда қаласы және аудандар бойынша 8 өңірлік бағдарлама әзірленуде. Оның негізінде  6 критерий бойынша рейтинг жүргізіледі. Негізгі  капиталға салынған инвестиция көлемі, инвестиция тартуға кедергі болатын факторларды жою, жобалар статусының өзгеруі, яғни пысықталу сатысынан іске асыру сатысына көшу, шет елдермен бауырластық қарым-қатынас орнату, компанияларды таргеттеу және т.б. Нәтижесінде, инвестициялық жобаларды іріктеу және сүйемелдеу, сондай-ақ белсенді инвесторларды анықтау мәселелеріне нүктелік көзқарас бойынша жұмыс жүргізілмек. Оған қоса «жасыл дәліз» принципі бойынша жобаларды сүйемелдеу бағдарламасы да қолға алынады. Бұл бағдарлама бойынша «жасыл дәлізге» қатысушыларға рұқсат алу мерзімі мен мемлекеттік органдардың келісу саны қысқартылып, жер беру және коммуникация жүргізу шарттары жеңілдетіледі.

Инвесторларға қолайлы аймақ 

Экономиканың ілгері басуының басты алғышарттарының бірі инвестиция екені дәлелдеуді қажет етпейді. Қай елдің болмасын даму қарқы¬ны инвестиция ағынымен, бизнестің дамуына қолайлы жағдай¬дың жасалуымен айқындалады. Бұл ретте біздің өңір географиялық орналасу жағынан инвестиция тартуға қолайлы аймақтың бірі. Айталық, минералдық-шикізат ресурстарының бай қорының болуы. Облыс аумағында мұнай, газ, уран, ванадий, мырыш, тұз, полиметалл кендері, кварц құмы, тұз, доломит, әктас, түсті және қара метал, әсіресе литий мен титан кен орындары бар. Екіншіден, мұнай қорының сарқылуына байланысты экономиканың өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық зор. 

 Одан бөлек, балық шаруашылығы саласы да басты назарда. Облыста Кіші Арал теңізі және балық шаруашылығында маңызы бар 200-ден аса көл бар. 10 балық зауыты, оның ішінде еуропалық стандартқа сай 4 зауыт қарқынды жұмыс жасауда. Өткен жылдың қорытындысымен 6,5 мың тоннаға жуық балық өндіріліп, оның 2 мың тоннаға жуығы 9 млн АҚШ долларына көршілес және Еуропа елдеріне экспортталған. Осыған орай, ауыл шаруашылығы және көлік-логистикалық әлеуетті кеңінен пайдаланып, құс фабрикаларын, ет және балық өңдеу зауыттарын, ұн шығару өндірістерін, жылыжайлар ашуды көздейді.

 Өңірдің ірі өндіріс орны − шыны зауыты айналасында шыны кластерін құру мақсатында түрлі шыны бұйымдарын шығаратын ілеспе кәсіпорындар құру жоспарлануда.

 −Иә, біздің облыстың көптеген салаға инвестиця тартуға мүмкіндікгі бар. Соның бірі − дәстүрлі энергия көздерімен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Облыс географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты күн және жел энергиясын өндіруде зор әлеуетке ие. Мамандардың зерттеуінше, облыста жылына 300-ден аса ашық, бұлтсыз күн болады. Аймақ географиялық жағынан да желді белдеуде орналасқан. Облыстағы күн ұзақтығы жылына және күн энергиясын дамытудың энергетикалық әлеуеті жылына 3000 сағатқа дейін 32 000 млрд кВт/сағ., ал жел энергиясы жылына 2 700 млрд кВт/сағ. құрайды, − деді облыс әкімінің орынбасары.

 Айта кетейік, облыс аумағында жиынтық қуаты 89 мегаватты құрайтын 9 күн электр станциялары жұмыс істейді. Оның үшеуі британиялық «UG Energy Ltd», франциялық «Total Eren», ресейлік «Hevel» компанияларының қатысуымен салынған.

Кәсіпкерге қолдау көрсетіледі Семинарда  Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық шағын және орта бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға  көрсетілетін қолдау мәселесін көтерді. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға ақпараттық-кеңес беру қызметтері», «Кәсіпкерлікті жүргізуге сервистік қолдау көрсету», «Іскерлік байланыстарды кеңейту» қызметтері.

− Өткен жылы 963 кәсіпкерлік субъектісіне 1111 қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері  180 кәсіпкерлік субъектісіне 196 қызмет көрсетілген.  «Іскерлік байланыстарды кеңейту» бойынша былтыр Қызылорда қаласының 2 кәсіпкері Германияда бизнес-тағылымдамадан өтті. Қазіргі таңда тағылымдамадан өтуге 5 кәсіпкердің өтініштері қабылданған. Сонымен бірге кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету негізінде 2301 азаматқа 8197 кеңес берілді. Кеңесшілердің сүйемелдеуімен 574 млн теңгені құрайтын 382 жоба қаржыландырылды, − деді ол.

Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры Айдос Жылқайдаров экономиканы әртараптандырудың бірыңғай кешенді бағдарламасына тоқталды. 

ҚР даму жоспарының стратегиялық мақсаты − 2030 жылға қарай ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 40 пайызға дейін арттыру, экспортқа бағытталған,  бәсекеге қабілетті,  импортты алмастыратын  өндірістерді дамыту  және жаңа жұмыс  орындарын құру. Бұл бағдарламаға  шағын кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын,  орта және ірі кәсіпорындар  және қызметтер,  моно және шағын  қалалардағы, ауылдық елді  мекендердегі кәсіпкерлік, әлеуметтік  кәсіпкерлік, олардың әрқайсысына қойылатын талаптар айтылды. 

Семинар барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның «бір терезе» тобының басшысы Ғазиза Әбдінабиева инвестициялық қызметте мемлекеттік көрсететін қолдауды сөз етсе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік директорлары Ержан Көлбаев, Тілеген Едігеев, Дәурен Сүгірбаевтар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша тәжірибе алмасты. 

Жиын соңында қатысушылар сұрақ-жауап алмасып, өзара пікір білдірді. Сондай-ақ аймақта алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған 
17 инвестициялық жоба бойынша облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлер арасында үшжақты «Жол карталарына» қол қойылды. Бұл өз кезегінде облыстың бизнес ахуалын жақсартуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға жаңа серпін бермек.

Тағы да оқыңыз: