Индустриялық-инновациялық жобаларды енгізу жаңа мүмкіндіктің көзі – Kyzylorda News
Басты бет

Индустриялық-инновациялық жобаларды енгізу жаңа мүмкіндіктің көзі

22.12.2021, 10:00

1633 0

Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңесінде 2 жаңа жоба қаралды.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев, аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, салалық басқарма мен департамент басшылары, қаржы ұйымдары мен кәсіпорын директорлары қатысты.

Жиында «New Castle Rock» Серіктестігінің директоры Бақтияр Сыздықов «Кварц құмын байыту комбинаты» жобасын таныстырды. Облыс орталығында салынатын комбинат жылына 70 мың тонна кварц концентратын шығарып, 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар. Өнімнің 50% ішкі нарыққа ұсынылса, 50% экспортқа шығарылады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2022-2023 жылдар. Қазіргі таңда индустрияландыру картасына енгізу үшін тиісті құжаттар әзірленуде.

Сондай-ақ, Кеңес мүшелерінің қарауына «Шыңғыс LTD» Серіктестігінің өндірістік директоры Ерік Жүнісов «Құрылыс бұйымдарын шығаруды ұйымдастыру» жобасын ұсынды. Жоба аясында Қызылорда жылу орталығының өндірістік қалдығы, яғни 50 жылдан бері жиналған күл қалдығынан құрылыс өнімдері (шлакоблок, брусчатка, бордюр) шығару көзделген. Өндірістік нысан тәулігіне 2400 дана өнім шығаруға қауқарлы, жоба толық пайдалануға берілгеннен кейін 35 адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс 2023 жылы іске қосылмақ.
Жобаларды саралап шыққан аймақ басшысы аталған екі өндірістің өңдеу өнеркәсібіне және экспортқа бағытталғанын атап өтті және жоба бастамашыларына жаңа өнім шығаруға қажетті ұсыныстарды енгізіп, жобада көзделген шарттарды әлі де зерделеп шығу қажеттігін еске салды.

Сондай-ақ, жауапты басқармаларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын қарастырып, жобаларды Өңірлік үйлестіру Кеңесінің қарауына шығарып, Картаға енгізу бойынша тиісті жұмыстар атқаруды және мемлекеттік қолдау шарасы ретінде тиісті мекемемен бірлесіп жер телімін бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.

0

Пікір қалдыру