Kyzylorda-news.kz Шиелідегі іргесі қаланған индустриялық аймақ инвесторларға қолайлы жағдай туғызатын, өміршең жобаларды жүзеге асыратын алаң болып отыр. Аудан экономикасын дамыту үшін 2028 жылға дейін ізденістер мен инвестиция тарту арқылы құны 70,5 млрд теңгеге бағаланатын 18 инвестициялық жобалар пулы жасалды. Бүгінге дейін аталған жобалардың біршама өз жұмысын бастап үлгерді. Олардың дені ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және құрылыс материалдарын шығаруға бағытталған.
Жалпы көлемі 96 гектар жерді алып жатқан аймақта қазір 7 жоба өз жұмысын бастап кетті. Мұндағы ең ауқымды әрі сәтті жүзеге асқан жобаның бірегейі – «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-ның «Тампонажды цемент өндіру зауыты» жобасы. Жоба құны 64 млрд. теңгені құрап, 260 адам жұмыспен қамтылған.
«Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС – «DANAKE Корпорациясы» ЖШС мен қытайлық «Gezhouba Group Cement Co Ltd» компаниялары бірлесіп құрған инвестициялық жоба. Зауыт 2019 жылы сынама ретінде, 2020 жылы толық іске қосылды. Ол – еліміздегі ең жаңа технологияларға негізделген құрылғылармен жабдықталған құрылысқа қажетті портланд және тампонажды цемент шығаратын зауыттардың бірі.
Зауыттың жобалық өндірістік қуаты жылына 1 000 000 тонна цемент шығарады. Бүгінде облыс пен ауданды цементпен толықтай қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, Қазақстанның бірнеше қалаларына, Өзбекстанға өз өнімін экспорттап отыр.
Кәсіпорында өндірілетін өнім цементтің сапасын бақылау басты міндеттердің бірі. Барлық өнімдер сертификатталған, жоғары сапа көрсеткішіне ие. Сонымен қатар клинкер мен цементтің талаптар мен ГОСТ стандарттарына сәйкестігін талдайтын озық жабдықтармен жабдықталған өз зертханасы бар. Өндірістік бақылау Орталық басқару пункті арқылы жүзеге асады. Зауытта технологиялық процестер жоғары автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Шикізат салмағы, температура, ылғалдылық барлығы жіті бақылауда.
«Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» зауыты цемент өндірудің ең заманауи әдісі болып табылатын цемент өндірудің құрғақ әдісін қолданады. Бұл әдіс әлемде ең өнімді, шығыны аз және қоршаған ортаға әсер ету тұрғысынан ең таза әдіс ретінде танылған.
Зауыт цемент өндіруге шикізат ретінде жергілікті жерде өндірілген өнімді пайдаланады. Негізгі шикізат көзі әктас зауыттан қырық шақырым жердегі кен орнында өндіріледі және өндірісті шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.
Одан бөлек индустриалды аймақтың 5 гектарын алып жатқан «Шиелі Жолшы" ЖШС-ның асфальт зауыты және темір бетон зауыты да өнімді жұмыс жасауда. Оның құны 124 млн теңгені құраған. Сол секілді «Бопежанованың» әк зауыты, «КазСтрой Орда» ЖШС-ның жобалық құны 30 млн. теңгені құрайтын «Бетон зауытының құрылысы», «Абзал», «СК Ризалит», «PRAIDE LTD» өндіріс орындарының құрылыс материялдарын өндіру цехтары биыл іске қосылды. Қалған 11 жоба алдағы төртжылдықтың еншісінде.
Г.ЯХИЯ