Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аймақ басшысы аудандық емханаға барып, ауданның коронавирус инфекциясына қарсы күрес шараларымен танысты.

Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлеріне пандемия уақытында босаңсуға болмайтынын айтып, індетті ауыздықтауға бағытталған шараларды күшейтуді жүктеді.

“Соңғы уақытта Covid-19 вирусы бүкіл әлемде қайта өршіп, адам өміріне үлкен қауіп төндіруде. Біздің аймақ та жақында «Сары аймаққа» енді. Сондықтан біз індетке қарсы жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Тұрғындарға сақтық шаралары мен вакцинация туралы ақпараттарды кеңінен таратып, оларға вирустың қауіпті екенін әлде де түсіндіруіміз керек. Әлем ғалымдары коронавирусты жеңудің жалғыз жолы екпе екенін мойындап отыр. Сол себепті, халықтың екпеге деген оң көзқарасын тезе арада қалыптастыру міндеті тұр”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мұнан соң өңір басшысы Жосалы кентіндегі Абай көшесі мен орталық алаңдағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жалпы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 3 млрд. теңге қаржы көлемінде 40 жоба іске асырылған. Кент келбетіне түнгі уақытта көрік беру мақсатында орталық алаңдағы коллонада мен 6 дана аркаларға жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

Жұмыс сапар барысында облыс әкімі жоспардан тыс «Дәметкен ана» балалар оңалту орталығына барды. Оңалту орталығының басшысы Дина Исмаилова аймақ басшысынан мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұса Қалдарбековке тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Аудандағы кәсіпкерлік нысандар да аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Кенттегі сауда үйінің жұмысымен танысты.

Өткен жылдың басында басталған әлемдік індет көптеген кәсіпкерге қиындық келтіргені рас. Әсіресе, тойханалар жұмысын тоқтатып, кейбір кәсіптік нысандар бағытын өзге салаға бұрды. Жосалыдағы Ж.Бұқпанованың 300 орындық мейрамханасы да бүгінде балалар ойын-сауық кешеніне айналды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпкердің жұмысына оң бағасын беріп, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар жасалып жатқанын жеткізді.

“Қазіргі таңда пандемияның барлық салаға кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Қызмет көрсету орталықтарының көбі жұмысын тоқтатты. Біз осы саладағы кәсіпкерлерге кәсібін өзге бағытқа ауыстыру жөнінде ұсыныс жасадық. Бүгінде кәсіп иелері кафе мен тойханаларды өндірістік орындарға ауыстыруда. Мемлекет тарапынан да оларға қолайлы жағдайлар жасалды. Сондықтан, бұл шараларды өзге де кәсіпкелер түсінуі тиіс”, – деді облыс әкімі.

Сапары барысында аймақ басшысы Қармақшы ауылына да барды. Ондағы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеуден өткен №13 «Балбөбек» бөбекжайының жұмысымен танысты. Одан соң ауылдық округтегі №113 мектепте ауылдың тұрғындары және белсенді жастарымен кездесіп, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Сондай-ақ, өңір басшысы тұрғындармен коронавирус инфекциясынан сақтану, екпе салдыру мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудандағы жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерь құрылысын да назарға алды. Аталған нысанға 2021 жылға облыстық бюджеттен құрылысын аяқтауға қажетті 783, 3 млн. теңге қаржы бөлінген. Аймақ басшысы мердігер мекемеге жұмысты уақытында әрі сапалы жүргізу қажеттігін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: