Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бақтияр Ізбасаровпен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың өзге қызметке ауысуына байланысты жаңа жұмысына сәттілік тілеп, «Алғыс хатпен» марапаттады. Оның орнына тағайындалған Шәкір Кәрібаевқа аймақты газдандыру жұмысын одан әрі жандандыратынына сенім білдірді.

Кездесуде өңір басшысы «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бақтияр Ізбасаровқа 3 мәселеге назар аударуды сұрады.

«Бүгінгі таңда тұтынушылардың «ҚазТрансГаз Аймақ» алдындағы берешегі шамамен 1,5 млрд.теңгені құрайды, оларды жазғы кезеңде азайтқан абзал. Осы мәселені шешудің бірі ретінде газ үшін төлем жүйесін облыстың «Бірыңғай төлем құжатына» енгізу қажет деп есептеймін. Аймақтың коммуналдық меншігінде жалпы құны 17 млрд. теңгеге 28 жоба бойынша газбен жабдықтау объектілері бар. Алдағы уақытта объектіні пайдаланушы ұйымның балансына беруді уақтылы ұйымдастыру қажет. Биылғы жылы Жосалы мен Жалағаш кенттерін газға қосамыз. Осы жұмыстардың мерзімінінде жүйелі орындалуына бірге атсалысайық», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы айтқан мәселелерге қатысты «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бақтияр Ізбасаров алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді.

«Сіз айтқан мәселелердің барлығы Қызылорда өңірі үшін аса маңызды екенін түсінеміз. Алғашқы мәселені Шәкір Болатұлы қолға алып, газ үшін төлем жүйесін облыстың «Бірыңғай төлем құжатына» енгізуге күш салады. Сіздермен ынтымақтаса отырып, қалған екі мәселенің де жедел шешілуіне барынша қолдау көрсететін боламыз», – деді «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бақтияр Ізбасаров.

Тағы да оқыңыз: