Kyzylorda-news.kz «Жарық» бастауыш партия ұйымына қарасты «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамы, «Құмкөл» кенішінде геология қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті. 
Алдымен мекеме ұжымы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы, партияның «TazaLike» жобасы аясында тал отырғызу акциясына қатысты. 
Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұсаева Гүлшат Исақызы, «Оңтүстік қазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» Қызылорда өңірлік инспекциясының басшысы Асқар Еркін Асқарұлы, «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының Оңтүстік өңіраралық басқармасы» басшысының орынбасары Рахманбаев Қуаныш Өтепбергенұлы арнайы келіп, құттықтауларын жеткізді. 
- Құрметті геология саласының қызметкерлері, сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. 
Биылғы жыл басы елімізде табиғи апат салдарынан біршама аймақтар су астында қалды. Осындай қиын сәтте бірлік танытып, Дәурен Тұрғанбайұлы бастаған «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамының ұжымы партиямен бірлесе отырып Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн. теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін жіберді. 
Қиындықта қалған аймақтардың тұрғындарына жәрдемдесу ниетін танытқан баршаңызға Алғыс білдіремін,-деді партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Исақызы. 
Шара барысында еліміздің геология саласын дамытуға қосқас үлесі үшін мекеме қызметкерлері, ардагер мұнайшылар Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ведомоствалық наградаларымен, атап айтқанда: Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Алғыс» хатымен, министрліктің «Құрмет» грамотасымен, Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.

Тағы да оқыңыз: