Kyzylorda-news.kz «Қыс қатты – соғым тәтті» дегендей, күн салқандай түскен сәттен соғымның кезегі қиындай түседі. Амал не?! «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді»...Ал сіз бүгінгі ет бағасының көрсеңіз, талып қалудың сәл-ақ алдында боласыз. Жаз алдында 2000-2200 теңге аралығында жылқы еті, 3000-ның үстіне шыққан. Әрине, табысты шаңыраққа түк болмауы мүмкін, алайда қарапайым отбасының қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Өнім туралы айтайықшы, ет – халықтың күнделікті рационында маңызды азық-түлік болып табылады. Сондықтан сұраныс тұрақты. Алайда халық ет бағасының күрт көтерілуіне алаңдаулы. Өнімнің нарықта өсуі тек жеке тұтынушыға әсер етіп қалмайды — отбасылық бюджетке, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірлік экономикаға ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы ет бағасының өсуін талдау өте маңызды.
Халық арасындағы еттің сұранысында сұрап көрдік. Әрине көпшілігі нарыққа көңілі толмайды. Соның бірі - қала тұрғыны Жадыра Баймұрат. Ол соңғы уақытта ет өнімдерінің қымбаттауынан шектік мөлшерде ғана алуға мәжбүр екенін жеткізді.
- Біз өткен жылдары 1 немесе 2 жілікке дейін алатынбыз. Ол кезде баға білінбейтін. Ал бүгінгі сөреге көз жүгіртіңізші, адам шошиды. Қазіргі таңда әрі кетсе 10-15кг алып, қанағат тұтамыз. Қалтамыздағының қауқары соған ғана жетеді, - дейді.
Баға қалай өсті?
Қазақстанда ет бағасының соңғы жылдары өсу үрдісі анық байқалады. Оған басты себеп – көрші Өзбекстан елінің сұранысы дейді бас сарапшылар. Ұлттық статистика бюросында цифрлар былай дейді: 2025 жылғы маусымда еттің және ет өнімдерінің бағасы бір айда 1,2 %-ға, ал бір жылда 11,3 %-ға өскен. Сиыр еті-және қой еті ең қатты өсім көрсетті. Сиыр еті жылдық база бойынша 16,9 %-ға, қой еті 16,1 %-ға қымбаттаған. Ал өзбек ағайындардың палауының бітпей тұрғаны осыдан дейді кей сарапшылар. Ашығын айтқандай, 2025 жылдың маусымына қарай ет өнімдерінің бағасы азық-түлік ішіндегі жалпы бағалар өсімінің маңызды бөлігі болды. «Ет және ет өнімдері» тобы бойынша 2025 жылғы сәуірде бір жылда 9,1 % өсім тіркелген. Өңірлер бойынша баға өсімі әркелкі. Мысалы, бағаның ең көп өскені – Ұлытау облысы 18 %-ға және Ақмола облысы 16,7 %-ға дейін барған.

Себепке сылтау табылады
Ет бағасының өсуінің бірнеше маңызды себебі бар. Алып - сатарлардың әдетке айналдырған сөзі–азық және жем бағасының өсуі. ҚР-да мал шаруашылығында жем, азықтандыру және малды күту шығындары артып келеді. Ал ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Бағлан Аймырзаев «Хабар24» телеарнасына берген сұқбатында ет бағасының өсуін алдымен электр энергиясының қымбаттауымен байланыстырады.
- Шаруадан шығатын еттің бағасы қазіргі таңда 2800, кей жерлерде 3 мыңға дейін жетеді. Былтырғы жылы бұл баға көрсеткіші 2,5 мың теңгені құраған болатын. 400 теңгеге өсім көріп отырмыз, оны біз жасыра алмаймыз. Оның өзіндік себептері бар, ішкі себептерін айтатын болсақ, бізде жалпы электр энергияға тарифтардың бәрі қымбаттағанын көріп отырмыз. ДТ дейміз, оның бағасы қаңтар айынан бастап еркін жіберілді. Барлығы түптің түбінде келеді де, өнімнің өзіндік құнына келіп тіреледі. Сыртқы факторлары көршілес елдерден үлкен сұраныс болды. Әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстан елдері.
Бұл өндірістік өзіндік құнды жоғарылатып, соңында бөлшек сатылым бағасына әсер етеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросы жалпы азық-түлік инфляциясының ішінде ет және ет өнімдері тобының өсімі 2025 жылы 9,1 %-ды құрағанын айтады. Ет өндірісінің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі де мәселе болуы мүмкін — егер жемші азықтар импортталатын болса, валюта курсының құбылмалылығы, жеткізу шығындары қосымша ықпал етеді. Одан кейін, өндіріс және логистика шығындарының артуы. Мал жеткізу, сойып өңдеу, тасымалдау, салқын тізбек сақтау жүйесі — барлығы қосымша шығындар болып табылады. Егер жанар-жағармай, электр қуаты немесе басқа шығындар өссе, соңында бұл бағаларға қосылады. Қазақстан деректерінде баға өсімінің өңірлерде әртүрлі екенін де осы факторлармен түсіндіруге болады — логистика мен инсфраструктура деңгейі әр өңірде әртүрлі. Әрине үшінші кезекте - сұраныстың жоғары болуы және ұсыныстың шектеулігі. Қазақстанда ет тұтыну көлемі салыстырмалы түрде жоғары, әрі халықтың рационында ет өнімдері маңызды орын алады. Баға өсімі болса да, сұраныс толықтай төмендеген жоқ. Мысалы, 2025 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққанда тұтыну көлемі 20,6 кг болған. Ойланып көріңіз, тұрғындар бағаның шарықтауы былай тұрсын, асқақтағанына да мән де бермейді. Сонымен қатар, жергілікті мал шаруашылығы мен ет өндіру өндірісінің барлық сұранысты жаба алмауы — ұсыныстың жеткіліксіздігін тудырып, бағаға қысым жасай алады. Соңғы сылтау - импорт пен сыртқы нарық факторлары туралы тарқатсақ. Қазақстанда кейбір ет түрлері немесе мал азығы импортталады немесе шекаралық қозғалыстары бар. Мысалы, әлемдік бағалардың өсуі, экспорт және импорт шектеулері бағаны көтеруге себеп болуы мүмкін. Әлемдік сиыр еті бағалары бойынша Қазақстанның бағасы төмен болып тұр деген дерек бар, бірақ бұл «арзан» дегеннен гөрі ішкі тапшылық пен шикізатқа тәуелділікті білдіруі мүмкін. Ал елдегі сатушыларға салсаң «Доллар жаңа ғана өсті» деп бел ұстап, тұрып алатындары да бар...
Нарық қымбаттағанымен, сұраныс үзілмей тұр...
Ет бағасының өсуі тұтынушылар үшін айтарлықтай әсер етеді және нарықта келесі тенденциялар байқалады. Жоғарыда айта өткендей, баға өскен сайын кейбір отбасылар меншік бюджеттерінен үнемдеуге көшуі мүмкін — орташа немесе төмен табысты отбасылар етті аздау мөлшерде сатып алуға мәжбүр болуы ықтимал. Сонымен қатар, аймақтық айырмашылықтар да бар. Баға өсімі өңірге, мал-жайға, өнім түріне байланысты әркелкі. Мысалы, соңғы жылда Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында баға өсімі жоғары болған. Сапалы ет бөлшектері қымбаттауымен қатар, қолжетімді санаттағы етке сұраныс артуы мүмкін — бұл нарықта әртүрлі баға санаттарын қалыптастырады. Сонымен бірге, баға өсуі инфляциямен, азық-түлік бюджетіндегі үлестің өзгеруімен тығыз байланысты. Мысалы, жалпы инфляция 2025 жылы маусымда 11,8 % деңгейінде болды. Әрине бұл мәліметті бізге Ұлттық статистика бюросы бөлісуде.
Ет бағасының өсуі бірнеше жағынан әсер етуі мүмкін. Оны да ұмыт қалдырмағанымыз жөн... Алдымен отбасылық бюджетке әсері. Ет – тағамда маңызды рөл атқарады, оның бағасы өссе, отбасылар ақшаны басқа азық-түлікке бағыттауға мәжбүр болуы мүмкін. Әсіресе табысы төмен топтар үшін бұл ауыр тиуі мүмкін.
Ал ет сататын саудагерлер не дейді? Оны да зерттеп көрдік. Шаһар орталығында орналасқан «Сұлтан» сауда үйінде ет өнімдерінің саудасы тұрақты. Бұл дүкенде етке сұраныс үзілген емес. Мен барған уақытпен есептегенде, 1 сағаттың ішінде 100-ге жуық тұрғын сауда жасады. Бос сөмке шыққан емес. Келгеннің бәрі қанағаттанарлық дегенде, өз мақсатына жетуде. Осы салада 20 жылдан жүрген Рабиға апай сауда бұл - берекелі орта дейді.
- Қызық... Артқа көзге жүгіртіп қарасам, килограмм етті 500-ден сатып бастаған екенмін. Кейін ақырындап баға өсті. Оған түрлі себеп бар... Біз келген тұтынушыны бос қайтармауға тырысамыз. Мейлінше, келісіп, ортақ шешім қабылдаймыз. Бастысы ол да мен де дән риза. Сауда деген осы. Ата-бабамыз «Саудада береке бар» осыдан болар. Қазіргі таңда сөредегі еттердің бағасы 3000 кем емес. Барлығының бала-шағасы, маңдай тері, одан қалды қосымша шығындары бар, соның барлығы бүге-шегесіне дейін есептелген. Бұл бағалар айдан алынбаған,- деп жауап қатты.
Түйін. Қазақстанда ет бағасының өсуі — көпфакторлы үрдіс. Жем мен азық базасының тапшылығы, өндірістік шығындардың артуы, жоғары сұраныс, сондай-ақ импорт-экспорт жағдайлары маңызды рөл атқарған. Одан қалды, шаруалардың да еңбегі бұрынғыдай емес, бағасы өскен.
Қорытындылай келе, жемдік және азық-қор базасын нығайту, яғни мал шаруашылығы үшін ішкі өндірісті дамыту арқылы алдымен жем мен азық бағасын тұрақтандыру. Сондай-ақ, алып-сатар саудагерлердің бағасына бақылауды күшейту. Жергілікті ет өндірушілерді мемлекеттік қолдау арқылы — субсидия, несие немесе инвестициялық бағдарламалар арқылы өндірісті кеңейту. Тұтынушы топтарын қорғау — әсіресе аз табысты отбасылар үшін қолжетімді ет өнімдерінің санатын қалыптастыру. Әлеуметтік бұрыштардағы ет өнімдеріне бақылауды жалғастыру және өңірлер бойынша баға мониторингін күшейту, баға ауытқуларын жылдамырақ анықтау арқылы ет өнімдерін халық қолайлы әрі тұрақты бағада тұтына алады.
Айдос МЫРЗАЛЫ
