Бүгін - халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Бұл атаулы дата алғаш рет ЮНЕСКО жанында құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мақсатында 1984 жылдан бастап белгіленген болатын. Бүгінде Сыр өлкесінде барлығы 567 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Ал 280 ескерткіш тарихи-мәдени мұра негізінде тізімге енгізіліп отыр. Атаулы күнге орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көшпелі брифинг өтіп, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөнінде КММ-нің басшысы Ерқазы Алданазаров БАҚ өкілдеріне құнды мұралар туралы толық айтып берді.

– Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірі ежелден тарихи мұраларға, құнды жәдігерлерге бай өлке. Осыған орай, биыл облыс әкімінің қолдауымен аймақтағы мәдени ескерткіштерді және тарихи нысандарды, өркениет ошақтарын зерттеу бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдірді. Мәселен, биыл ежелгі өркениет ошағы саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Жанкент қалашығына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Құрайлы асар қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, биыл республикалық бюджет есебінен облыстағы бірқатар ескерткіштерге атап айтқанда, Сығанақ, Алтынасар қалашықтары, Сырлытам, Асан ата, Оқшы ата, Қожан қожа кесенелері, Ғанибай мешіті, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне реставрациялық жұмыстар жүргізілмек. Ал аудандық бюджеттен Қыш ата, Ғайып ата кесенелері қайта жаңғыртылады. Халықаралық ескерткіштер күніне орай өңірде 18-19 сәуір күндері мәдениет және өнер мекемелері, облыстық музейлер, архивтер мен кітапханаларда тақырыптық көрмелер, экскурсиялар және мәдени танымдық шаралар ұйымдастырылады, - деді Ерқазы Жарылқасынұлы.

Көшпелі брифингтен кейін “Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және қорғаудың өзекті мәселелері” тақырыбындағы конференция өтті.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: