Kyzylorda-news.kz   Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Көктемнің көңілге шаттық ұялатар бұл мерекесін қазақ халқы "ұлы іс, қысқаша ұлыс" атаған. "Ұлыстың ұлы күні" тіркесі де осыдан шықса керек. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде алты қанат қар үй тігіліп, қазан ішінде наурыз көже қыж-быж қайнап, ерекше аталып өтеді. Жақында наурыз мерекесі әрбір балғынға салт-дәстүр мен білімді ұштастыра отырып, тәлім берген №266 мектеп-лицейде кең көлемде тойланды.

Әсем шараның шымылдығын мектеп шәкірттері "Ерке сылқым" күйімен ашты. Мұнан соң, мектеп ауласындағы әз-Наурыз мерекесінің ашылу салтанатына қатысқан Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов сөз сөйлеп, жиналған жұртты жаңа жылмен құттықтады.

– Наурыз – ұлыстың ұлы күні, тіршілік атаулы жанданып, жер дүние жаңаратын кезең. Барша түркі халқы асыға күтіп, тойлайтын ұлы мереке. Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниет, ақжарма тілекпен қарсы алған. Ендеше, осындай керемет мерекенің куәсі болып отырған барлығыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын.

Бүгінгідей, бір іске жұмылып, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үлкенді-кішілі болып насихаттауларыңыз ұжымның ауызбірлігінің биіктігін аңғартса керек. Ұстаздар мен оқушылар арасындағы мұндай тандем, көңіл биігіндегі үйлесімділік сіздерді білім бәйгесінде болсын, басқа да, байрақты додаларда асықтарыңызды алшысынан түсіретіні даусыз. Ендеше, жыл сайын осындай көтеріңкі көңіл күйде дендеріңіз сау, жан-жақтарыңыз түгел Наурыз мерекесіне аман-есен жете беріңіздер, – деді Әділхан Оңдасынұлы.

Бұдан кейін, мектеп шәкірттері ұлттық ойын түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Наурыз мерекесіне жиылған ата-ана, ұстаздар лицей ауласында батыр, би бабалардың атымен аталған алты бірдей шаңыраққа бас сұғып, ондағы қазақы қонақжайлылыққа тәнті болды.

Мәселен, «Жанқожа батыр» этно-ауылында меймандар теріден, жүннен жасалған ұлттық заттарға куә болып, ұннан жасалған ұлттық тағамнан дәм татса, «Жалаңтөс батыр» шатырында ұлттық тұрмыстық заттармен танысып, сүттен жасалған ауқаттан алдырды.

Ал, бірлестік ұжымдары әзірлеген «Ақтан батыр», «Әйтеке би», «Үрмаш Түктібаев», «Ғани Мұратбаев» этно-ауылдарында өнерпаздар көпшілікті тәнті етті.

Бұдан бөлек, мектеп ауласында ата-ана, мұғалімдер арасында күбі пісу, ұлттық ойын, сөз шеберлігінен сайыстар өтті. Ақ жаулықты әжелер қазылығымен өткен сайыс нәтижесінде, "Ең үздік күбі пісуші" бағамын аналар мектебінің мүшесі Баян Матығұлова иемденді. Ал, "Ең үздік ойыншы" бағамы Гүлнар Жалбыроваға бұйырса, "Үздік сөз шеберін" Ғалия Ахметова алды. Тағы "Ең белсенді қатысушы" бағамын Марина Аманжолға табыстады. Мерекелік шара соңы әсем ән мен тәтті күйге ұласты. 

Тағы да оқыңыз: