Kyzylorda-news.kz  Тереңөзек кентінен қосымша ашылған 2 гектар жердің екі тақтасына картоп егіп, мол өнім алған отбасылар жеткілікті. Атыз басынан табылған  Мәди Раймов та сол отбасылардың қатарында болып, ала жаздай бақша, көкөніс өнімдерін егіп, оны күтіп-баптап, азаматқа тән еңбекқорлығымен танылған болатын. Еңбекқор осы жылы да егін егуге ынта танытып отырған жайы бар.

– Біз өзі сөзге жоқпыз, істің адамымыз, – деп бастаған еді Мәди бізбен әңгімесін. Сырт көзге жауырынды жігіттің епті екені көрініп-ақ тұр екен. Құдды еңбек адамының бейнесі дерсіз. Мәди өзін төрт баланың әкесімін деп таныстырған болатын. Қазір төрт баласы барлар көпбалалы отбасы болып саналатындығы белгілі. Баланың аз немесе көптігі азаматтың еңбек етуіне тікелей байланысты болмаса да отбасының ырысын Жер-Анадан терген жігітағасының талабына сүйсіндік.

– Аллаға шүкір, былтыр екі тақтаға картоп егіп, 30 қаптай өнім алған едім. Оны өзіміз тамаққа тұтына білдік. Қалғанын етжақын ағайынға кеусен ретінде үлестіре білдік. Артылғанын саттық. Әйтеуір еңбегіміз еш кеткен жоқ. Жергілікті әкімдікке рақмет. Олар бізге жер ашып беруге, су жеткізуге көп көмектесті. Бағдат Жақсылықұлымен сөйлессем, бұл іс биыл да жалғасады екен. Кетпен-күрегімізді дайындап, күннің жылынғанын күтіп отырмыз, – дейді Мәди Раймов.

Еңбексүйгіш азаматпен әңгімелесу барысында іске де епті, сөзге де шешен екенін аңғардық. Жылы жымиып алып әріден сөз бастағанда нағыз дала қазағына ұқсайды. Айтуынша, мал шаруашылығымен де айналысады екен. Одан бөлек аң аулауға да құмар екенін айтты.

– Төле биден «Азаматтың жақсысы қайсы?» деп сұрағанда, көпті көрген көреген би бабамыз «Адал еңбекті ту еткені» деп жауап беріпті. Еңбек ету – ырысты, берекені арттырады. Сондықтан масылдыққа бой алдырмау керек. Ерте тұрып, кеш жатқаннан жаман болған адамды көргенім жоқ, – деп аяқтады еңбексүйгіш азамат өз пікірін. 

 

 

Тағы да оқыңыз: