Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қазалы аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудан аумағындағы Сырдария өзенінің бойындағы ахуалды бақылады. Сақтансаң, сақтаймын деген қағиданы естен шығармау басты парызы санаған аудан басшысы ең алдымен, «Ә.Тыныбаев» атындағы Қазалы су торабына барды. Онда тиісті сала мамандарымен су деңгейінің жай-күйін саралады. «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің бастығы Нұрлан Әбілдаев аудан әкіміне өзен бойындағы қорғаныс бекеттерінің жай-күйі мен Сырдария өзені арқылы жоғары жақтан келетін мұзды аудан аумағынан қауіпсіз өткізіп жіберу бағытындағы жұмыстар жайында баяндады.
Мұнан соң аудан әкімі өзен бойындағы қауіпті саналатын аймақтың бірі – «Сартоғай» иініне барып, ондағы су деңгейін көрді.
Мейрамбек Зинабдинұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы мен қауіпті аймақтарда орналасқан ауылдық округ әкімдеріне су деңгейін қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Аудан әкімі жоғары жақтан келетін мұздың кедергісіз қозғалысын және ауыл-аймақтарға қауіп төндірмеуін күндіз-түні айрықша қадағалауды тапсырды.
Бүгінгі таңда Сырдария өзені арқылы жоғары жақтан келетін мұзды аудан аумағынан қауіпсіз өткізіп жіберуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзені бойындағы қауіпті учаскелерге тәулік бойы ахуалды бақылауда ұстайтын кезекшіліктер ұйымдастырылып, табиғаттың тосын сыйына дайын болуға барынша жағдай жасалған.
Сарыкөл, Бірлік ауылдық округтері аумағында Сырдария өзені арқылы жол қатынасы үшін қойылған екі қалқымалы көпір мұз жүруіне байланысты уақытша алынған.